Жағымды жаңалық ЖАМБЫЛДА 7 ЕЛДІ МЕКЕН ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗСУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛАДЫ
«Қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері – халықтың денсаулығын жақсартудың аса маңызды міндеті, сондықтан бұл біздің басымдығымыз болады. Орташа алғанда республика бойынша ауыз суға қолжетімділік деңгейі 2020 жылға қарай 98 пайызды құрауы тиіс, ал судың сапасы белгіленген барлық санитарлық нормаларға сай болуы керек. » — деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында баса айтып кеткен болатын. Ал бүгінгі таңы Елбасымыздың тапсырмасы Жамбыл облысында белсенді жүзеге асырылуда.
Биыл Тараз қаласы маңындағы 7 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады. Қазіргі таңда ол бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бұл жайында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Басқосуда күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеді.
Статистикаға сүйенсек, бүгінде Тараз тұрғындарының тоқсан пайызы таза ауызсуды пайдаланып отыр. Жыл соңына дейін жоспарланған жеті елді мекендегі құрылыс аяқталса, қала толық таза ауызсумен қамтылады. Осы жұмыстардың нәтижесімен республика рейтингісінде өңір көрсеткішін көтеруге де мүмкіндік тумақ.
Облыстағы аудан тұрғындарының ауызсумен қамтылу деңгейіне тоқталсақ, Шу ауданы 60 пайызбен көшті түйіндеп тұр. Егер, Қосқұдықтағы мәселе шешімін тапса, аудан халқының 80 пайызы сапалы ауызсуға қол жеткізген болар еді. Өңір басшысы бұл жұмыстарды ұзаққа созбай шешу керектігіне назар аудартты.
Еске сала кетсек, басқарма басшысы Нұрлан Алдамжаров былтырғы баяндамасында, 2018 жылдың 1 қаңтарында 4 қала бойынша орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткіші 84,7 процентті құрағанын айтқан болатын. Оның сөзінше, қалалар бойынша саладағы көрсеткішті 2018 жылдың аяғына дейін 86 процентке жеткізу көзделген. Бұл көрсеткішке қол жеткізу мақсатында Тараз қаласының «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабындағы сервистік желілердің құрылысына 2018 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 334,6 миллион теңге бөлінгендігі туралы тілге тиек еткен.
Жалпы, облыс бойынша орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған 199 елді мекен бар. Ал ондағы 130 мың отбасы әлі де суды сырттан тасымалдап отыр. Асқар Исабекұлы бұл тұрғындарды 100 пайыз толығымен жүйеге қосу керектігін баса айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Жиын барысында ауыз суды сағаттап кесте бойынша пайдаланып отырған елді мекендердің жайы да қозғалып, ол мәселе күн санап өз шешімін тауып келе жатқандығы айтылды.
Бөрі Сұлтан