Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбі тереңдетілуде

Өткен жылдың аяғында Атырау облысындағы Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары басталған болатын. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Бүгінде ол жұмыстардың жүру барысы қалай? Міне, Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында жауапты мамандардың қатысуымен осы тақырыпта брифинг өтті.


Айта кетерлігі, қос өзеннің түбін тереңдету жұмысы соңғы қырық жылдан бері қолға алынбай келеді. Ал бүгінгі күні аталған өзендердің түбін тереңдетуге қатысты іс-шаралардың басты мақсаты — балық жүретін арналарда олардың бағалы тұқымдарының өсімін ұлғайту, балықтардың уылдырық шашуға еркін өтуін қамтамасыз ету, өзен ортасының биологиялық алуан түрлілігі үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ, мелиорация мен өзен арналарын тереңдету, сумен молайту. Мұның нәтижесі балық аулау және өңдеумен айналысатын өндірістік кооперативтердің жұмыстарына үлкен игілікті әсер етері сөзсіз. Өзендердің биологиялық ахуалын қалпына келтіру табиғатқа жасалған зор қамқорлық қана емес, ел байлығын қорғап, еселенуіне жасалатын парыз бен болашақ ұрпаққа қалдыратын мол ырыс.
Аталмыш жобаны іске асыруға қажетті қаражат республикалық меншіктен және жергілікті бюджеттен бөлінген. Ал, түп тереңдету жұмыстарына жауапты мердігер мекеме — «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы. «Қиғаш» өзенінің тармағы — «Шарон» өзенінің түбі өткен ғасырдың 80 жылдарынан бері тереңдетілмеген. Осының салдарынан өзен суы тайыздана бастаған. Тіпті, кейбір жерлерінің биіктік өлшемі 40-50 см-ге дейін жеткен. «Жайық», «Қиғаш» өзендерін құтқару жұмыстарын облыстық әкімдік қолға алып, 2017-2020 жылдарға арналған бағдарлама жасақтаған болатын.


Тартылуға шақ қалған арналардың жағдайын облыстық әкімдік зерттеп, қос өзенді шөгіп қалудан құтқаруға қажетті қаражат бөлді. Қазір өзендерде бірнеше телімде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол туралы «Павлодар өзен порты» АҚ төрағасының орынбасары Ризабек Хомаров әңгімеледі. Оның айтуынша, Жайық пен Қиғаш өзендерінің атыраптарында арналар түбі қайраңданып қалған, теңіз жағынан су асты өсімдіктерінің қаулап кеткені байқалады. Өзен түбін тереңдету арқылы оңтайлы тереңдік қалпына келтіріліп, балықтардың еркін жүруіне, өзен арнасының суға толуына жағдай жасалып отыр. Қос өзенді тереңдету жобасы Атырау облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылуда.
Қиғаш өзені бойынша, жобаға сәйкес жалпы ұзындығы 126,9 шақырым өзен арнасын тереңдету қарастырылған. Оның ішінде Ганюшкино каналы — 100,169 км; Жарқосын каналы — 26,7 км. Тереңдету көлемі 2,5 метр болса, ені 25 метр. Қазірде бұл каналдар бойынша жұмыстар жүргізілуде, қаралған уақыты 2017-2020 жылдар аралығы. 2017 жылға бұл жұмыстарға 49 млн. теңге бөлініп, ол толықтай игерілген. 2018 ж. — 1 079,0 млн.тенге, 2019 ж. — 1 776,617 млн. тенге, 2020 ж. — 1 776,617 млн. теңге бөлінбекші. Бұл нысандарда жұмыс 1 тамызда басталып, оған әртүрлі жер қазу техникалары қолданылған. «Қиғаш өзенінің топырақ жинау жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскесінің жалпы ұзындығы 150,7 шақырымды құрайды. Түбін тереңдетуді жүргізу мерзімі — 15 ай. Жұмыс былтыр желтоқсанда басталды, 2019 жылдың ақпан айында аяқталады деп жоспарланған» деді «Павлодар өзен порты» АҚ төрағасының орынбасары Р.Хомаров.
Жайық өзені бойынша жүргізілетін жұмыстар жобасының құны 1 млрд. 598 млн. теңге. Мұнда да тереңдігі 2,5, ал ені 25 метр су түбі шөгінділерден тазартылып, ұйма балшығы алынбақ. Бүгінде кей жерлерде судың тереңдігі бар болғаны 1 метр, тіпті 50 сантиметрге дейін бар екен, сондықтан оны тереңдету аса қажет шаруа. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, Жайық өзенінің түбін тереңдету жұмыстары да өткен жылдың желтоқсанында басталыпты. Жобаға сəйкес топырақ 23,5 шақырым қашықтықтағы учаскеден бастап жиналады. Сонымен қатар ұзындығы 16,9 шақырым болатын өзеннің жаңа арнасы қазылады.Мамандардың айтуынша, жұмыстар бір-біріне ұқсас. Мұнда да жерді қазатын, қоймалжың балшықты сораппен жағадан қашық төгетін әртүрлі техникалар пайдаланылуда. Қос өзен бойынша қазіргі таңда жұмыстар қызу жүргізілуде.


Міне, брифингте «Павлодар өзен порты» АҚ төрағасының орынбасары Р.Хомаров осындай мәліметтер келтірді. Брифингте «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының директоры Галина Чернова, Атырау қалалық мәслихат депутаты Салтанат Рахимова, өзге де қатысушылар өз пікірлерін айтты.
«Павлодар өзен порты» АҚ мамандары брифингке қаты-сушылардың «осы уақытқа дейін қанша текше метр топырақ алынды?» деген сұрағына Қиғаштан 900 мың, Жайықтан 400 мың текше метр топырақ алынғанын мәлімдеді. Мелиорация саласының маманы, еңбек ардагері Қали Әубекеров те өз пікірін білдіріп: «Осы жұмыстың пайдасын ең алдымен халық көруі тиіс. Егер жұмыс дұрыс жүргізілмесе балық та көбеймейді, су көлемі де артпайды. Сондықтан бұл жобадан жергілікті халық үлкен үміт күтіп отыр. Бұл болашақ үшін аса қажет шаруа. Облыс әкімдігі мердігерлер атқарған жұмысты үнемі қадағалап отыруы тиіс және мұндай шараға облыс басшылары, экологтар, ихтиолог мамандар шақырылуы қажет. Жұмыс бірлесе атқарылуы тиіс» деген уәжін ортаға салды.
Өзендердің түбін тереңдету, аймақтың экологиялық ахуалымен қоса экономикалық әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді. Қиғаш пен Жайық өзендерінің түбі өткен ғасырдың 80 жылдарында тазаланған. Осы қырық жылға жуық уақыт ішінде өзендердің теңізге құяр тамағы әбден бітелуге таяған. Судың тереңдігі кей тұстарда тіпті 40-50 сантиметр ғана болады. Қазір қолға алынып жатқан жұмыстар балық жүретін арналардың көзін ашып, уылдырық шашу өрісіне еркін өтуін қамтамасыз етеді.
Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасы көптеген тармақтарға бөлініп кетеді. Осы өзеншелердің жағалауларына кісі бойы қалың қамыс өседі. Қамыс өте мықты, биік болып, жағалау мен суда қаулап өсетін өсімдік. Оны жазда балғын кезінде шауып, жинап алмаса күзде сабағы қатайып, қураса да сынбайды. Жылдан жылға өзекте жиналған мұндай қамыс нығыздалып теңіздің тамағын бітеп, өзенмен ағып келген лай шөгіндіні бойында ұстап қалып отырады. Осылайша өзен атыраулары қайраңданып, тайызданады әрі балықтардың әрлі-берлі өтуіне тосқауыл болады. Жайық өзеніндегі атқарылып жатқан тереңдету жұмыстары негізінен теңізге құйылатын бітеліп қалған өзен тармақтары, яғни осы атырауларда жүргізілуде.
— Жайық өзенін тазалау жұмыстары 2012-2017 жылдар аралығында Атырау облысының Индер, Махамбет аудандары және Атырау қаласы аралығындағы өзен суына жүргізілді, — дейді біз жолыққан Атырау облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұрлыбек Сақпаров. Жайық өзенінің ирелеңдеп ағатын қиылыстарындағы түбіне құм, саз жиналып, саяздап қалған 16 қайраңы (Индер – 8, Махамбет – 8) қазылып, тазартылып, тереңдетілген. Бұл жұмысты да мердігер мекеме «Павлодар өзен порты» АҚ атқарып шыққан-ды. Сондықтанда биылғы жасалатын көлемді жұ-мыстарға айтарлықтай тәжірибемен келген.
Өзен астынан шығарылатын шөгінді лай, шөп-шалам, қоқыс жағалаудың сол жағындағы арнайы қазылған (тереңдігі-60 см., ұзындығы 20-25 метр) шұңқырларға сорғылармен құйылады. Бірнеше күннен кейін шөгінді апан түбіне тұнған соң, бетіне жиналған таза су қайтадан Жайық өзеніне жыралармен кері ағызылады. Сөйтіп тұнып қатайған шөгінділер мен балшық саздың беті алдында қазып шығарылып, жинап қойылған топырақпен кері жабылып, бастапқы табиғи қалпына орнына келтіріледі. Осылайша өсімдіктердің қайтадан өсуі мен қорғалуы ескерілген. Жағалауда шұқырлар қазып дайындау карта бойынша әзірленеді. Әрине, атқарылатын жұмыстардың бәрін алдын ала ғылыми тұрғыда ғалымдар зерттеп, бірнеше жылдар бойы бақылауда ұстап отырғаны артық болмас еді. Себебі өсімдіктер, балықтар, құстар, су мен жер қабаты жағдайларының осындай жұмыстардан кейін қалай өзгеретінін талдап, біліп отырғанда ғана жұмыс нәтижесі айқын көрінеді. Дегенмен өзендердің тазалануы мен қорғалуы табиғат пен адамзат үшін жасалатын жақсы істің игі қадамы. Бүгінгі таңда Қиғаш өзені бойынша 6,5км, Жайық өзені бойынша 5,1км. тереңдету жұмыстары орындалды. Нысан құрылысы жұмыстары 36 айға созылады. Қыста өзен сулары қатып, жұмыс тоқтағанымен жағалауды алдағы кезеңге әзірлеу жалғаса береді.

Қосұйым Мұқашев,
Светлана Муньянова,
Атырау облысы