Жаңа сайланған президент халқының алдында адал болуға Құран ұстап, ант берсін!

Біз, желтоқсандықтар 1986 жылы жанымызды шүберекке түйіп, қар жастанып, мұз түкіріп, қанымызды судай шашып алаңға неге шықтық, болашақ президент мырза? Біз осы мәлімдемені еріккеннен жазып отырғанымыз жоқ. Еліміздің, Қазақстанымыздың жағдайы қазір дабыл қағарлықтай өте қиын да ауыр жағдайда болған соң ғана өз үнімізді білдіруге, жеткізуге ұйғардық.

1. Ең алдымен тәуелсіздігімізді, еркіндігімізді аңсап, армандап алаңға шықтық.
2. Біз құдайсыз мемлекетте туып, өстік. Бірақ шүкір, бір Алламыз ұлттық рухымызды, намысымызды біржолата өлтірмепті. Осы рухымыз, намысымыз сүйреп алаңға шығарды. Ата-бабамыз ондаған ғасыр бойына ұрпақтан-ұрпаққа көзінің қарашығындай сақтап, беріп келген асыл дінімізді іздедік.
3. Тіл — ұлттың жаны. Қазақ тіліміз ешкімге қажет болмай есік сыртында қалды. Тілі қырқылып, жер бетінен жойылуға айналған ұлт болашағы алаңдатты жастарды.
4. Пышақтың қырындай тарих кітабы бар қазақ мәңгүртке айналды. Өзінің өткенінен, тарихынан бейхабар ұлттың болашағы да жоқ еді.
5. Қазақ жерінің бар байлығы Мәскеуге жіберіліп жатты. Жергілікті ұлт өкілдерін қалаға, астанаға тіркеуге қоймай ауылға аттандырып отырды. Қазақ мектептері жабылды.
6. Ең соңғы үміті те күйреп, қазақ еліне басшы етіп орыс өкілін әкеп қоюы жастарды ызаландырып, олар алаңға шеруге шықты.
Біз, сол кездегі жалын жастар өз миссиямызды тамаша атқарып шықтық. Әлем қазақ жастарының қаһармандығы арқылы Қазақстанды таныды. Тұншыққан КСРО елдері қазақ жастарының ерлігінен, қайсарлығынан рух алды. Құлдық бұғауларын үзді. Көтерілістерге шықты. Қызыл империяның шаңырағы шайқалды. Тәуелсіздук алдық. Ата-баба арманы орындалды.
Тәуелсіздік біздің елімізді түбегейлі өзгертті. Қазір қазақ елін бүкіл әлем біледі. Мемлекетіміз шетелдермен әрқилы салада тығыз қатынаста жұмыс істеп жатыр. Бүкіл санамыз, өміріміз, танымымыз, жағдайымыз өзгерді. Ел экономикасы алға басты. Бірақ кемшіліктер де бар. Біз бүгін осы мәлімдемемізде жаңа сайланатын президентке датымызды жеткізгіміз келеді.
1. Елімізді жемқорлық жайлады. «Балық басынан шіриді» дегендей бұл апатқа кінәлі билік. Жасанды миллиардерлер пайда болды. Жемқорлық ел экономикасын тұралатты. Бұған ант қабылдағаннан кейін жаңа президент бірден үзілді-кесілді тосқауыл қоюы тиіс. Президент антты Құран кітабын ұстап тұрып қабылдаған абзал.
2. Шетелдерге қарызымыз шаш етектен. Бір қазақстандыққа 10 мың доллардан! Масқара! Қазба байлықтардың қызығын халық емес, ат кекіліндей санаулы лауазымды адамдар ғана көріп жатыр. Әділдің салтанат құрып, байлығымыздың қызығын халық көруі керек.
3. Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғанмен қолданылу аясы өте тар болды. Халқымыз көбінесе орыс тілінде сөйлейді, билікте солай. Шетел компаниялары біздің тілімізді есігінен де сығалатпады. Орыстар басқа этностар, тіптен қазақтың өзі мемлекеттік тілді менсінбейді. Орыс, ағылшын тілдері балабақшада, мектепте алтыншы сыныпқа дейін оқытылмасын. Барлық пәндер жоғары сыныптарда да тек қазақ тілінде оқылсын! Билік өкілдері Президенттен бастап барлық жиналыстарда, шетелдіктермен кездескенде, шетелде жүргенде тек мемлекеттік тілде сөйлесін! Жекеменшік, мемлекеттік компанияларда іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізсін! «Мемлекеттік тіл» туралы жеке заң шығарылып, Қазақстанның азаматтығын алғандарға қазақ тілін білу міндеттелсін! Павлодар, Петропавловск сынды жат атаулардың орындарын қазақ атаулары алмастырылсын! Қазақтың аты-жөні «ұлы», «тегі» деп заңдастырылсын!
4. Біздің еліміз ғасырлар бойына Ислам дінінен нәр алып, бір Алламыз қолдап небір нәубеттерден, соғыстардан, алапаттардан аман-есен ХХI ғасырға жетті. Тәуелсіздігімізбен бірге төл дініміз келді. Бірақ 1992 жылғы шыққан Дін туралы заң өзге діни секталарға да жол ашты. Діни жағынан білімсіз, әлеуметтік жағынан кедей қазақ халқының бір бөлігін осы секталар алып кетті. (мыс: иегова сектасында 500 мың қазақ жүр). Бұл біздің тәуелсіздігімізге өте қауіпті 1997 жылғы заң да солқылдақ заң. Заң қатайтылып, секталардың жолы кесіліп, қазақ жерінен қуылсын!
5. Жер-ана халқымыздың ең асыл құндылықтарының бірі. Яғни оны шетелдіктерге сатуға да, жалға да беруге болмайды. Халық митингілерде осыны талап етті. Біз де соны талап етеміз!
6. Көршілеріміз алып қос мемлекет: Ресей мен Қытай. Ресеймен Еуразиялық одақтамыз. Қытаймен Шанхай келісіміндеміз. Олармен иығымыз тең тұрғыда қатынас жасап, тек көршілік ниетте ғана араласуымыз қажет. Қос алып көрші мемлекеттің басты мақсаты біздің жерімізді алу, иелену. Бұл айдай ақиқат. ЕурАзиялық одақ тиімсіздігін айқындады. Қытайға мұнайымызға дейін бердік. «Қытай күйеу балалар» көбейіп барады. Кәсіпорындарын әкеліп салып жатыр. Мұны тоқтатып, олармен алыстан сыйласқан жөн.
7. Біз көбеюіміз керек. Ол үшін аналарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту басты мәселе. Бір бала туған анаға 2 млн. теңгеден кем берілмегені жөн. Баспана алуда да бала санына қарап төлемін азайтып, ал төрт бала тапқанда қарызын түгелдей жойып жіберетін жағдай жасау керек. Әрбір қазақ отбасына мұнай және басқа да қазба байлықтарынан есебінен девидент төленуі тиіс.
8. Ұлттық идеология болмай қазақтың ұлттық рухын, намысын оята алмаймыз. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді мемлекеттік тұрғыда қолдану басты мақсат. Әрбір үшінші отбасы ажырасуда. Суицидтен әлемде алдыңғы орындамыз. Сәбилеріміз қоқыста, жетімімізді саттық, есірткі жастар өмірін тозаққа айналдыруда. Жаңа президент нағыз ұлттық идеологияны өмірге батыл кіргізуі тиіс.
9. Білім мен денсаулық салалары тегін болуы тиіс. Елімізде зауыт, фабрикалар көптеп ашылсын.
Біз, Желтоқсандықтар осы маңызды мәселелерді халық атынан талап етеміз. Қазақтың қаны төгілген алаң Ашық аспан асты мұражайға айналуы тиіс. Хатымыз Елордада жатыр. Егер бұл талаптарымыз орындалмаса тағы да алаңға шығуға біз дайынбыз!

«Желтоқсан көтерілісі»
қоғамдық
бірлестігі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған