Жаңаөзеннің асқақ рухы ешқашан төмендемейді қаланың орталық саябағындағы жұртшылықпен, жастармен кездесу осыны айғақтады

Кішіпейілділік пен еңбекқорлықты, ілтипат пен мейірімділікті, намыс пен қайырымдылықты, табандылық пен ақпейілділікті, әділдік пен адамгершілікті бойына жиған адамды көріп пе едіңіз десе, мен сөз жоқ «Ия» дер едім. Кім десеңізші, енді? Ол — Сәуле Мешітбайқызы! Бір көргеннен-ақ,осындай сезімде болдым.
Өткен жексенбі күні қаламыздың орталық саябағына жиналып Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Qazaqstan dauiri» халықаралық газетінің директоры, ананы құрметтеген халқының өзі «ЕлАна» атап кеткен, Сәуле Мешітбайқызымен табиғат аясында кездесіп, пікірлестік. Әр сөзінен аналық мейірімнің нәрі тамған Сәуле Мешітбайқызы өзімен жүздесуді күткен жиналғандармен жеке-жеке олардың әрбіреуіне мойын бұрып танысып, өзіне баурай берді. Құт дарып, кие қонған өлкенің біртуар мақтанышы Пір Бекет әулиенің басына зияраттап келе жатқанын жеткізген ана екі рет қажылық сапарда болғанын да жеткізіп, имандылық бағытындағы Алладан ел амандығы мен бейбіт өмірді сұрағанын да жасырмады.
Болмысынан-ақ ілтипат пен мейірім есіп тұрған Ана Елдік пен ұлтқа тән өрлікті, Тәуелсіздік пен Отансүйгіштікті, тарих пен болашақты сөз еткенде туған анаң мен табиғат ананың қос алақанының жылуын сезінгендей болады екенсің!
Қала тарихымен жете таныстығын білдіре, бірден мекеніміздің қазіргі жай-күйін, ел амандығын, тұрғындар тұрмысын сұрап, өтірік көлгірсімей нақты жұмыс, ашық пікірі, қоғамдық мәселелерге деген бүкпесіз ойымен рухты тағы бір көтеріп тастады. Өзі де рухтана сөйледі.

Бекет бабаға барар жолда, қалаға кіре берісте қала әкімі, Дауылбаев Әділбек Құлынтайұлы күтіп алып, Сәуле Мешітбайқызымен сұхбаттасып, «ниет қабыл болсын», жолына сәттілік айтып тұрғанда, қастарынан қуаныштары қойнына симай,жүздері бал бұл жанған қолдарында  шоқ шоқ гүлдері  бар,  келіп,Апа, әкім аға бата беріңіздер …Сәуле Мешітбайқызы, ЕлАнасы   перзентханадан шыққан  Раяна атты нәрестеге, бата беріп тұрған сәті.

Қаламыздың тарихы, тыныс-тіршілігі мен әлеуметі мен әлеуеті туралы Жаңаөзен қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Дәмелі Есенова:
Қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға толық мүмкіндік бар

— Өзіңізге белгілі, алпысыншы жылдары Өзен кен орнынан газ бен мұнайдың көзі ашылды. 1964 жылы қазіргі мұнайшылар қаласының қазығы қағылып, қала типтес жұмысшы поселкесі пайда болды. Онда Маңғыстау жарты аралында тұңғыш рет мұнай кәсіпшілігі басқармасы құрылды, бұл өлкеде екпінді құрылысшы бригадалары жасақталып, тұрғын үйлер мен мәдени нысандарды салу жұмыстары жүргізілді. 1968 жылы 21 қазанда Қазақ ССР Жоғары Совет Президиумының Қаулысымен Гурьев облысы құрамында Өзен ауданы құрылып, Жаңаөзен поселкесі қала статусын алды. 1968 жылдан 1992 жылға дейін қаланың атауы Новый Узень болған, 1992 жылдан бастап — Жаңаөзен. Былтыр осы қаламыздың 50 жылдық мерейтойы аталып өтті. Жоғары деңгейде жан-жақты түзілген ауқымды шаралар өтіп, мерекеленді. Жалпы аумағы 0,515 мың шаршы шақырымды, облыс аумағының 0,3%-ын құрайды. Жаңаөзен қаласының әкімшілік-аумақтық құрамына Теңге, Қызылсай және Рахат ауылдары кіреді. Халқының саны 2019 жылдың 1 сәуіріне 151,8 мың адамды құрайды. Соңғы жылдары халық саны — табиғи өсімі негізінде қарқындап өсуде. Жылына орташа есеппен 4500-ге жуық бала дүниеге келеді.
Транспорттық орналасуы бойынша Жаңаөзен қаласын теміржол желісі бойында, халықаралық, республикалық, жергілікті маңызы бар жолдардың бойында орналасқан қалалар тобына қосуға болады. Теміржол қатынасына қызмет көрсету бойынша жаңа өндіріс орындарын құруға және жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал ететін «Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» теміржол құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Жаңаөзен моноқаласы экономикасының перспективалы экономикалық мамандануының негізгі бағыты — мұнай мен газ өндіру. Мұнай және газ өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі — «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-і болып табылады. Осы кәсіпорындар арқылы шикі мұнай, газ конденсаты, табиғи газ, газ тәріздес жағдайдағы табиғи газ, ілеспе газ өндіріледі.


Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту — Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасын, «Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарына», «Жаңаөзен қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
Бағдарламалар аясында қабылданған барлық шаралар экономиканы сапалық тұрғыдан өсіруді қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқат деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған және де қаланың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, белсенді шағын кәсіпорындардың санын көбейту, жаңа жұмыс орындарын құру, күнкөріс және жұмыссыздық деңгейін төмендету, апаттық тұрғын үйлердің санын азайту күтілуде, сондай-ақ инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр.
30,8 мың оқушысы бар 26 мектеп, 4,8 мың студенті бар 5 орта арнаулы оқу орындары (3 мемлекеттік, 2 жекеменшік), 2 мектептен тыс мекемелер (М.Өскенбаев атындағы саз мектебі, оқушылар шығармашылық үйі), тәрбие және бейімдеу, түзету жұмыстарымен айналысатын «Оңалту орталығы» және «Арнайы жалпы білім беретін және мектепке дейінгі ұйым»; 440 төсек-орынға арналған 4 аурухана, тәулігіне 1000 адамды қабылдауға арналған 3 емхана және 4 жекеменшік медициналық ұйымдар; 1000 орынға арналған 3 Мәдениет үйі, 152 орындық кітапханалар мен 1 этнографияаралық мұражай; Әмин Тұяқов атындағы стадион, Р.Өтесінов атындағы «Дене шынықтыру-сауықтыру кешені», 3 бірлік балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, «Алға» мүгедектер спорт клубы қызмет көрсетеді, — деп таныстырып өтті.

Қазіргі таңдағы қаладағы басты мәселе боп тұрған жұмыссыздық, оны шешуде нендей істер атқарылып жатырғандығы туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының  орынбасары Ажархан Тұрақова:
Жұмыссыздықты  шешуге болады, бірақ…

— «Халықты жұмыспен қамту» Заңына сәйкес және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен халықты жұмыспен қамту шараларымен айналысады. Аталған бағдарлама 3 бағыттан тұрады.
1. Қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстары;
2. Бизнес бастау, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту;
3. Әлеуметтік, қоғамдық, жастар практикасы, тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету.
Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша, жыл басынан барлығы 2397 адам әлеуметтік шаралармен қамтылды, оның ішінде:

— Әлеуметтік жұмыстарға — 126 адам;
— Жастар практикасына — 40 адам;
— Қоғамдық жұмыстарға — 1077 адам жолданды.
— Тұрақты жұмыспен қамтылған адам саны — 1154, оның ішінде:
— Өндірістік саласы сервистік серіктестктерге аутсорсинг арқылы — 187 («Бұрғылау», «Кезби», «МФС», «Таза су», «Трубремцентр», «ККС», «ҚазГПЗ», «ТеңгеОйлГаз», «КМДЖИ», «Бейбарыс», «НБКС», «Индастриалсервис», «Мұнайспецснаб», «ВестДала», «Құнан холдинг», «УДТВ», «Теміртас»);
— Транспорт саласына — 47;
— Орта және шағын бизнес саласына — 80;

— Бюджеттік саласына — 423;
— Коммуналдық саласына — 405, соның ішінде «Өзенинвест» МКК мекемесінен — 350 орын жаңадан ашылды;
— Құрылыс саласына — 12.
Ағымдығы жылдың 01 мамыры дейінгі бойынша қалалық жұмыспен қамту орталығындағы есептік ай соңында қалған жұмыссыздар саны — 2353 адам .

Жұмыссыздықта тіркеуде тұрғандардың 50,8 пайызы жастарды құрайды. Соның ішінде мұнай саласына қатысты мамандығы бар жастар 39 пайызды құрайды.
Биылғы оқу жылында 1151 студент қаламыздағы 5 арнайы оқу орындарын түрлі мамандықтар бойынша бітіріп шығады. Атап айтқанда, денсаулық саласы — 172, қонақүй шаруашылығы — 97, білім саласы — 77, теміржол саласы — 24, тігін саласы — 44, программист — 20, Мұнай ісі бойынша — 225, құрылыс саласы — 90, тағы да басқа түрлі салалар бойынша — 402.
Бүгінде, жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындарын құру бағыттары бойынша жұмыс жоспарын орындау біраз ақсап, үкіметтен бөлінген қаражаттың тиімді игерілуіне кері әсерін тигізуде. Себебі, жылма-жыл оқу орындарын бітіріп келушілердің мамандықтары мұнай саласына қатысты болып отырғандығы және қаламыздағы мемлекеттік, мемлекеттік емес мекеме, ұйымдардан жұмыс көздеріне сұраныстың болмауы болып отыр. Соның салдарынан жұмыссыздықтар саны күннен күнге артып, өлкеміздің саяси ахуалына, әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін тигізуде. Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2025 жылдарға арналған өзектендірілген Кешенді жоспардың жобасы негізінде қала, ауыл жастарын жұмыспен қамту арқылы Маңғыстау облысының орталығына, солтүстік өңірлерге қоныстану мақсатында халықтың арасында тиісті түсінік жұмыстары жүргізілуде. Мәселен күні бүгінге дейін Ақтау қаласына 76 жас маман,10 отбасы солтүстік өңірге қоныс аударуға ниет білдіруде.
Жұмыспен қамту орталығының 2019 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес,

— Жаңадан құрылатын жұмыс орындар саны — 5260, оның ішінде:
— Әлеуметтік жұмыс орындарын құруға барлығы 54,321 млн. қаржы қойылып отыр, (оның ішінде РБ — 13,305 млн., МБ — 41,016 млн.), қазіргі таңда игерілгені — 1,700 млн. теңге, яғни, 3 пайызды құрайды.
— Жастар практикасына барлығы — 262 жұмыс орны жоспарланып, 98,096 млн. қаражат қойылып отыр, (оның ішінде РБ — 74,614 млн., МБ — 23,482 млн.), қазіргі таңда игерілгені — 4,406 млн., 40 жұмыс орны, яғни, 4 пайызды құрап отыр. (оның ішінде: РБ — 2,523 млн., МБ — 1,883 млн.) теңге.
— Қоғамдық жұмыс орындарына 1000 орынға 663,687 млн. қаражат қойылып отыр, қазіргі таңда игерілгені — 131,0 млн. теңге.
Жастарды қолдау мақсатында, ҚР Президенті 2018 жылдың 5 қазанында 2019 жыл «Жастар жылы» деп жариялады. Біздегі мақсат — жастарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Бұл бағытта да қалалық жастар ресурстық орталығымен бірге жоспарларымыз бар.

Сөз алған мамандардың бәрін де ынт-шынтымен тыңдаған Сәуле Мешітбайқызы асқан бір толғаныспен айналасындағыларға базарлы күндердің дәл осы жастық шақ екенін ойлы көздерімен жеткізген кезде, ерекше бір сұңғылалықты байқадым. Жасы жетпістің үшеуіне келсе де елім мен жерімнің амандығы, ел тыныштығы үшін аянбай қызмет етіп аттан түспей, жастарға өнеге мен танымның үлгісін көрсетіп, оларға «жас» деп, «бала» деп қарамай, «Ел болашағы» деп пікірін сұрағаны да ұнап кетті.
— Араларыңызда жастардың да тұрғанын байқап, енді соларға қарай сөз кезегін бұрсақ… Айналайындар, сендер елдің ертеңі, сендер жердің иесі, алдарыңда таудай талап тұр, өмір заңғарлары үнемі биікке шақырады. Оған жету үшін талмай іздену керектігін айтамын. Қаладағы жастар жұмысы туралы не айтасың, балам? — деді ЕлАна.

Құрманғалиев Ғани, Жаңаөзен қалалық жастар орт

алығының директоры:
Жастар жылында атқарылып жатқан, атқарылар  іс-шаралар көп

— Жаңаөзен қаласында 14-29 жас аралығында 37 мыңнан астам жастар бар. Соның ішінде 12 жастар кеңесі бар. Қаламызда жастар жылына орай көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр және алдағы уақытта да жоспарымызда кең ауқымды жоспарларымыз тұр. Атап айтсақ, маусым айында Жаңаөзен жастары саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында Қарағанды облысындағы Карлаг мұражайына және Ақмола облысындағы Алжир мұражайына танымдық зерттеу экспедициясына жолға шығады. Қыркүйек айында Жаңаөзен қаласында Батыс өңірлік жастар форумы өтеді. Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай Онды ауылына танымдық зерттеу экспедициясын ұйымдастыру жоспарда тұр. Жастарды кәсіпкерлікке тарту бағыттары бойынша семинарлар өткізіп тұрамыз. Қала жастарының ішінде белсенділігімен көзге түсіп, қайырымдылық, рухани бағытта еңбек етіп жүрген жастар да көп. Сол жастардың бірін бүгін сізбен кездесуге шақырдым. Ол қасымда тұрған Орынбасар Сейдов.
Әдемі өрілген пікір алмасу әрі қарай өрбіп, Сәуле Мешітбайқызы қала құраушы компания «Өзенмұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің басшысы Әділ Сүйебайға бағыттап, «акционерлік қоғамның жаңаөзендіктер үшін атқарып жатырған қызметтері ұшан-теңіз екенін білеміз, қазіргі таңдағы қызметтеріңіздің бағыты қандай, нендей жұмыстар ұйымдастырып жатыр», — деп сауал тастады.

 

 

Әділ Сүйебай, «Өзенмұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің басшысы:
Біздің ұжым  Өзен мұнайының  қара шаңырағы

 

— Қазіргі таңда «Өзенмұнайгаз» Акционерлік Қоғамына қарасты 16 құрылымдық өндірістік басқарма бар. Оның төртеуі мұнай газ өндіру басқармасы, ал, өзге басқармалар өндіріске қосымша сервистік қызмет көрсетеді. Компанияда 9 000-нан аса адам жұмыс істейді. Кәсіпорын Өзен және Қарамандыбас кенорнындарын игеру үстінде. Өзен кенорны жылына 5 млн. 500 мың тонна мұнай өндіреді. Күні бүгінге дейін 376 млн. 890 мың тонна мұнай өндірді. Нысандар 100 пайыз жаңартылды.
Кәсіпорынның құрылыс қарқыны жоғары. Жыл сайын 10-нан аса нысан жаңаланады, 5-6 объект күрделі жөндеуден өтеді. Қазір компания бойынша 90 процент әлеуметтік нысандар толығымен жаңарған деп айтуға болады. Өзен-Қарамандыбас-Жетібай жолының 13 шақырымы жөндеуден өтті. Бұл облыстық маңызы бар жол, оның 43 км-і біздің кенорындар арқылы өтеді. 2018 жылы жолдың 85 пайызы толық жөнделді. Биыл 100 пайызға жаңалаймыз деген меже қойып отырмыз. Жалпы соңғы 4-5 жылдықта барлық өндіріс ішілік жолдарымыз жақсы ретке келді деп айтуға болады.

Құрылыс нысандарынан бөлек, ұжымдық шартта қаралған әлеуметтік көмектердің бәрі қамтылды. Мерекеге сыйақылар, материалдық көмектер, Ауған соғысы ардагерлеріне, мүгедектерге, зейнеткерлерге төленетін төлемдер уақтылы жасалды. 4300 бала Қазақстанның әр аумағында жазғы лагерлерде, 2500 қызметкер емдеу-сауықтыру орындарында демалады. Кендірлі аймағында орналасқан 1 күндік демалыс базасында, «Медикер» дәрігерлік-оңалту орталығында да жылына мыңнан аса қызметкеріміз ем- домын қабылдайды. Демалыс орындарына мұнайшылардың шағымы жоқ, сапасы жақсы, жолдама саны да жоғары. Бұл орайда әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі зор.
«Өзенмұнайгаз» АҚ қай кезде де қоғамдық-мәдени шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырудан және мұндай іс-шараларға белсене қатысудан тыс қалған емес. Жыл сайын «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ мекемелері арасында «Үздік маман» байқауы өтеді. Биыл сайыс Маңғыстау өңірінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ объектілерінде болды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтайтын додада компаниямыз жалпыкомандалық есепте І орыннан көрінді. Бұл тағы бір мәрте біздің өндірістегі мамандарымыздың өз ісінің шеберлері екенін дәлелдеді.

 

Сондай-ақ, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ мекемелерінің арасында өтетін дәстүрлі Спартакиада ойындарынан да үнемі алдыңғы орындарды қанжығалап келеміз. Одан бөлек, компания жанынан құрылған Жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен мұнайшылар арасында жайдарман ойыны, рационализаторлық жобалар байқауы дәстүрлі түрде өтеді. 2018 жылы компаниямыздың жастары команда құрып, республикалық Жайдарман жоғарғы лигасында өнер көрсетті. «Өзенмұнайгаз» АҚ республика деңгейінде Жайдарман ойнап жүрген бірден-бір өндірістік мекеме. Мұндай шаралардың компания имиджін көтеруде үлесі зор.
Корпоративті «Өзен» газеті, «Өзен TV» телеарнасы да қызметкерлерімізді дер кезінде қажетті ақпаратпен қамтып отыру үшін іске қосылған болатын. Қазір бұл жобалар өз жемісін беріп, тиісті деңгейден көрінуде, компанияның экономикалық-әлеуметтік өмірі осы ақпарат көздерінде қамтылып келеді.
2018 жылы біздің қаламыз үшін тарихи жыл болды. Сүйікті қаламызға 50 жыл толды. Компания «50 жылға — 50 шара» деген ұранмен қала әкімдігімен бірлесе отырып көптеген ауқымды шараларды қосыла атқарды. Қала тарихынан, өлкенің құрылуына, дамуына үлес қосқан азаматтардың өмірінен сыр шертетін «Қойнауы құтты Жаңаөзен» энциклопедиясының жарық көруіне қаражат бөлді. Концерттік бағдарламалар, алыс-жақыннан шақырылған қонақтарды күтіп алу, елімізге белгілі әртістерді шақыру, спорттық жарыстар ұйымдастыру жағына демеушілік көрсетті. Өңірдегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында компаниямыздың тікелей ұсынысымен «Самұрық-қазына Тrust» ұлттық әл-ауқат қорының» қолдауымен қалаға 10 спорттық street workout (көше жаттығу алаңы) және №7, №10 орта мектептердің жанынан әмбебап спорт алаңдары салынды. Қаладағы орта білім беретін 10 мектептің әрқайсысына 13 компьютерден сыйға тартылды.

Биыл Өзен кен орнының 55 жылдық мерейтойы аясында жұмыстар басталды.
Өзен мұнайының қара шаңырағына айналған «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына 55 жыл толды. Компания басшылығы мерейтойға арналған мерекені ардагер-мұнайшылар арасында спорт төресі бильярдтан сайыс ұйымдастырудан бастады. Келесі кезекте «Өзенмұнайгаз» АҚ демеушілігімен «Мұнайшы» мәдениет сарайында Жайдарман ойыны кең көлемде болып өтті. Бұл шараға «Бұрғылау», «Өзенмұнайсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де қатыстырылып, ойынның ауқымымен әзіл әлемінің мағынасы да тереңдей түсті. Бала біздің болашағымыз дегендей ұрпақ жайында ұмытпай, 9,10,11 сынып оқушылары арасында футболдан мектепаралық турнир өткіздік. Бұдан да басқа өнер, атап айтқанда ақындар мүшайрасын, жыр-термеден сайыс өткізуді жоспарлап отырмыз.
Біздің компания — қаладағы 9000-дай мұнайшыға жұмыс беріп отырған үлкен мекеме. Мұнай саласы бойынша оқу орнын бітірген жастарымыз өте көп қалада. Олардың бәріне жұмыс тауып беруге мекеменің мүмкіндік те болмайды ғой. Сондықтан жастарымыз тек мұнай саласында оқымай, кәсіпкерлік бағытта, заманауи мамандықтар

бойынша оқыса деген тілек бар, — деді.
Сәуле Мешітбайқызы Орынбасар рухани, қайырымды шаралардың ұйымдастырушысы деген кезде, «айналайын балам, талабыңа нұр жаусын, өзіңдей азаматтарымыз көп болсын», — деп алғысын білдіріп жатты.

 

Сеидов Орынбасар, жас мұнайшы:
Қаламыздың  дамуына бәріміз де атсалысуымыз керек

— Біз өндірістік жастар қалаға қолымыздан келгенше дамуына үлесімізді қосқымыз келеді. Жастар жылы аясында орталық алаңға 70-тен астам мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар орнаттық. Жастардың рухани адамгершілігін дамыту мақсатында ата-бабамыздың текті сөздерін тақтайшаларға жаздырып, қаланың көрнекті жерлеріне орнаттық. Қалада жұмыссыздық мәселесі өзекті. Кез келген дамыған мемлекеттерде жұмыссыздықты шешудің бірден-бір жолы — кәсіпкерлікті дамыту. Жұмыссыз жүрген жастарға кәсіпкерлікпен айналысу үшін әлде де болса мемлекеттік тарапынан қолдау қажет деп есептеймін. Мысалы, бір танысым Атамекен кәсіпкерлер палатасына техникалық қызмет көрсету орталығын ашу үшін барған кезде, кепілдікті талап етеді және бұл кепілдік жылжымайтын мүлік (тұрғын үй, жер телімі) немесе қымбат автокөлік болу қажет дейді. Ол жұмыссыз жүрген адамда ондай жылжымайтын мүлік қайдан болсын? Сол үшін жастарды қолдау ретінде жеңілдетілген кепілсіз несиені беруді көбейту керек. Жастарға жан-жақты қолдау мен демеу көрсетілсе, бәрі де өз кәсібіне қожа бола алатын сауатты азаматтар жетерлік, — деп ойын түйіндеді.
Орталық саябақтағы әдемі кездесу, жай ғана пікір алмасу емес немесе жай ғана танысу емес, көптің көңіліне дем, рухына жігер үстегендей рухани кездесу болды. Жиналғандардың бірі — қалалық мәслихат депутаты Айсұлу Исаева да ЕлАнасына үлкен аналық жүрегімен өздерімен жете танысып әңгімелесу өткізгені үшін жаңаөзендіктердің атынан ризашылығын білдірді. Кездесу уақыты аса көп бола қоймаса да, екі ортада қимастықтың тінін тартып үлгерген Сәуле Мешітбайқызының даналығына тағы бір көз жеткіздім.

Жұмыссыз  11 жігіттің хаты

Біз әлі күнге дейін жұмыссызбыз. Жасымыз болса отызға келді. Осы уақытқа дейін тұрақсыз жұмыс істеп келеміз. Енді біз қашан тұрақты жұмысқа кіретініміз де белгісіз. Жағдайымыздың жоқтығынан да шаршап кеттік, көбіміз пәтер жалдап жүрміз. Арамызда ата-анасы жоқ, көпбалалы жігіттер де жеткілікті. Әрқайсысының басында 60-70 мыңнан несиесі бар. Біз жұмыс сұрап бармаған, баспаған тауымыз жоқ. Астанадағы билікке де жолымызға қарыз алып барып келдік. Бірақ бәрі жауапсыз…
Енді сол еңбегімізге қарай жақсы, тұрақты жұмыс табылса екен деп үміттенеміз. Астана, Жаңаөзен, Ақтаудағы басшылар шақырып алып, сендер жұмыс сұраған мекеменің бастықтарымен жолығып, сол жерден жұмыс тауып береміз деп уәде берген болатын. Сол уәдеге осы күнге дейін сеніп келдік. Бірнеше рет жиналыстар да ұйымдастырды, бірақ, жұмыс беретін мекеме басшылары қатыспады, әкімдіктер өздері ғана өткізді.
Олар үш жылға контрактпен 100 000 айлығы бар, тұрақсыз жұмыс ұсынды. Біз келіспедік. Ондай жұмыстарды жасап жүргенімізге 10 жыл уақыт өтті. Тұрақты үйіміз болмағандықтан, бала-шағаға да дұрыстап қарап, киіндіре де алмай келеміз.
Неге біз талап етіп, өтініш бойынша сұраған мекемелерге кіргізбейді, тек қана аға, көкелері барлары ғана кіру керек пе? Заңсыздық қой, әділеттілік қайда? Біз 300-400 мыңның айлықтарын сұрап отырған жоқпыз ғой. Біз сұраған мекемелердің айлықтары 120-130 мың. Ол жер тұрақты болашағы бар және де әрі қарай штатқа өте аласың. Сондай-ақ басшылықтан үй, жер сұрап жүрген жоқпыз, тек жұмыстың тұрақты болғанын қалаймыз.
Шеруге шығып заңсыздық жасаған емеспіз. Яғни заң арқылы ғана сұрап жүрміз. «Самұрық сервис аутсорсинг», «МұнайФилдСервис», «Бұрғылау», «ӨзенМұнайСервис», «КазГПЗ»-ға адамдар тұрақты жұмысқа орналасып жатыр, ал, біз барып жұмыс сұрасақ, «жоқ», — дейді. Неге?
Осы күнге дейін тұрақсыз жұмыстан шаршадық. Зейнетақы қоры деген атымен жоқ, қартайғанда өміріміз не болмақ? Астанадан жұмыс мәселесін шешіп береміз деп шақырып алғандарына 1 ай уақыт болып қалды. Енді бұл қай уақытқа дейін созылмақ? Әлі ешбір нәтиже жоқ.
Басшылық осы өтінішімізге оңтайлы, белгілі бір уақытта жауап береді деп үміттенеміз. Бұл өтінішімізге түсіністікпен қараса екен дейміз.

Жаңаөзен қаласының тұрғындары Асқаров Ерлен және Темірбаев Мансурмен жергілікті атқарушы орган тарапынан атқарылған жұмыс туралы  МӘЛІМЕТ

1. Асқаров Ерлен 1991 жылы туған, жетім, отбасы құрған, үш баласы бар, зайыбы үй шаруасымен айналысады. Ерленнің мамандығы «КИПиА».
2. Қала әкімдігі тарапынан Асқаров Ерленнің отбасылық жағдайы ескеріліп, оған ағымдағы жылдың ақпан айында «ӨзенИнвест» МКК жаңадан құрылған тұрақты жұмыс орнына жолдама берілді, жалақысы 100 000 теңгені құрайды, алайда Ерлен наурыз айында өз еркімен жұмыстан шығып кетті.

1. Темірбаев Мансур 1992 жылы туған, мамандығы «дәнекерлеуші», жұмыссыз ретінде қалалық жұмыспен қамту орталығында тіркелген.
2. Аталған азаматтарды «жұмыссыздық» мәселесі жөнінде облыс, қала басшылары, облыс, қала әкімдерінің орынбасарлары және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары бірнеше рет қабылдады, азаматтарға қазіргі таңда еңбек нарығындағы сұранысқа ие бос вакансиялар, яғни «Таза су» ЖШС, «ӨзенИнвест» МКК жалақысы 100 000 теңгені құрайтын жұмыстар ұсынылды, алайда олар «Өзенмұнайгаз» АҚ немесе оған сервистік қызмет көрсететін серіктестіктерден жұмыс талап етуде.
Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыздықта тіркеуде тұрған азаматтар:
Өркен ш/ауданы, 54 үй, 75 пәтер тұрғыны Темірбаев Мансур, 20.08.1992 ж.т. отбасында 3 адам тұрады, 1 баласы бар, жұбайы жұмыссыз, мамандығы дәнекерлеуші;
Көктем ш/ауданы, 49 үй, 89 пәтер тұрғыны Аскаров Ерлен, 13.03.1991 ж.т., отбасы жағдайы: тұлдыр жетім, үйленген, 3 баласы бар, жұбайы жұмыссыз, мамандығы КИПиА;
1991 жылы туылған Шаңырақ ш/ауданы, 36 үй, 31 пәтер тұрғыны Чененов Ғайнет, әкесі қайтыс болған, анасы және жұбайы жұмыссыз.
Осы азаматтарға «Таза су» ЖШС-нен және «Өзенинвест» МКК-нан жалақысы 100 000 теңге жұмыстары ұсынылып, мұнай саласынан жалақысы одан да жоғары жұмыстарын талап етуіне байланысты бас тартты. Аталған азаматтар облыс, қала әкімдерінің және жұмыспен қамту органдары басшыларының бақылауында тұрғандығы, мұнай саласынан жұмыс көздеріне сұраныс болуына байланысты ұсынылатындығы жөнінде хабардар етілді.

Бәрі де  орнына келеді ғой деп сенемін!

Сәуле Мешітбайқызы «Qazaqstan dauiri» халықаралық газетінің бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
— Мен Жаңаөзен қаласында болып, оның басшыларымен және осы хатты жазып отырған жастармен кездестім. Жазып, айтып отырған мәселелері орынды. Әкімшілік ұсынып отырған жұмыс орындары жекеменшікке жатады екен. Зейнетақы қоры жоқ. Жігіттердің шаршағаны көрініп тұр. Олардың талаптарының орындалуы қажеттігін әкімшілік те түсініп, жұмыс ұсынып отыр. Жігіттерді сабырлыққа шақырдым. Әкімшілік берген жұмысқа бару керектігін өздерін көрсету керектігін, олар да түсінді, тек енді нәтиже болып, жігіттер берген жұмысқа барып, осыған түсіністікпен қарайтынына сенемін.

Гүлназ Бөлекбаева,
«Жаңаөзен» қалалық қоғамдық саяси газетінің редакторы