ЖАҚСЫҒА СҮЙІНГЕН, ЖАМАНҒА КҮЙІНГЕН

Өмірде осындай ұстанымы бар, көркем мінезді адамдарды ел ерекше құрметтейді, үлгі тұтады. Сондай адал азаматтардың, асыл ағалардың бірі — Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы филиалының төрағасы, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы Бастарбек Пірімбетов. Оны облыстың және Шымкент қаласынан мәдениет басқармасы қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері ғана емес, қарапайым жұртшылық та жақсы таниды. Өйткені, Басекең ес білгелі елдің ортасында, халықпен бірге мәдени-көпшілік шараларды өткізуге атсалысып келеді. Советтік кезеңде кеңсе қызметкері, кейіннен қалалық, облыстық мәдениет саласында бірнеше басшылық лауазымдарында болғанымен ешқашан кісімсінбейді, шіренбейді, сыпайылығы көзге ұрып тұрады. Оқу бітіріп, еңбекке араласа бастаған тұсында елге, республикаға еңбек сіңірген партия және совет қайраткері, аудандық комсомол комитетінің 1-хатшысы, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған Дүйсенкүл Боповаға көмекші болып жүргенде, тәжірибелі апайдан көп тәлім алғандығы көрініп тұрады. Өзі ауылда өсіп, біршама қиындықтарды жеңіп үлгерген Басекеңнің қызметтік жолында да сынақ аз болмады. Соған қарамастан ол төзімділік танытты. Ол ұлттық дәстүр-салттарды, әдет-ғұрыптарды, келін түсіру, қыз ұзату, құда-жекжаттарды күту, той-тамашаның неше түрін біліп өсті. Мұның бәрі оның жақсы, іскер, білікті адамдармен танысып, аралас-құралас болуына ықпал етті. Ең басты қасиеті — достыққа, кәсібіне адалдығына куә болған шәкірттері де соңынан көптеп ерді. Олар Басекеңнің адамгершілігі мен бауырмалдығын әлі күнге дейін жыр қып айтады. Жалпы, өмір дәрістері дегеннің берері көп емес пе?
Бастарбек Пірімбетов өз басының қамынан гөрі, өз ауылының, облысының намысын көбірек ойлай білетін жан. Қазіргі Түркістан, бұрынғы Онтүстік Қазақстан облысында бір салада қызмет істегенде, оның байсалды, салиқалы азамат екендігіне талай рет тәнті болдық.
Мәдениетке жақын сала көп екені белгілі. Әнші-бишіні, күйші-домбырашыны, әртістер мен суретшілерді былай қойғанда, ақын-жазушыларға, журналшыларға, спортшыларға қолынан келген көмегін жасап келеді.
Тәуелсіздік туын көтерген жылдары мәдени, қоғамдық-саяси іс-шаралар жиі өткізілді. Ол тарихи оқиғаларға, айтулы даталарға да арналатын. Атап айтқанда, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы, Бауырлас республикалардың үш Президентінің Ордабасыда бас қосуы және Ш.Қалдаяқов, С.Бәйтереков атындағы ән байқаулары, «Арай» республикалық жас әншілер байқауы, халықаралық, республикалық театрлар фестивальдері мен айтыстар ұйымдастыру ісінде басшылық жасау көп адамның маңдайына бұйыра бермейді. Міне, соның бәрі ол ұшін абырой, бедел жинаудың баспалдақтары еді.
Саналы өмірін ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін дамытуға арнап келе жатқан Бастарбек Пірімбетұлына ұзақ ғұмыр тілейміз. Атқа міну, қызмет атқару — өзінен кейінгілерге өнеге танытып жол көрсету деген ұғымды білдірсе керек.
Ал Бастарбектей таза, кішіпейіл азаматтарды елі, жері, ел басқарып жүрген азаматтар сыйлайды, құрметтейді.

Дархан МЫҢБАЙ