Ж.ТҮЙМЕБАЕВ: СОЗАҚ – ТАРИХҚА ТҰНҒАН ТАЛАНТТАР МЕКЕНІ

Созақ ауданының 90 жылдығына орай Шолаққорған ауылы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Созақ-жыр, Созақ-сөз, Созақ-өнер» атты ғылыми тәжірибелік конференция өтті. Айтулы жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Созақ өңірінің қазақ тарихындағы рөліне тоқталып, өңір тұрғындарын ауданның мерейтойымен құттықтады.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, таңы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атаулының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Оның бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», — деп атап көрсеткен болатын. Түркістан облысында нағыз қасиетті де киелі жерлер көп. Соның бірі де бірегейі, әулиелі, киелі, шертпе күйдің отаны болған — Созақ ауданы.  Тектi топырақ  Созақ ұлттық әдебиетiмiздiң сирек дарын иесi Тәкен мен Сәуiрбектi, Асқар мен Төлеген, Бәтималарды өмiрге алып келдi. Теріскейдің аяулы перзенті Асқар Сүлейменовше айтсақ, «Созақ дария…Созақ қария… Созақ мінез» дегені осында болса керек. Бүгінде Созақ ауданы өндірісі өрлеген, шаруашылығы шалқыған облыстағы көш бастаушы аудандардың біріне айналған. Бүгінгі атап өткен мерейлі той — жаңа жетістіктің, теріскейдегі тың табыстардың бастауы болсын», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Ғылыми жиында 1985-1991 жылдары Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Д.Шерімқұлов, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Созақ ауданында тұңғыш  әкімі болып қызмет атқарған Ә.Омбаев, 1994-1999 жылдары Созақ ауданының әкімі болып қызмет атқарған Қ,Айтаханов сынды азаматтар құттықтау сөздерін  арнап, өңірдің тарихынан сыр шертті.

Созақ ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған конференцияда ауданның өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Грамотасымен және Алғыс хатымен марапаталды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі