Жақсы ұстаздың жолы жарқын
Жақсы ұстаз – бала жүрегінде ең ұлы адам болып қалады. Сол адамға қарап бой түзеп, сол адамның ақылын тыңдап, түбі сол адамға ұқсауды өзіне мақсат тұтады. Талас ауданы, Майтөбе ауылы, Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Жұмағұлованың да оқушы күнінде бала көңілінің жан дүниесіне ұстаздары әсер етіп, ұқсап бағуға, өмірінің айнасына айналуға ықпал еткен. Енді міне, өзі де ауыл балаларының білімді һәм тәрбиелі болып өсуіне атсалысып жүр. Ауыл тұрғындарының бірі – Дина Ақшорақызын баламның ұстазы деп құрмет тұтса, енді бірі абыройын асқақтатып «ауыл ұстазы» деп жүр.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын қалыптастырып, көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізуге, тіл байлығын арттыруға атсалысып жүрміз. Кезінде өзім тәлім-тәрбие алған Вера Тимофейқызы, Мәнсия Нұрқұлқызы, Мәриям Абдрахманқызы атты орыс тілі пәні ұстаздарының сабақ түсіндіруі, ұстаздық дағдысы, оқушылармен ой бөлісуі, білім беруі, ұстанымы мен көзқарасына дейін менің бала жүрегімде өз ізін қалдырды. «Сол кісілердей болсам» деген ниет тіпті мені дәл сол кісілер сияқты орыс тілі пәнін таңдауға қызығушылығымды оятты. Олар оқуға деген құштарлығымызды ғана оятып қоймай, жанымызға ізгілік пен мейірімнің сәулесін төкті. Менің осы қадірлі мамандықты таңдауыма себепкер болған асыл ұстаздарыма құрметім шексіз,–дейді Дина Жұмағұлова.
Ұстаз Жамбыл педагогикалық институтын тәмамдап, туған ауыл мектебіне орыс тілі пәнінің мұғалімі болып қайта оралады. Өзі білім алған мектепте еңбек еткеніне күні бүгінде табаны күректей 35 жыл толып отыр. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, Дина Ақшорақызы өз білгенін өзгеге үйретуден ешқашан жалыққан емес. Білім беру тәсілі мен оқушылармен қарым-қатынас дағдысын заман көшіне сай өзгертіп отыруды әдетке айналдырған. Үнемі шығармашылық үстінде жүретін заманауи ұстаз заманмен бірге жаңарып, өзін-өзі дамытып, бала болып ойланып, дана болып ой түюге тырысады. Әлдебір қателікке бой алдырған оқушыны ұрысуға емес – түсінуге, жазалауға емес – қамқорлығына алуға асығады. Баланы бағу үшін, балалығын сезіну керектігін, оқушыға ой тастау үшін, алдымен оқушы болып ойлану керектігін біледі.
– Дина Ақшорақызы мектебіміздің маңдайалды ұстаздарының бірі. Біліктілік санатына тоқталар болсақ, педагог-зерттеуші. Алдына қойған мақсатына жете білетін нағыз маман. Ұйымдастыру қабілеті, ұстаздық этикасы жоғары. Қашан да оқушыға жаны ашып тұрады. Біліммен қатар, мектеп оқушыларының тәрбиесіне де жауапты болғандықтан, өз ісінің салмағын жоғары деңгейде сезінетін таптырмас мұғалім. «Мұғалім мектептің жүрегі» десек, Дина Ақшорақызы сынды ұстаздардың арқасында мектептің тынысы кеңейе түседі деп сенім білдіремін, – деді аталмыш мектептің директоры Ержігіт Ияукулов.
Кеше мен бүгінді жалғастырып жүрген білікті ұстаз қазіргі оқушылардың жан-жақты екенін және баламен дос болып сырласып, заман талабына сай жаңарып, өзгеден оқ бойы озық жүретін мамандарды ұнат атынын біледі. Әсіресе, балалармен бірге сайыс, байқауларға қатысып, бірде жеңіс, енді бірде жеңілістен тұратын сәттерден қуат жинап, оқушылардың білімін биіктетіп, сауатын арттыра түсуге ұмтылады. Шәкірттерінің жолында төккен тері зая кетпегеніне қуана біледі.
– Интернет, технология дамыған тұста балалар ерте жетіледі. Оларды екі топқа, яғни, бұрынғы және бүгінгі оқушылар деп екіге бөліп қарайтын болсақ, бұрынғы оқушылармен өзіміз қатар жүріп дамитынбыз. Ал қазіргі оқушылар мүлде басқа, ерек, оларды өзін-өзі басқаруға береміз. Олар өз ойын еркін айтады. Біз, ұстаздар, бақылаушымыз. Жазушы Сәбит Мұқанов «Мұғалім деген – қасиетті ат. Елдің надандығымен а лыс атын адам – мұғалім» демекші, әр баланың психологиясын танып, тәрбиесіндегі кем-кетік тұстарын ақылмен шешіп, көмекте суге ұмтыламын. Ал, еңбек жолымда алған ең ұлы марапат-мадағым ол оқушыларымның айтқан алғысы, маған деген шексіз құрметі, – дейді ұстаз.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ