«Жайлаукөл кештері» әні қалай туды?
Көпшілігімізге «МузАРТ» тобының орындауымен таныс бұл әннің шырқала бастағанына да қырық жылға таяпты. Ә дегеннен атағы алысқа жеткен ән әлі де тыңдаушысын жалықтырған жоқ. Уақыт озған сайын ысылған алтындай жарқырап, құлақ құрышын қандыруда.
1971 жылы Ықылас күйшінің ұрпағы Құлыншақтың шаңырағында туған ән бір замандарда кеңестік бүкіл студентті Шу бойының төменгі сағасына – Жайлаукөлді көруге ынтықтырған. Жазғы демалыстарын еліміздің түкпір-түкпіріндегі түрлі шаруашылықтарда өткізетін жастар дәл сол жылдары қияндағы сары далаға алып баратын жолдамаға таласыпты. «Жайлаукөл кештеріне» құмартып, алып-ұшып жеткен студенттер, ақыры, сона мен масаға таланып қайтқан көрінеді. Бұл – аңызға бергісіз көп әңгіменің бірі ғана. Енді әннің авторы Илья Жақановтың өзін тыңдасақ…
Төрт достың әңгімесі ән төңірегінде өрбіді
1976 жыл. Тамыз айы.
Алматыда әлі күздің лебі біліне қоймаған. Әдеттегідей, маужыраған, мүлгіген қалпында еді шаһар.
Мен Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы едім. Түс мезеті, жұмыста отыр¬ғанмын. Үзіліске шығар шақта үш композитор келді: Шәмші Қалдаяқов, Теміржан Базарбаев және Күнсайын Қуатбаев. Менің студенттік өмірім осы замандастарыммен өтіп еді, сезімнің ең бір тасыған, шалқыған сәттеріне осы үшеуі куә. Университеттегі түрлі кештерге, басқосуларға сирек барып, көп уақытымды консерваторияның жігіттерімен, Қазақ радиосындағы репетицияда өткізетінмін. Міне, сол 1957 жылдан басталған төртеуміздің достығымыз әдемі қалыпта, бір-бірімізге қадірлі күйде жүріп жатты. Тіпті, отбасымызбен араластық, жарларымыз, бала-шағамыз бір-бірімізді білді.
Сол күні біз студенттік өміріміздің жарқын сәттері өткен «Алматы» мейрамханасына келдік. Ағаштан тұрғызылған керемет мейрамхана кейін өртеніп кетіп, қайта жаңарды ғой.
Шәмші ол тұста Шымкент, Жамбыл өңірінде жүретін еді. Теміржан Базарбаев – Семей училищесінде оқытушы, Күнсайын – Алматыда, әртүрлі қызметтер істейтін. Радиодан Теміржанның «Тамаша», «Ауылым» сынды симфониялық, аспаптық шығармалары көбірек беріледі, Күнсайынның сөзіне жазылған Жақсылық Сәтібековтің «Таңсәрі» әні, Шәмшінің бүкіл әні халыққа танылған кез болатын.
Төртеуміз басқосуымызда студенттік серуен құрған шақтарды, есте қалған қызықты уақиғаларды әңгімелеп отырдық. Әсіресе, ән төңірегінде, орыс-совет композиторларының туындылары жөнінде ашыла сөйлестік. Василий Соловьев-Седой, Матвей Блантер, Мансұр Мұзафаров, Вячеслав Дуликов, Вано Мурадели шығармаларын тақырыпқа айналдырдық. Соловьев-Седойдың «Подмосковные вечера» әні жа¬йында көп айттық, тамсандық. Әрқайсымыз көкейіміздегі пікірімізді жеткіздік. «Сезімді терең қозғаған әдемі лирика бүкіл әлемді қалай тебірентті десеңші!.. Барша тыңдаушысын баурап, жер бетіне тарады ғой» дестік. «Осы ән қай уақыттан шырқала бастады?» деген сауал туды…
Алматы. Трошин. «Подмосковные вечера»
…1957 жыл. Қарашаның орта тұсы. Қара жаңбыр бүркіп тұрған Алматыда. Ағаштар жапырағынан айрылып, теректер мен қайыңдар сәнінен жұтап, Панфилов бағын¬дағы бұлбұлдар да сайрауын сиреткен күздің күні.
Сабақтан жиі қашып, Қазақконцертте ұйымдастырылатын шаралардан қалмауға тырысатын едік. Сондай күндердің бірінде Мәскеуден атақты әнші Владимир Трошин келіп, кеш өткізді. Үстіне аспан түстес костюм киген, бойшаң, келбеті жарасқан Владимир рояльды емін-еркін соғып, Соловьев-Седойдың «Подмосковные вечера» әнін әуелетті. Сол кезде ине шаншар жері жоқ лық толы зал сілтідей тынып, адамдардың демі бітіп қалғандай өлі күйге түсті. Рояльдың үні сондай таза, мөлдірей көтеріліп, Штраустың «Прелюдиясы» сияқты төгіліп, сабырмен, балбырап тәмамдалғанда, үнсіздік аз уақытқа жалғасып, дүр қол соқты көрермен. Артынан «Браво, браво!» деген айқай естілді.
Оң жақтағы кіре беріс есікке көзім түсіп кетіп еді, Ермек Серкебаев орын таппай, жақтауға сүйеніп тұр… Осы кеш туралы кейінірек онымен пікірлескенімде, В.Трошинді «ге¬ниаль¬ный» әнші деп бағалап еді.
Міне, «Подмос¬ковные вечера» 1957 жылы менің санама осылай орнығып, көпке дейін осы әнмен өмір сүріп жүргендей болдым. Кейін бұл ән студенттік жатақханаларда, кештерде айтыла баcтады. Қай жерде болса да «Подмосковные вечера» рояльмен шырқалатын…
«Все это верно, бұл – «Жайлаукөл кештері»
Манағы сауал туғанда осы әңгімені айттым. Әр нәрсеге сергек қарайтын Күнсайын «Подмосковные вечера» алғаш рет Ленинградта басқаша айтылып, қабылданбай қалған деп естігенін жеткізді. «Біз кейде конкурстардан жүлде алған әнге күмәнмен қа¬раймыз. Ал, Соловьев-Седой бір байқауға екі әнін қа¬тар жіберіпті: бірі – «Подмосковные вечера», бірі – «Если бы парни…» әні. Ол кейінгі шығармасы жүлдеге ілігер деп ойлапты. Бірақ, гран-приді алғашқы туындысы жеңіп алған. Көрдіңдер ме, Ленинградта құлаған ән жылдар өткен соң бас жүлделі болды» деді Теміржан. Содан кейін бәріміз Соловьев-Седойдың туындыларына тамсаныстық. «Березы» әні қандай керемет, әсерлі!» дестік. Өйткені, оның әндері, расында советтік халықтың рухын көтерген, тез тараған.
Мен «Подмосковные вечераны» алғаш естігеннен сонымен күн кешкенімді, қиялдағанымды, «Осындай бір ән жазсам, шіркін» деп ар¬ман¬дайтынымды жасырмадым. Кештің көрінісін, күннің қып-қызыл өрттей болып батып бара жатқан тылсым сәтін, содан кейінгі ымыртты суреттегім келетінін
айттым. Сол кезде Күнсайын Қуатбаев «Ой, сен неге армандайсың? Сен ондай әнді жазып қойдың ғой» деді. Сабырлы, әр нәрсеге миығынан ғана күліп, ойын дәл айтатын Теміржан жалт қарап, «Ол «Жайлаукөл кеш¬тері ғой», – деді. – Семейдің даласы, ор¬маны, Ертіс өзені… қандай ғажап! «Жайлаукөл кештерін» тыңдағанда соның бәрі көз алдыма келеді». Сонда Шәмші: «Бағанадан бері осы сөзді күтіп отыр едім. Все это верно, бұл – «Жайлаукөл кештері!» деді. «Подмосковные вечера» сияқты бұл ән қазақ даласының кешін, ұмытылмайтын суретін, сөзбен жеткізуге келмейтін лиризмін берді.
Шәмшінің бағасы
…Арада жылдар өтті. Шәмші өмірінің соңғы жылдарында Жайлаукөл ауылы орын тепкен Сарысу ауданына барыпты. Сонда өткен үлкен жиынға қатысады, елдің құрметіне бөленеді. Сол сапарында Жамбыл облыстық газетінің бір тілшісі сазгерден сұхбат алады ғой. «Шәке, сарысулықтардың сізге деген ықыласын көріп отырсыз. Жайлаукөл, Қамқалы, Шу өңірінде бұрын да ізіңіз қалғанын білеміз. Сіз жүрген жерде естен кетпейтін тамаша әндер қалып жатады. Іргедегі Мойынқұмды шарлап, «Мойынқұмда» әнін жаздыңыз. Енді Сарысуға бір тебіреніп, толғанып көріңіз» дейді тілші сөз арасында. Сонда Шәмші: «Рахмет пейілдеріңізге, ілтипаттарыңызға. Бірақ, Ильяның «Жайлаукөл кештері» жазылды ғой. Ол ән барда, бұл даланы одан артық сипаттай алмаймын» деп ағынан жарылыпты. Міне, Шәмшінің «Жайлаукөл кештеріне» ғашықтығы, бағасы, құмарлығы.
Былтырғы күзде үйдегі Тиыш жеңгең Әулиеатаның іргесіндегі Қаракемер ауылына барған. Сонда тұратын Асқар деген ағасының қызы Манаттың жолдасы Болат облыстық газеттің сол жылдардағы сандарының біріне жарияланған әлгі сұхбатты оқығанын айтыпты Тиышқа…
Жазып алған Асхат РАЙҚҰЛ