Жәбірейіл періштенің келгенін қалай сезінеміз?

Кағыб әл-Әхбар: «Қадір түні аспаннан түскен періштелердің санын ешкім де білмейді. Ол тек Аллаға ғана аян. Жәбірейіл сол қаптаған періштелердің ортасында болады. Жәбірейілдің назарына ілікпеген мұсылман қалмайды. Денеңіз бір нәрсені сезіп, жүрегіңіз езіліп, көзіңізден жас ақса, маңайыңызда Жәбірейіл тұр деп сезініп, дұға-тілекті көбейтіңіз», — деген.
Жәбірейіл періштелерді үмбетті аралауға жібергенде олар жұрттың тұрғанын, отырғанын бақылап, зікір-пікірлерін тыңдап, намаз оқығандардың сәлеміне жауап береді, олармен сәлемдеседі, таң намазына дейін дұға жасағандардың қасында «әмин» деп тұрады. Ол осы түннің қадірін біліп, бұл түнді ұйқысыз ғибадаттармен өткізген миллиондаған мұсылмандар-дың шын ықыластарын, ниеттерін байқап, тілек-дұғаларының қабыл болуына септіктерін тигізіп, қиямет қайымда Қадір түніндегі жасаған ғибадаттарымызға, құлшылықтарымызға куә болады.
Діни мәліметтер бойынша, «Таң атқан кезде періштелерге Жәбірейіл: «Кетіңдер-кетіңдер!» — дейді. Сонда періштелер: «Ей, Жәбірейіл, Алла тағала Мұхаммед пайғамбар үмбетінің дұға-тілектерін не істеді?» — деп сұрайды. Хазіреті Жәбірейіл: «Бүгінгі Қадір түнінде кірпік ілмей құлшылық еткен пенделерге Хақ тағала рақым назарымен қарап, күнәларын кешірді. Тек төрт кісінің тілегі қабылданбай қалды», — деді. «Ей, Жәбірейіл! Олар кімдер?» — деп періштелер таңдана сұрасты. Жәбірейіл: «Арақ ішкіш, ата-анасының қарғысын алған, туыстарынан қол үзген, мұсылман бауырымен үш күннен артық араздасып жүрген адамдар», — деп жауап берді», — делінген.

Дайындаған Мирас Кесебаев