ЖАҚСЫ МЕН ЖАҚСЫ ҚОСЫЛСА…
З.Қабдолов — 95.
Сәуле Қабдоловамен сұхбат
— Сәуле апай, міне, екі ай болды, сіздің күнделігіңіздің де аяғына жеттік. Оқырманның ықыласында шек жоқ. Газетке жазылмай қалғандары редакциямыздан сұрап алып, оқып жатыр. Жалпы, бұл жазбаларға не түрткі болды? Күнделікті бұрыннан жазасыз ба?
— Жас кезде күнделік жазған емеспін. Мен өмір бойы мұғалім болдым. Біздің бағып-қаққан перзенттеріміз — ер балалар. Немерелер де, шөберелер де, негізінен, ұлдар. Бір ғана қыз немереміз бар. Оның өзі де ылғи ұлдың ішінде алысып-жұлысып, ер бала секілді болып өсті. Алдымен, солардың кейбір қылықтарын дәптерге түртіп қойып отырдым. Есейген соң естеріне түсірейін дегенмін. Екіншіден, Зекең — бір үйдің адамы емес, халықтың адамы. Кейде сырттан қуанып, кейде жабырқап келеді. Сондай көңіл-күйлерін қағаз бетіне түсіріп қойсам, шығармашылық жұмысына қажеті болып қалар, осыған бір себебім тиер деген ой болды. Кейінгі зерттеушілерге де керек болар дедім. Бірақ мен күнбе-күн жазғаным жоқ. Оған менің уақытым да болмады. Көңілім қалағанмен, уақыт жетпеді. Шынын айтқанда, күнделікті жариялау үшін емес, өзім үшін жаздым. Екі ұдай ойда отырдым ғой. Біресе үміттендім. Тіпті сол жылғы тамыз айына дейін тәуір болып кетер деп ойладым. Белгілі бір мақсат болған жоқ. Зекеңнің аузынан шыққан әр сөзді жазып қоя бергім келді. Кейін үміт жіңішкере бастады. Осының аяғы қалай болады деген ой болды. Күйініш-зарымды мен кімге айтамын? Сөйтіп, қағазға түсіре бердім. Әйтпесе, мен өмірімде мақала жазып көрген адам емеспін. Мектепте жүріп, күнделікті сабақтың жоспарын жазғаным болмаса…
— Жазып үлгере алмай қалған сөздеріңіз де болды ғой, сірә?
— Болды ғой… Оны өзім де ұмытып қалдым қазір.
— Зейнолла аға сіздің күнделік жазып жүргеніңізді білді ме?
— Ол кейде: «Менің қолым тие бермейді ғой, сен бірдеңе жазып жүрсейші» деп қоятын. Бірақ менің не жазып жүргенімді сұрап, күнделігімді қарап, сұғынған емес. Мен ол кісі ауырмай тұрған кезде де ойыма түскен нәрселерді қағазға түртіп отыратынмын. Күнделік жазып жүргенімді білді. Бірақ бұл жазбаларда шаруасы болған жоқ. Қағаздарымды көрген жоқ. Оны көретін мүмкіндігі де болмады.
— Көп ішінде жүріп қалған адам ғой. Төсекте жатқанда сыртқы дүние мәліметтеріне жиі құлақ түрген шығар?
— Зекең науқастанып жатқанда біздің сыртқы дүниеден алатын ақпарат көзіміз тек қана газет болды. Теледидарды да ұзақ қарай алмады. Кейін шаршай бастады. Көзі жарқырап жататын. Мен сол көзіне таңғалатынмын. Ол кісінің көзі тым қара да емес, шедірейген өткір де емес еді. Көзінде ақыл тұнып тұратын. Кейде көзі мұңды көрінетін. Зекеңнің көзінен көп нәрсені аңғаруға болатын еді. Көп нәрсені сонымен білдіретін. Анандай халде жатқанда көзіне де батылданып көп қарай алмадым. Бірақ өзі бәрін де көріп қалайын дегендей, кірпік қақпай ұзақ қарайтын. Сондайда мен көзімді тайдырып кетемін.
— Күнделікте баяндағаныңызға қарағанда, ауруға аса шыдамды болған сияқты…
— Өте шыдамды болды. Бір дыбыс шығарған жоқ. Абыржыған емес. Ұстамды болды. Тіпті қиналысын білдірген емес. Кейбір кісілер өмірмен қоштасқан секілді уайым айтады ғой. Оның бірі де болған жоқ. Тамыз айында төмендей бастады ғой. Не істей алам? Аяғын уқаладық та отырдық.
— Күнделіктің бір тұсында ағамыз ұзақ уақыт тіл қатпай қалғанда «Шөмішбай» деп тілі шыққанын жазыпсыз. Қаншама ақынның ішінен Шөкеңнің есімі Зекеңнің есіне қалай түсіп жүр?
— Зекеңнің жатқан бөлмесінде транзистор бар еді. Содан Шөмішбай Сариев өлең оқып жатса керек. Сау кезінде күнде бетінен сүйіп жүрген ақын інілерінің бірі ғой. Соған елең етіп, тілі шығып, сөйлеп кетті. Зекең қайтқаннан кейін Жұмағали Ысмағұловтың сексен жылдығы Ғалымдар үйінде аталып өтті. Сол кешке Өмірзақ Сұлтанғазиннің зайыбы Райхан екеуміз бардық. Сөйлейін деген ойым жоқ еді. Бір қарасам, Шөмішбай сахнада өлең оқып тұр екен. Трибунаға қалай шығып кеткенімді өзім де байқамадым. Айттым сол жерде өкпе-назымды. «Мынау сол Зекеңнің жақсы көретін Шөмішбайы еді. Сол Шөмішбай ағасы қанша жыл жатқанда халін бір рет сұрауға да жарамады», — дедім. Жұрт мені жақсы түсінді. Бәрі де белгілі адамдар ғой. Соңынан арсалаңдап Шөмішбайдың өзі де келді.
— Аллаға шүкір, қазір ағамыздың шөберелері де бар ғой…
— Иә, Алматыда өз шаңырағымызда немереміз Сардардан Санат пен Қайсар деген екі шөбереміз бар. Осы қалада немереміз Абайдың шаңырағында Рамазан, ал Атыраудағы немереміз Арынның үйінде Айдын деген шөбереміз өсіп келеді. Қазақтың бәрі шөберенің қолынан су ішуді армандайды ғой. Зекең сол арманына жетті. Санаттың алақанына су құйып, ол үстіне ағып, біраз күлгенбіз. Немерелерінің бәрін жеткізіп кетті ғой. Арай деп атын мен қойған немереміздің суретші болуын шешесі онша қаламады. Суретшінің ақшасы жоқ, жағдайы болмайды деп, ұлының басқа мамандықты игергенін жөн көрді. Ал атасы немересінің қасына келіп: «Арай, ұлы суретші болғың келе ме?» — дейтін. «Болам», — дейді бала. «Қатты айт! Ұлы суретші боласың ба?» — дейді атасы. Бала бар демін ішіне тартып, күшеніп: «Болам!» — деп айқайлайды. Атасы оны өзі ертіп апарып, суретшілер даярлайтын колледжге берді. Кейін Ұлттық өнер академиясын бітіріп шықты. Қазір дизайнер болып қызмет істейді.
— Әулеттеріңізде ғылым жолын қуғандар да болды ғой?
— Ұлымыз Серік — техника ғылымдарының докторы, профессор. Пневматикалық екпінмен бұрғылау саласынан жаңалық ашты. Қазір Қазақ-Британ техникалық университетінде қызмет істейді. Немереміз Сардар — экономика ғылымдарының кандидаты. Оның қорғауының жай-жапсары осы күнделікте айтылды. Алматы қалалық әкімдігінде қызмет істейді. Атырауда Санжар деген немереміз Зекеңнің кітап үйіне ие болып отыр.
— Зейнолла аға өзі күнделік жазды ма?
— Жоқ. Тіпті оған уақыты болған да жоқ. Қарап отырсам, қозғалысқа толы бүкіл өмірінде елдің арасында жүріпті.
— «Менің Әуезовімді» ұзақ жаздым деп өкінген жоқ па?
— Өкінген кезі болды. Талай жазам деп оқталғанда уақыт жетпеді ғой. Бір күні жұмыстан келді де: «Бұрышта бір киоск бар. Сонда Марина Цветаеваның «Мой Пушкин» деген кітапшасы тұр. Соны алып келші» , — деп мені жұмсады. Соны қарап отырып: «Сәуле, мен «Менің Әуезовім» деп жазам», — деді. Мен ыңғайсыз көрдім. «Қалай сен сондай ұлы адамды «Менің Әуезовім» дейсің? Халықтың адамы ғой», — дедім. «Міне, Марина Цветаева өз ұғымындағы Пушкинді жазды ғой. Мен де солай дәлелдеймін!» — деді ол. Оған дейін «Дананың дидары» деп жүрді.
— Науқастанып жүргенде «Неге көп дүниені кезінде жазып тастамадым?» деп күйзелген жоқ па дегенім ғой… Қаламгерлер қауымы ол кісіні ел алдында көп жүргендіктен шығармашылық мүмкіндігін толық пайдалана қоймаған адам деп есептейді. Ағаның өзі осыны сезінуші ме еді?
— Өзі онша көп мойындағысы келмейді. Оны айтатын Әбе ғой. «Сен сыртта көп жүресің», — дейді. «Даласусың», — дейді. «Уақытыңның көбін сөйтіп құрттың», — дейді. «Сенің кестелі тілің босқа кетіп жатыр», — дейді. Талай айтты ғой. Үндемейді, тыңдап отырады. Шынында да, өзі үйде немесе бір жерде сарылып отыратын адам болған жоқ. Үйге бір-екі күн кісі келмей қалса, елеңдеп отыратын. Қонақ келсе, қуанып кетеді.
— Жалпы, аға шығармашылық жұмыспен қай кезде, қалай айналысты?
— Күндіз мүлде уақыты болмады. Жазуға түнде отыратын. «Сөз өнерін» жазған кезде тапжылмай отырды. Зекең шығармаларын жазып біткен соң баспаға берер кезде немесе басылымға жариялар алдында кешке қарай екеуміз оқитынбыз. Шынымды айтсам, менің оған түк септігім жоқ. Бір сөзіне де үлес қоспаймын. Тек қана тыңдаушымын. Үндемей ғана салыстырып отырамын.
— Соңында жазып үлгермеген қандай шығармалары қалды?
— Желтоқсан көшесіндегі үйде Махамбет туралы көркем дүниесін бастады. Жаңа үйге көшіп келген соң шындап кірісті. Екі дәптер жазды. Басы «Ақын өлімі» деп басталады. «Тайсойған», «Исатай», «Қараой» деген үзік-үзік тараулары бар. Бірақ толық композициясы жасалмады ғой деймін. Оны күнделігімде де айттым. Көлемі жетпіс беттей болып қалар. «Менің Әуезовімнің» екінші кітабының қолжазбасы жатыр. Оны біткен дүние секілді таза дәптерге көшіріп қойыпты. Демек, бір жүйеге келген. Бұл кітаптың оқиғалары 1957 жылдан, Ташкент конференциясынан басталатын болуы керек. Екі пьеса аударып қойған. Біреуі — Назым Хикметтің «Дамоклов меч» атты драмасы. Оны «Қылша мойным талша» деп аударыпты. Екіншісі Сергей Михалковтікі-ау деймін.
— Ағамызбен алғаш танысқан кезіңізде айтқан сөзі есіңізде ме? Өмірден өтерінде не айтты?
— Мен 1947 жылы ЖенПИ-дің бірінші курсын бітіріп, ауылға каникулға келіп, Қызылқоғадан Доссорға баратын мәшинеге мінейін деп тұрған кезім еді. Қасымда бірнеше қыз бар. Тағы бір жүк мәшинесінің қасында қойдың ортасында тұрған екі-үш жігітті көрдім. Ішінде Зекең де бар екен. Қызылқоғада ауылдық кеңестің төрағасы болып істейтін нағашысына келіпті. Нағашысы ақшаның орнына (ақшаның қат кезі ғой) «сатып, пұл қыларсың» деп қой беріпті. Соны алып бара жатқан беті екен. Өзі КазГУ-дің үшінші курс студенті. Ұйқы-тұйқы жел тұрды бір кезде. Кейін айтады ғой… «Сен сол кезде етегіңді баса қалдың. Сол маған әсер етті. Мына қыз тәрбиелі екен!» деп ойладым дейді. Мені көргенде солай деп ой түйіпті. Ал кетерде… еш нәрсе айтпады. Айта да алмады…
— Зекең қазір түсіңізге кіре ме?
— Кіргенде қандай. Әсіресе, әдепкі жылдары көп көрдім. Жақсы кейіпте кіреді. Үлкен ақ төсекте малдас құрып отырады. Қасында кішкене балалар ойнап жүреді. Бәріне разы секілді. Қазір алыстан елес сияқты сұлбаланып көрінеді. Тік қарамайды. Тіл қатпайды. Солай көрінеді түсімде…
Әңгімелескен
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2009 жыл