Жамбылда әктас өндірісі жақсы дамыған
Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары Тәуелсіздік жылдарында қиын кезеңдерді бастан өткерсе, бүгінде табысты дамып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып, жүздеген жамбылдықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Қордай ауданындағы «Ақтас» ЖШС озық халықаралық стандарттарға сай, сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім шығарады.
Серіктестік басшысы Тимур Байгелдиевтің айтуынша, кәсіпорын 1998 жылы Ағалатас кен орны негізінде құрылған. Бүгінде мұнда 130-дан астам адам еңбек етеді, олардың әрқайсысы компанияның тірегі мен мақтанышы деуге болады.
Кәсіпорында жұмыс қиын, бірақ маңызы ерекше. Кәсіпорынның негізгі өнімі – әктас пен фракцияланған қиыршық тас. Бұлар құрылысқа таптырмайтын материалдар. Жыл сайын кәсіпорын бір миллион тоннаға дейін әктас пен 200 мың тонна фракцияланған қиыршық тас шығарады. «Ақтас» ЖШС материалдары тек Қордайда ғана емес, Шу, Меркі өңірлерімен қатар көршілес Алматы облысында да сұранысқа ие. Компанияның негізгі шетелдік серіктесі көрші Қырғызстандағы цемент зауыты.
«Ақтас» ЖШС-нің тұрақты және тиімді жұмысы жергілікті экономикаға нақты пайда әкеледі. Жыл сайын кәсіпорын салық түрлері мен түрлі төлемдер арқылы аудан бюджетін 500 миллион теңгеден астам сомаға толтырып отырады.
«Ақтас» ЖШС-нің жеке зертханасы бар, мұнда мамандар күнделікті шикізатты тексереді.
– Шикізаттың құрамын зерттеп, пайдалануға жарамдылығын тексереміз. Барлығы осыған байланысты – цементтің беріктігінен бастап, біздің өнімдерді пайдалана отырып салынатын ғимараттардың қауіпсіздігіне дейін», – дейді зертхана меңгерушісі Әлия Айтпаева.
Мұнда әрбір қызметкер тек кәсіби маман ғана емес, өз ісін шын жүректен сүйетін адам. Мәселен, ауыр жүкті БелАЗ көлігінің жүргізушісі Ахмет Иманалиев кәсіпорын құрылған күннен бастап еңбек етіп келеді.
Өз ісіне берілгендіктің тағы бір мысалы – Николай Николаевич Созыкин. Жас мамандар оны құрметпен ұстазым деп атайды, өйткені еңбек еткен жылдары Николай Созыкин бір емес, бірнеше шеберлер буынын дайындады. Оның шыдамдылығы, егжей-тегжейге назар аударуы және өз білімін бөлісуге деген ұмтылысы компанияда ерекше атмосфера жасайды.