Ж.ТҮЙМЕБАЕВ: «SAFARI SHARDARA» СЫНДЫ ЖОБАЛАР ДӘСТҮРЛІ ШАРАҒА АЙНАЛУЫ ТИІС
Шардара ауданына өткен халықаралық «SAFARI SHARDARA» шарасында спорттық сайыстар мен концерттік бағдарламалар қатар ұйымдастырылды. Фестивальде алғаш болып сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев айтулы шараның өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етіп, сайысқа қатысушылар мен қонақтарды құттықтады.
«Елбасымыз «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет» деп атап өткендей, болашақта Қазақстанда туризм өңірлік ғана емес, жаһандық сипат алуы керек. Еліміздегі туризмнің өркендеуі үшін тарихи және туристік орындарымызды лайықты дамыта білсек, мемлекеттік бюджет толығып, әлеуметтің әл-ауқаты көтеріледі. Бүгін басталған «Safari Shardara» фестивалі — көрші елдерге Қызылқұм мен Шардара суқоймасының жағалауы сынды жауһарларымызды танытатын шара болмақ. Сондай-ақ, біз осы іс-шара арқылы шағалалы Шардарада желкенді қайық спорты мен ат пен түйе жарыс, құсбегілік сынды ұлттық спорт түрлері мен өзге де ата кәсіптерімізді жаңғыртуды көздеп отырмыз. Мұның барлығы өңірдегі туризмді дамытып, бизнес аxуалды көтеруге бағытталған», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сонымен қатар, облыс басшысы өңірде бұған дейін Түлкібас ауданында өткен “Қызғалдақ”, Бәйдібектегі “Қымызмұрындық”, Жетісайдағы “Қауынфест” фестивальдарының маңыздылығына тоқталды.
«Ауқымды іс-шаралар арқылы ауданның болашағы үшін маңызды брендтерін елге әйгілі етуді мақсат тұттық. Биыл игі бастамаларды бастап бердік, енді іскер жігіттер, жергілікті кәсіпкерлер, ауданның атпал азаматтары осы ойларды жалғастырып әкетіп, ары қарай дәстүрлі шараға айналдыруы тиіс»,- деді Жансейіт Түймебаев.
Шара аясында облыс әкімі сайыста үздік болған бірқатар спортшыларды марапаттап, сый-сыяпат жасады. Кейін фестиваль «джип» көліктерінің жарысымен жалғасып, құмда композициялық ROCK RACING шоуы көрсетілді. Дүбірлі жарыс түйелер сайысымен қыза түсті. Онда 15 түйеші бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. Айтулы шараға келген қонақтар одан соң саятшылардың халықаралық жарысына куә болды.
Түркістан өңірінің туристік әлеуетін арттыруға арналған халықаралық шара концерттік бағдарламамен аяқталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі