ЖАҚСЫ СӨЗДЕР ЖИІ АЙТУҒА ТЫРЫСАЙЫҚ

Жаратқан иеміз әркімді әрқалай жарылқаған. Біреуге есепсіз байлық берсе, біреуге Ай мен Күнге теңейтіндей ажар берген. Енді біреуді ақылы асқан дана етіп жаратып, енді біреуді тау қопарардай қара күштің иесі еткен. Әйтеуір әр пендесіне айрықша бір қабілет не қасиет дарытып, өз борышын орындау үшін жер бетіне жіберген сияқты. Кім өз міндетіне адал болса, абыройға бөленіп, ал орнын білмегендер басын тау мен тасқа соғып, ақыры аянышты болған.
Ертеректе бір адам бойындағы күш-қайратына сеніп, барлық мәселені жұдырықпен шешеді екен. Әлді мен әлсіздің текетіресі ешқашан бітпегенімен, адам өмірі өлшеулі. Уақыт өте келе әлгі алып күш иесінің әуелі оң қолы сырқырап ауырып, кейін жара шығыпты. Саусақ ұшынан басталған жара тез үдеп, бүкіл алақанға өтіпті. Емшіге барса, «бұл қауіпті жара, бүкіл денеге тарау қаупі бар, кеспесек болмайды» дейді. Жан тәтті, алғашында асау аттай тулағанымен, амал жоқтығынан келіседі. Қолдың басы кесіледі. Ол сөйтіп, осы кезге дейін сеніп келген, мұны өзгелер алдында айбатты етіп көрсететін жұдырығынан айырылады. Бірақ сырқат мұнымен тоқтамайды. Жара одан әрі жалғасып, қол енді білектен кесіледі. Бұған да тоқтамас деген қаупі барын емшілер жасырмайды: «Мұнда біз білмейтін бір тылсым сыр бар». Әлгі адам аяқ жететін жердегі қай емшіге барса да, бәрінің айтары біреу – «Өмірде біреуді қатты ренжіткен жоқсың ба, ойланып көрші?» болады. Бұл оңашада ойлап отырса, тірлікте талайларға қиянат жасаған екен. Әрине, жәбір көрген адам жылап қана емес, қарғап та қалады. Әсіресе, теңізден балық аулап күнелтетін балықшының ызадан жарылардай болған түрі есінде қалыпты. «Шықпаған жанда үміт бар», дереу сол балықшыны іздеуге кіріседі. Осы тұс еді-ау деп, шамалап жүріп балықшыны кездестіреді. Мән-жайды баяндап, сол жолғы айыбын өтейді. Балықшының ризалығын алған соң:
– Есіңде бар ма, сонда мені не деп қарғап едің? — деп сұрайды. Балықшы әлденені еске түсіргендей үнсіз қалады да:
– Есімде, — дейді. – Сол кездері ауға балық түспей әбден діңкелетіп жүрген. Үй толы бала-шаға. Бәрі де менің жолыма қарап отыр. Күні бойы ұстаған жалғыз балықты кешке келіп, біреу тартып алғанда, әділетсіздікке шыдамай жарылардай боласың.
– Құр жылаған жоқсың ғой, менің соңымнан біраз сөз айтып қалғансың, — дейді ол тағатсыздана.
– Сен балықты алып мәз болып бара жатқанда өзімнің әлсіздігіме қорлығым келген. Бірақ сені менен күшті етіп жаратқан Құдай екенін ойладым да, соған жалбарындым. Ей, Раббым! Сен оған ерекше күш бердің. Сен берген сол күшті пайдаланып, ол маған зұлымдық жасады. Білемін, сен одан да күштісің. Енді сен оған өзіңнің күшті екеніңді бір көрсетші дегенмін. Құдайдың құдіретін қарашы, сені алдыма дедектетіп алып келді, — деген екен. Балықшының кешірімін алысымен жара денеге жайылмай, тоқтаған көрінеді.
Бұл оқиға өмірде болған ба, болмаған ба, білмеймін. Ол маңызды да емес. Есесіне осыған ұқсас оқиғаларға жиі куә болып жүрміз. Біреу күшіне, біреу мансабына сеніп, өзінен төмендерге жәбір көрсетіп жатады. Сол жәбірленгендер бір күні жайнамаздың үстінде отырып, әлгі балықшы сияқты әділдікті талап етсе, тілегі қабыл боларына күмәніңіз болмасын. Өмірде ешнәрсе жауапсыз қалмайды.

 

Қонақбай Қожа-Нияз