Жақсы жарға лайық болу үшін не істеу керек?
Бір бауырым маған өтініш айтты. Әйелдің еріне бағынышты болуы туралы жақсылап әңгімелеп берші деді. Бұл тақырып маған қызық емес еді. Бірақ, байқауымша, әйелдерден гөрі ер-азаматтарды бұл мәселе қаттырақ толғандырады екен. Менің ойымша, ерлі-зайыптылардың құқын сақтау сөз болғанда зардап тартушы әйелдер сияқты көрінетін. Сөйтсем, қазір азаматтар өз құқына көбірек алаңдайтын заман туыпты. Жалпы алғанда әр адам құқы қорғалса екен дейді. Әркім оны әрқалай жүзеге асырады. Біреу сөзбен, біреу күшпен, біреу парасатпен. Өзіңді өзгертпейінше, қоршаған ортаң өзгермейтінін дұрыс түсіну керек. Жақсылық көргің келсе, өзіңді түзе. Өзіңнің әдеттеріңді, өзгеге қарым-қатынасыңды, ұстаным-пайымдарыңды өзгертуді баста.
Құран-Кәрімде Жаратқан иеміз айтады: «Адам өзі өзгермейінше, Алла пенденің жағдайын өзгертпейді» деп. Бұл заңдылық отбасылық өмірді бастағандар үшін де маңызды. Адамның бәрі иманды күйеу мен тіл алатын әйелді қалайды. Бірақ тек бірегейлері ғана мұндай ризыққа лайық бола білу керектігін ойлайды. Мұндай жұбайға сай болу керек, сонда баланс бұзылмайды.
Психологтардың айтуынша, теңсіз неке несімен қауіпті? Ең алдымен, өмірлік серік таңдау қиын. Оның Құдайды тануы, имандылығы сізден не артық, не кем болса, онымен қатар өмір сүру қандай болмақ? Иманды адам осы критерийлерге сүйеніп, жар іздейді.
Бұл мәселені атақты отбасылық реттілік жүйесін жасаған психолог Берт Хеллингердің көзімен қарастырсақ. Хеллингер үш заңдылықты қалыптастырған. Оларды бұзған адам теория бойынша, қиындыққа тап болады. Біріншісі, теңгерім заңдылығы. Қарым-қатынастағы балансты бұзса, онда шаңырақ шайқалады. Өйткені, салиқалы қарым-қатынас тек жұптағылардың біркелкі теңгерімі кезінде ғана мүмкін. «Егер баланс бұзылса, бірі көп беріп, екіншісі түк бермесе, онда қарым-қатынас күйрейді. Бірінші адамның төзімі таусылып, екіншінің алдында өзін артық сезінеді. Екінші қарым-қатынастан өзін кінәлі сезінуден, өзін одан да төмен ұстаудан ысырылып қалады». Хеллингерге сенсек, қарым-қатынасқа, отбасыға жұбына қарағанда аз беретін адам, немесе жұбайын сыйламайтын, не жұбы оны артық бағалайтынын түсінген адам – өзін кінәлі сезінеді. Өзін кінәлі сезінудің кесірінен өзін мүлде төмен ұстауы мүмкін. Қол көтеріп, болмайтын жерден ұрыс-керіс шығарып, серігінің зығырданын ойнатуды ғана біледі. Мұндайға мысал қылып, жаман күйеудің тым «жақсы әйелге» қол жұмсауын келтірсе болатын шығар. Яки, тым «жақсы күйеуін» елдің бәріне жамандай бергіш әйелді айтуға болады. Екі арадағы теңгерім бір қалыпқа түспейінше, бақытты отбасы туралы армандау артық.
Сенің құқыңды ешкім таптамауын қалай талап етуге болады? Егер жүректі тек уағыз бен насихат толтыра алса, біздің үммет салиқалы болар еді. Отбасына көңілі толмайтын бірде бір жан болмас еді. Әйел мен ердің құқы туралы интернетте, сан алуан басылымдарда, биік мінберлерден талай айтылып жүр. Мәселе, сауатсыздықта болмаса керек. Отбасы құндылығы туралы әр жерден айтылып, жазылып, естір құлаққа жетіп жатыр. Мәселе, жүректің жабықтығында. Көкірек көзінің соқырлығында. Сосын жақсы әйел қандай болу керек деген ақпарды үнемі еркектерден табасыз. Ал, жақсы күйеу қандай болу керек дегенді әйелдер айтады. Көп адам оларға қандай қарым-қатынас жасалуы тиістіні ғана оқиды. Ал, өзі қандай болуы тиісті, қандай міндет, жауапкершілік арқалауы керектігін пайымдамайды.
Құран-кәрімде былай делінген: «Сұрқия әйелдер – сұрқия күйеулерге, сұрқия күйеулер – сұрқия әйелдерге, жақсы әйелдер – жақсы күйеулерге, жақсы күйеулер – жақсы әйелдерге бұйырады. Олардың өсекшілердің айтқанына қатысы жоқ. Оларға кешірім бар, ырзық-несібесі мол болмақ».
Әбді-Рахман ас-Саади айтыпты: «Зинақор еркек пен әйелдер, адамды бұзатын сөз бен әрекет бір-біріне лайық. Олар бір-біріне сай, бір-біріне байлаулы, бір-біріне ұқсас. Арлы еркек пен әйелдер, жақсы сөз бен жақсы іс те бір-біріне ұқсайды. Оларда бір-біріне байлаулы, бір-біріне лайық. Бұл сөздің мағынасы терең. Оны ешкім бұза алмайды».
Егер уағыз бен насихат айтылған жерінде қалмай, өз-өзінен әсер етсе, онда біздің үмметтің парасаттылығына бүкіл әлем тамсанар еді. Бірақ өмірдің қисыны басқаша. Өмірді өзгерту үшін алдымен өз бөлмеңді жинауың керек. Яғни, өзің өзгеруің шарт. Сенің құқыңды ешкім таптамасын десең, сен де ешкімнің құқын таптама. Әйелің иіліп тұрсын десең, өзіңнен баста. Алланың елшісінің (с.ғ.с) жасағанына елікте. Оның әйелдеріне жасағанын өз әйеліңе жаса. Әйелің саған кең болсын десең, сен де оған кең бол. Сені сүйіп, сыйласын десең, өзің де сыйлап, құрметте. Бұл құбылыста әр адам әркелкі екенін де естен шығармау керек. Әркім өзінше сүйеді. Біреулер үнемі қас-қабағын баққанды ұнатады. Көңілді жүргенді жақсы көретіндері бар. Біреулер жалғыздықты ұнатады. Серігіңнің ішкі әлеміне терең бойла, қандай жан екенін бағамда. Қалауын сыйла. Сонда жұбайың да саған құрметпен қарай бастайды. Сыйлық сыйлағың келгенде өзіңе ұнағанды емес, сол адам ұнататын сыйлықты таңдайсың ғой? Қарым-қатынаста да солай. Әділеттілік заңдылығы. Осындайда бүкіл ғұмырын идеал әйел іздеумен өткен адам туралы әпсана еске түседі. Әбден қартайғанда, өлер алдында туыстары одан сұрапты, неге үйленбей өттің деп. Шал өмір бойы идеал әйел іздегенін айтыпты. Ондай әйел таппаған соң үйденбедің бе дейді әлгілер. Жоқ, мен оны таптым. Бірақ ол да идеал еркекті іздеп жүр екен депті. Барлық күнәһар еркек перғауын (әйелі Әсия) сынды жақсы әйелге қол жеткізе бермейді, сол секілді күнәһар әйелдің бәрі де Лұт пайғамбардың жары секілді ізгі жанға жолығуға лайық бола бермес.
Сондықтан, біріншіден, өзіміз іздеген идеал жардың қасиеттерін өз бойымызға сіңіруге тырысуымыз керек. Екіншіден, біздің құқымыз тапталмасын десек, өзіміз де ешкімнің құқын бел ортадан баспайық. Үшіншіден, өмірлік серігіміздің даралығын ескеруіміз керек. Төртіншіден, отбасы үшін істейтініңнің бәрін Алланың разылығы үшін істеп дағдылануың.
Ақша тапсаң, не отбасың үшін тамақ пісірсең, оның басты мақсаты Алла разы болсын деу. Туған-туысыңды қуанта білсең, оның бәрі ең алдымен Алланың разылығы үшін екенін ұмытпа. Әйеліңе гүл сыйласаң, не күйеуіңе нәски сатып алсаң – бәрі де Алланың разылығы үшін екенін жадыңа тұт. Осы қағидаттарды орындайтын жанның некеге көңілі толмауы өздігінен жойылар еді. Себебі, алғашқы үш ережені орындап, төртіншісін ұғынған адамға Алланың өзі жәрдемші боп, әділетін орнатады. Пайғамбарға (с.ғ.с) еліктеңіз, сонда сіздің де әйелдеріңіз Айша анамызға еліктейді. Бақытты болыңыздар!
islam-today.ru
Аударған Шынар Әбілдә