Жақсы әйелді қалай табамын?
Алланың осы дүниедегі нығметтерінің ең қайырлысы – жақсы жар. Мұны Пайғамбардың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) төмендегі хадис-шәрифтері айғақтайды. «Мүміннің Аллаға тақуалық қылуынан кейінгі ең үлкен тапқан пайдасы – ізгі жұбайы. Егер ері оған бұйырса – мойынсұнады, қараса – қуантады, ол үшін ант етсе – антын орындайды, егер ері сыртта болса, өзінің жаны (ар-ожданын) мен оның малын сақтайды» (Ибн Мәже риуаяты). «Дүние – қызықтау, ондағы қызықтардың ең қайырлысы – ізгі әйел» (Мүслім риуаяты).
Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Бір әйелге төрт нәрсесі үшін үйленеді: мал-дүниесі, тектілігі, әдемілігі және имандылығы үшін. Діні барға қол жеткіз, қолың топырақ болғыр» (Бұхари риуаяты). Әл-Ләйсидің Әбу Сағид әл-Худриден жеткізген риуаятында Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қи-көңнің көгалынан сақ болыңдар!», – деп ескерткен. Бір адам: «Қи-көңнің көгалы деген немене?», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ол – нашар ортада өскен әдемі әйел», – деп жауап береді. Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа бір хадисінде былай деген: «Әйелдерге тек әдемі-лігіне қарап үйленбеңдер. Әдемілігі тәрбиесіздікке апарып соғуы мүмкін. Тек байлықтарына қарап та үйленбеңдер. Өйткені, бай-лығы шектен шығуына себеп болуы ықтимал. Әйелдерге имандылығына қарап үйленіңдер. Өйткені киімі ескі болса да иманды күң артық» (Әбу Дәуіт). Жоғарыдағы хадистердегі ойды түйіндеп, қорыта айтқанда, үйленетін қыздың төмендегі сипаттарына ерекше мән бермек керек.
1. Діндарлығы мен имандылығы. Мұндағы дін дегеніміз, әрине, Ислам діні. Өйткені, Алла Тағаланың алдындағы хақиқи шынайы дін біреу, ол – Ислам діні. Ал, қалған дінсымақтар мен наным-сенімдер Алланың дініне жатпайды. Құран Кәрімде Хақ Тағала былай дейді: «Шындығында Алланың алдындағы дін – Ислам!» (Әли Имран, 19); «Егер олар мұсылман болса, тура жол тапқан болар еді» (Әли Имран, 20); «Кім Исламнан басқа дін іздесе, онысы ешқашан да қабыл болмайды әрі ол ақыретте опық жеушілерден болады» (Әли Имран, 85). Дінді білу, иманына беріктік, діндарлық – Құдай Тағаланың пенделерінен ең жақсы көретін сипаттары. Осындай сипаттар арқылы ғана әрбір пенде екі дүниенің игілігіне ие бола алады. Дінін біліп, Жаратушысын танып, Онымен намазы, зікірі арқылы байланысын нығайтқан жан мен діннен бейхабар, күнделікті күйбең тірліктен артылмай кеткен, Жаратушысын аз еске алатын жан әсте тең болмайды. «Әлде түні бойы (намазда) сәждеде жатып, тік тұрып, ақыреттен сақтанып, Раббысы-ның рахымынан үміт ететін жан сенбейтін жанмен тең бе? (Сен оларға) «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?!», – деп айт. Шындығында, ақылы барлар үгіт алады» (Зүмәр, 9). Алланың елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Раббысын еске алып жүретін мен еске алып жүрмейтіннің мысалы – тірі мен өлінің мысалындай» (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен). Сондықтан да, діндар мен дініне селқос қарайтын жандар тең болмайды. Үйленудегі, жар таңдаудағы алғашқы шарттардың бірі осындай. Алла Тағала Құран Кәрімде былай бұйырған: «Мүшрік әйелдерге қашан олар иман келтірмейінше үйленбеңдер. Тіпті, ол сендерге ұнаса да, расында, мүшрік әйелден иман келтірген күң артық. Мүшрік ерлерді де қашан олар иман келтірмейінше (иман келтірген әйелдерге) үйлендірмеңдер. Тіпті, ол сен-дерге ұнаса да, расында, мүшрік ерден иман келтірген құл артық. Олар (мүшріктер) тозаққа шақырады, ал Алла Өз рұқсатымен жәннатқа, кешірімге шақырады. Ол Өзінің белгілерін, бәлкім, үгіт алар деп адамдарға баян етеді» (Бақара, 221).
2. Пәктігі. Бұл жайында Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үйленерде пәк қыздарды таңдаңдар. Өйткені, олардың сөйлеген сөздері жағымды, ерін қуан-тады әрі азға қанағат етеді», – деген. (Ибн Мәже риуаяты). Яғни, шариғат қыздың пәктігіне қатты мән береді. Айша анамыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа жұбайларынан артықтығын мысал етіп, Пайғамбарға(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Уа, Расулалла! Егер желінген ағаш пен желінбеген ағашы бар аңғарға түссеңіз, түйеңізді қайсысына жаяр едіңіз?», – деп сұрайды. Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Еш желінбегеніне», – дейді. Сонда Айша анамыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)): «Міне, сол – менмін», – дейді. Алланың елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы Жәбір үйленгенде неге қыз алмағанын сұраған.
3. Көп құрсақ көтеретін жұбайдың артықшылығы. Әнес ибн Мәліктен (Оған Алла разы болсын) жеткізілген риуаятта Алланың елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сүйкімді әрі көп бала туатын әйелге үйленіңдер! Қиямет күні пайғамбарларға сендердің сандарыңның көптігімен мақ-танайын» (Ахмет риуаяты).
4. Тәрбиелі, өнегелі отбасынан шығуы. «Шешеге қарап қызын ал» дегендей, қыздың тәрбиесі отбасына байланысты. Сол себепті қыздың мінез-құлқын білу үшін оның отбасына қараған дұрыс.
5. Басқа жұрттан алу. Жарды туыс, жақын емес, алыстан, басқа елден, рудан таңдау қажет. Бұл баланың денсаулығының мықты әрі сымбатты болып тууына себеп болады. Пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінде жақындар мен туыстық байланысы барлардың қосылуларынан сақтандырған. Өйткені, туыстық байланыстары бар жұбайлардан туылған бала әлжуаз, денсаулығы нашар болады. Пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Туыстарды некелестірмеңдер, шындығында (олардан туылған) бала әлсіз, қабілеті нашар болып туылады»; «Алыстан алыңдар, (ұрпақтарыңды) әлсіретпеңдер».
ҚМДБ Шариғат және
пәтуа бөлімі,
www.fatua.kz