Жайықтың қос алыбына құрмет

Оралда қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына және Қадыр Мырза Әлінің 85 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Ақ Жайыққа келген игі жақсылардың ішінде қос қаламгердің жары Софья Молдағалиева мен Салтанат Мырзалиева, театр тарланы А.Әшімов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұ.Есдәулет, ақын Ж.Ерман, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары М.Құлкенов, сазгер А.Қоразбаев сынды қадірменді қонақтар болды.

Мерейтойлық шаралар аясында «Мен қазақпын» деп жырлаған рухты ақынның мерейтойына орай алып ескерткіш бой көтерді. Салтанатты шарада сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиев алдымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халық жазушысы Ж.Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойына жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Шарада сөз алған зиялы қауым өкілдері мерейтой иесі туралы естеліктерімен бөлісті.

Жұбан тынымбағында тұғырға қонған сөз зергерінің мүсінін нұрсұлтандық мүсіншілер С.Рустамбеков пен Е.Зиябеков тарту етті. Шара соңында кеш қонақтары, жиналған қауым ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Қазақ поэзиясының тағы бір алыбы Қадыр Мырза Әлінің 85 жылдығына арналған іс-шаралар ақынның есімі берілген мәдениет және өнер орталығында жалғасын тапты. Журналист Қали Сәрсенбайдың «Қазақтың Қадыры» атты кітабының тұсаукесері болды. Ақынның мерейтойына арналған облыстық жыр мүшәйрасы жеңімпаздары марапатталды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы