«Жаңа экономикалық саясатың тарихи тағылымы»

Тарихи оқиғалардың, үздіксіз даму диалектикасындағы үрдістердің қайталану, жаңғыру сатысынан өтетіндігінің заңдылықтары бар екендігі белгілі. XXI ғасырдың басында әлемнің бейнесі сапалық жағынан мүлдем өзгерді. Қазақстан мемлекеті де нарықтық қатынастар барысында осы өзгерістерден шет қала алмады.

Қазіргі кезеңнің ауыр сынағы бүкіл Еуропа мен Американы, Шығыс елдері мен Орталық Азия және Африканы, сонымен қатар, басқа да ұсақ халықтар мен ұлттарды толығымен қамтуда. Бұндай бүкіләлемдік дағдарыс барысында, оны шешудің тиімді жолдары іздестіріліп, реформалық шаралар да қабылдануда. Тарихқа жүгінсек, Кеңес үкіметінің 1921 жылы, елді жайлаған ашаршылық пен азамат соғысы барысында құлдыраған щаруашылықты, күйзелген елдің әл-ауқатын көтеру мен дағдарыстан шығу ретінде қабылдаған «Жаңа экономикалық саясаты» қанша дегенмен сол кезең үшін тиімді болды. Ал, сол кезеңдегі ірі державалардың бірі, территориясында ешбір қиян-кескі соғыстар мен ірі қақтығыстар болмаған, өнімді экономикасына зиян тигізер қауіп жоқ делінген Америка құрама штаттары да, дүниежүзілік дағдарыс қыспағынан құтыла алмай, 30-шы жылдары Т.Рузвельт «Жаңа бағыт» реформасы арқылы оның зардаптарын неғұрлым әлсіретуге күш жұмсаған еді. Мұндай мысалдарды көптен келтіруге болады. Сондықтан да, Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаев күн тәртібіне стратегиялық маңызы бар, әлемдік дағдарыстың алдын алу мәселесін қойып отыр. Бұл оның «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламалық жолдауында: «Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен халыққаарналған жаңа Жолдауымды осыған арнаймын. Ол контрциклды сипатқа ие болады және біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады», — деп нақты берілген.
Ел басшының айтып отырған сын-қатерлері ең алдымен Қазақстанның бүкіл әлемдік жаһандану үрдісіне тартылуынан туындап отыр еді.
Бұның ішінде капитал мен сауда тасқынының артқандығы соншалық, оның нарықтық қатынастардағы тиімді жақтарымен қатар, бақылаудан щығып кететін зиянды жақтары да көрініс беріп, бүкіләлемдік дағдарысқа ұрындырып отырғанын көріп отырмыз.
Қазіргі күнде капитализмді дағдарыстың синонимі делініп жүр, өйткені ол өзі туындатқан дағдарыстан нәр алады деуге болады.
Н.Ә.Назарбаев бұл туралы: «Бүгінде бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ», деп көрсете отырып, бұл кезең үлкен сынақтарға толы және одан барлық елдер лайықты түрде өте алмауы мүмкін. «Бұл шектен тек мықты мемлекеттер жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады» – дей келе, «Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз», — деп үкімет алдына нақты міндеттер қойды.
Үлкен қаражат банк секторын сауықтыруға, жаңа инвестициялар тарту үшін, аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымының кешенді құрылысына бөлу қажет болып отыр. Осындай салаларға қаржы құя отырып, кешенді өзгерістер арқылы ел экономикасын түбегейлі жаңғыртқан кезде ғана дағдарыстың алдын алатынымыз айқын.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тіршіліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолмен өзара тығыс байланысуы керек. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай алысты жақын ету — бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ» — деп атап көрсеткендей, басты көңіл көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бөлінбек.
Мыңдаған жылдар бойы бүкіл Еуразия халықтарын ең тиімді түрде байланыстырған, сауда қатынастарының дамуына зор ықпал еткен Ұлы Жібек жолының бұрын соңды болмаған ауқымдағы жандануы, осы Жаңа экономикалық саясаттың басты бағдарламаларының бірі деуге болады.Оның негізгі бағыттары мен аса зор маңызы, тиімділігі Жолдауда жан-жақты камтылған.
Басты міндеттер қатарына энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік инфрақұрылым салаларын дамыту жатады.
Әрине, Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы «Жаңа экономикалық саясаттың» ауқымы да мазмұны да мүлдем басқаша. Бұл бағдарламалық маңызды жолдауда әлемді жайлаған дағдарыс дертінің салдарымен күресу емес, оның алдын алу мәселесі қойылған. Тағы бір ерекшелігі, Қазақстан экономикасы үнемі даму үстінде және де сын-сағаттардың алдын ала ойластыралған, капиталдың қорлануы жүзеге асырылған болатын. Елбасы өзінің «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасында дамудың тетігі адам факторы екендігін, сондықтан ел ішіндегі тұрақтылық, татулық пен ауызбірлік тәуелсіздігіміздің кепілі дегенді баса айтқан болатын. Бұл пікірдің тарихи шындығын Украинадағы жағдайдың өзі көрсетіп отыр. Әлемдегі болып жатқан катаклизмдерге, ланкестік, ірілі-ұсақты қарулы қақтығыстарға, тіпті экономикалық-қаржылық дағдырыстарға да алып келетін дәл осы адам қолымен жасалған жасандылық, яғни санадағы дағдарыс демей тұра алмаймыз.
Сонымен, нақты көрсеткіштерге негізделген дағдарыстың алдын алудың, одан шығудың мақсат-міндеттері қойылды.
Біздің міндетіміз «жұмыла көтерген жүк жеңіл болады» демекші, бүкіл халық болып, осы міндеттерді атқарып, аяғына дейін жеткізу.

Еразақ Тлеубергенов, 
Заң ғылымының кандидаты, доцент