ЖАҚСЫ МҰСЫЛМАН БОЛҒАНЫҢ – ҚОҒАМҒА ПАЙДАЛЫ БОЛҒАНЫҢ…

Қай заманды, қай кезеңді алсақ та біздің халқымыз дін, тіл, жер мәселесіне қашан да сергек қараған. Өйткені, дін, тіл, жер – ұлттың негізгі ұстындарының бірі саналған. Ал қазіргі кездегі дін төңірегіндегі мәселелер де бұған бей-жай қарай алмаудың айғағы дер едік. Мұндағы басты мәселе – Исламға келушілердің санында емес – сапасында, діни таным-түсінігінің түзулігінде. Одан да күрделі мәселе – осы ортаны басқаруда, аудиторияны игеруде… Бұл – кешенді мәселе, қоғамдық жауапкершілік деп атар едім.

Аллаға шүкір, жастар дінге бет бұруда. Әрине, қуантарлық жағдай. Алайда, оларға бағыт-бағдар беріп отыратын тұлғалар қажет. Олар кім? Әрине, үйде – ата-ана, ата-әже, мектепте – мұғалім, психолог, тәрбиеші, мешітте – имам, ұстаз, т.б. Әрбір жауапты тұлға өзіне қатысты міндетті ыждаһаттылықпен атқарса, жастар адаспайды.

Ағым деген – вирус. Оның шеті яки шекарасы жоқ. Ағым – ғаламдық мәселе. Ал оған қарсы иммунитет – иман, дұрыс діни сенім, салт-дәстүр, ата-әже институты, ұлттық тәлім-тәрбие, т.б. Халқымызда ата-әже институтының бала тәрбиесінде қандай рөл атқарғанын жақсы білесіз. Осындай ұлттық тәрбие мектебімізді, ұлттық менталитетімізді жаңғырту арқылы жастарымызды жат ағымның ықпалынан қорғап қала аламыз.

Дәстүр – қуатты күш, кез келген ағымға төтеп беретін құндылық. Салтын сақтай білген қоғамға ешкім іріткі сала алмайды. Бұл тәжірибеде дәлелденген нәрсе. Мәселен, үлкеннің сөзін тыңдау, ата-ананың айтқанын екі етпеу, молдаға құрмет көрсетіп, оның уағызына амал ету – біздің дәстүрімізде бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Ол ешкімге жаңалық емес. Сондықтан біз әдет-ғұрпымыздың осындай игілігін көбірек пайдалануымыз керек.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев брифингте салафизм ағымында жүргендер қоғамдық және ұлттық құндылықтарды өз идеяларынан жоғары қоятынын атап өтті.

Біздің талдауымыз бойынша, расымен де, жат ағымда жүргендердің басым бөлігі өз дәстүрін қадірлемейді. Олар қазақы таным-түсініктен алшақтай бастағандар. Олар үшін Отанның, жердің, тілдің, дәстүрдің, т.б. қадірі жоқ. Ал дін мен дәстүр жобасы теріс діни көзқарасты түзетуге ықпал етеді. «Мен – қазақпын, Қазақстан мемлекетін құраушы негізгі ұлт – қазақ» деп түсінген адамның патриоттық әрі жауапкершілік сезімі оянады.

Дін мен дәстүр – жікке бөлінген жамағатты ортақ мүддеге жұмылдыратын жол. Біз оны діни тәжірибедегі жұмысымыздан айқын аңғардық. Осы бағытта мемлекеттік деңгейде кешенді бағдарлама қабылданып, дін мен дәстүрді насихаттайтын біртұтас идеологиялық жұмыстар жүргізілуі тиіс деп санаймыз.

Халқымыздың түсінігінде «ұят болады» деген үлкен ұғым бар. Ата-әжелеріміз, ата-анамыз кішкентайымыздан бастап санамызға «ұят болады» деген ұғымды сіңіріп өсірді. Міне, дәстүр дегеніміз осы. Сол «ұят боладының» арқасында қаншама арсыз әдеттен сақтандық. Өзінен, адамдардан, Алладан ұялатын кісі жамандыққа әсте жол бермейді.

Мың жылдан астам тарихы бар, дала заңы демократиясының негізі саналған дініміздің құқықтық мектебі – Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы жұртымыздың жүрер жолы болған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы дәстүрлі Исламды насихаттайды және бірлігімізді нығайта түсу үшін мұсылман жамағатын Әбу Ханифа мәзһабын ұстануға шақырады. Діни сенім бостандығы туралы заңымызда да төл мәзһабымызға айрықша мәртебе берілді.

Баршамызға аян, соңғы жылдары елімізде орын алған қайғылы оқиғалар тиісті саладағы жұмыстарды жетілдірудің қажеттігін байқатты. Соның ішінде діни саладағы жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныстарды қайта қарап, тиімді шешім қабылдайтын уақыт жетті деп есептейміз. Салафизмді ұстанатын адамның көзқарасын өзгерту немесе оларды райынан қайтару үшін тиімді әрі кешенді жұмыс жүргізу керек. Осы бағыт бойынша біздің ұсынысымыз – орта-азиялық діни мектептің рөлін арттыру. Орта азиялық мектеп – діни саладағы кешенді жүйе. Бұл – қазақ мұсылмандығында бұрыннан қалыптасқан жол, дала халқының болмысымен, табиғатымен бітеқайнасып кеткен мектеп, діннің түп негізіне сүйенген діни ережелердің ортақ жиынтығы. Осы аталған діни мектеп радикалды көзқарасты, дінде шектен шығуды (фанатизм) қолдамайды. Керісінше, гуманизмді насихаттайды. Тарихымыздан белгілі, қазақ даласында дінге қатысты ешқандай лаңкестік оқиға болмаған.

Тарихқа қарасақ, күшті жүйе мен қатал ережелер негізінде құрылған мемлекеттер мен хандықтар қанша қуатты болғанымен, бірнеше жүзжылдықта құлады. Ал діни құқықтық мектеп ғасырлар бойы тарихи тамырын сақтап, осы күнге дейін жетті. Өйткені, халықпен бірге оның дәстүрлі діні де бірге өмір сүреді. Осылайша, ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырады. Қазақ мұсылмандығымен бірге сан ғасырдан бері қалыптасып келе жатқан орта азиялық мектебі бізді ғана емес, тарихы, тамыры һәм тағдыры ұқсас Орталық Азия халықтарын бірлікке ұйыстырады деген ойдамын.

Бұл – радикалды ағымға тойтарыс беруге ықпал ететін жол болар еді. Өйткені, дін мен дәстүрін құрметтеген адам ешкімге залалын тигізбейді. Ел ішінде бүлік шығармайды.

Біз «әһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Әбу Зарр (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі: «Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», – деп, көпшілікпен болуға шақырған. Халқымызда: «Тозған қазды топтанған қарға алады», – деген жақсы сөз бар.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадис-шарифінде: «Менің үмбетім адасудың үстінде бірікпейді. Жамағат арасында біріне-бірі қарама-қайшы келетін амалды көрсеңдер, көпшілік ұстанған жағына өтіңдер», – деп өсиет еткен. Өмір болған соң әр адамда дінге қатысты сауал туындауы мүмкін. Осындай түсінбеушілік болған кезде сол замат еш кідірместен, ешкімнің сөзіне алаңдамастан Діни басқарманың ғалымдарына, қызметкерлеріне, кез келген жергілікті имамдарға жолығып, сауалыңызды қойып, әрбір мәселенің мәні мен байыбын түсініп алғанымыз абзал. Бірлік деген осыдан басталады. Хадистегі: «…көпшілік ұстанған жағына өтіңдер», – деген сөздің мәні осында. Қазақтың мақалымен түйіндеп, тұжырымдап айтқанда, бұл: «Көнектен шошынған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас», – деген сөз.

Бір адамның радикалды діни көзқарасын өзгерту немесе райынан қайтару үшін онымен сағаттап отырып сұхбаттасуға, бірнеше күніңді сол кісіге арнауға тура келеді. Әйтпесе, жұмыс нәтиже бермейді. Бір күнгі кездесу ештеңе шешпейді. Сондықтан біздің Бас мүфтиміз Ержан қажы Малғажыұлы имамдарымызға: «Кемінде 4-5 шәкірті жоқ имам – толыққанды имам емес», – деген талап қойды. Біз шәкірттердің санын арттыру арқылы дәстүрлі дінді ұстанушылардың қатарын көбейте аламыз. Қазіргі имамдардың негізгі миссиясының бірі – байсалды, парасатты, зайырлы мұсылман жамағатын қалыптастыру. Жұрттың бәрінен молда шығару міндет емес. Әрбір азамат өзі таңдаған мамандығы бойынша елдің игілігі үшін қызмет етсе сонда ғана біз өркениетке қадам басамыз. Жастар арасында: «Біздің қоғамға иманды инженер, иманды есепші, иманды қаржыгер, иманды дәрігер, мұғалім қажет», – деп ұран тастап жүргеніміз сондықтан.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде», – деген. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның…  Әрбір мұсылман азамат «Қазақстан» атты алып ғимаратқа бір кірпіш болып қаланып, сол орында өз миссиясын ұқыпты, мұқият, адал атқаруы ләзім.

Серікбай қажы ОРАЗ

Муслим.кз