Жақсы әкенің 10 сипаты қандай?
Бүгінгі таңда ер балаларымызға жігіттік, қыз балаларға ұяңдық жетіспей жүр. Отбасында әкенің рөлі маңызды. Көпшілігіміз ананың қадір-қасиетін дәріптейміз де, әке образы екінші орынға жайғасып жатады. Алайда, әке міндеті, әке тәрбиесі, әке болмысы балаға бірден-бір әсер ететін фактор.
Қыз бала болса да, ұл бала болса да, әке тәрбиесінің орны бөлек. Жақсы әке болу үшін қандай қағидаларды есте ұстаған жөн? Біле жүріңіз:
- Балаларыңның анасын құрметте
Жанұяда ата-ана сыйластығын көрген бала қай жерде болмасын өз қадірі мен сыйын біледі. Өзгенің де сезімін бағалайды.
- Уақыттың көп бөлігін балалармен өткізген дұрыс
Жұмысбасты адамдардың балалары мейірімге мұқтаж болып өседі. Балаға тәрбиені белгілі бір кезеңде ғана сіңіре алатыныңызды ұмытпауыңыз керек.
- Баланы үнемі тыңдай білу керек
Оның айтып отырған сөзі маңызды болмаса да, тыңдап үйрену қажет. Балаңыз есейген болса, оның идеялары мен проблемаларына баса назар аудару қажет.
- Жазалауға жақын болмаңыз
Кінәлі болса, ақылмен түсіндіріңіз. Қандай мәселе болмасын, әділ шешім қабылдаңыз.
- Үлгі тұтарлық тұлға болыңыз
Балаларыңыз өзгеге еліктемесін. Қызыңыз сізге қарап, болашақ жарын елестетсін, ұлыңыз өзін сізбен салыстырып үйренсін.
- Балаларға жақсы ұстаз бола біліңіз
Ақ пен қараны ажыратуды үйретсеңіз, келешек ғұмырда дұрыс таңдау жасайтыны сөзсіз.
- Бірге тамақтаныңыз
Үстел басындағы отырыстың да тәрбиеге әсері зор. Бала өзін еркін сезініп, күнделікті іс-әрекеттерімен үнемі бөлісіп отыруға дағдыланады.
- Кітап оқып беріңіз
Сәби күнінен бастап, өзіңіз оқып беріп, өзіңіз түсіндірсеңіз, жеке тұлға болып қалыптасу жолында жаңылмайды.
- Қамқор болыңыз
Өзін қауіпсіз ортада сезінген бала жасқаншақ болмайды.
- Әкенің міндеті ешқашан таусылмайды
Балалар өскеннен кейін де әкенің ақылына жүгінетін кездері көп болады.
Дереккөзі: massaget.kz