Ж.Түймебаев университет түлектерінТүркістанға жұмысқа шақырды  

 Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласында жоғары оқу орындарын бітірішуі түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті. Мерекелік жиында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі барлық жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне салтанатты түрде диплом тапсырып, оларды Түркістан қаласында жұмыс істеуге шақырды. Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы болуына орай 300 жас маманға «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмыс ұсынылып отыр. Оған облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді.

      «Биыл өңіріміздегі 12 жоғары, 94 орта арнаулы оқу орындарын 36 мыңнан астам студент бітіріп, жас маман атанып отыр.Облысымыз жаңа атауға ие болып Түркістан облысы құрылды. Құрылып жатқан аумақтарды дамыту үшін нақты іс-шаралардың жол картасын әзірленіп, Түркістанда жаңа әкімшілік ғимараттары мен тұрғын үйлер салынады. Жаңарған Түркістан облысының болашағы, дамуы, өркендеуі Сіздердің қолдарыңызда.Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Түркістан облысының дамуына өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Сіздер сияқты жас, болашағынан көп үміт күттіретін мамандар бізге қажет.  Бүгінгі күні облысымызда «жастар практикасы» бойынша 3516 жас,«дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша  598 жас маман жұмыс істейді. Сіздерге де дәл осы бағдарламалар бойынша жұмысқа орналасып, жұмыс істеуге мүмкіндік бар.Осыған орай, баршаңызды өздеріңізге берілген мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, Түркістан қаласына келіп, жастар практикасынан өтіп, мемлекеттік органдардың конкурстарына қатысуға шақырамын. Әрбір жас маманның өзінің біліктілігіне  сәйкес жұмысқа орналасуы менің жеке бақылауымда болатындығын назарларыңызға жеткіземін. Сапарларыңыз сәтті, армандарыңыз асқақ, мұраттарыңыз баянды болсын» деді Жансейіт Түймебаев.

 

Биыл облыстағы 12 жоғары оқу орнын 15 мыңнан астам түлек тәмамдады. Олар 58 факультетте 481 мамандық  бойынша білім алды. Солардың арасында 895 студент сабақты жақсы оқып, үздік диплом иегері атанды. Үздік дипломға бітірушілер саны былтырғы оқу жылымен салыстырғанда көбейген.

Сонымен қатар, облыстағы 94 колледжде 109 мамандық бойынша  74176 студент білім алады (оның ішінде 43 мемлекеттік колледжде 38701студент, 51 жекеменшік колледжде 35475 студент). Олардың мемлекеттік тапсырыспен оқитыны — 34592, яғни,46,66 пайызды құрайды. Биыл колледждерді 96 мамандық бойынша 21249 студент бітіріп, еліміздің экономикасын өркендетуге үлестерін қоспақ.Колледждерді бітіруші түлектердің соңғы үш жылда жұмыспен қамтылу көрсеткіші 2015 жылы — 88,6 пайызды, 2016 жылы 86,2 пайызды құраса, 2017 жылы 80,7 пайызды құрады.

Салтанатты диплом табыстау рәсіміне  халықаралық, республикалық, облыстық  деңгейдегі білім, ғылым, мәдениет пен спорт саласындағы байқаулар мен жарыстарда ерекшеленіп, оқу үлгерімі «өте жақсы» деген GPA балы кемінде 3.67-ден төмен емес үздік 300 түлек марапатталды. Бітіруші түлектер арнайы қызыл кілемшемен  жүріп өтіп, арнайы диплом мен төсбелгіге ие болды.

Салтанатты кеште облыс әкімімен қатар облыстық маслихаттың депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ЖОО басшылары, меценаттар мен кәсіпкерлер деқатысып, үздік түлектерге диплом тапсырды.  Жас мамандардың елге адал қызмет етіп, биіктерден көрінетініне сенім білдірді.

Облыс әкімдігіне қарасты «Жастар ресурстық орталығы»  ұйымдастырған іс-шара Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналды.Мерекелік бағдарламада облысқа және елімізге танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Іс-шара соңы отшашумен аяқталды.

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі