ЖАҚСЫЛЫҚ КӨРСЕК ӨЗІМІЗДЕН… ЖАМАНДЫҚ КӨРСЕК ТЕ ӨЗІМІЗДЕН

Баяғыда кедей бір отбасы болыпты. Әйелі жүн иіріп, ал күйеуі оны базарға апарып сатумен күн көреді екен. Бір күні жіптерін сатып, үйіне қажетті азық-түлік сатып алуға бара жатып, бір кісінің біреуді ұрып жатқанын көреді. Жанына барып арашалап, себебін сұрағанында, ұрған адам: «Ол маған ақша қарыз, кедей болғандықтан төлей алмай жүр» дейді. Әлгі жіп сатушы: «Оның қарызын мен төлеймін, қалтамдағы барлық ақшаны ал!» дейді. Әлгі кісі: «Бұл ақша аз, бірақ мейлі бір амалдап жеткізерміз» дейді. Осылайша әлгі қарыздан кісі аман қалады.
Кейін әлгі жіп сатушы үйіне барып, әйеліне жағдайды түсіндіреді. Әйелі: «Мейлі. Бір мұсылманды құтқарып жақсы істепсің, бүгінше сабыр етерміз» дейді. Ертеңіне тағы да базарға шығады, бірақ жібін сата алмайды. Кеш болады, амалсыз үйіне қайтып келе жатқанында, қолында балық алып бара жатқан кісіні көреді. Ол: «Мен балықшымын, бүгін балық сата алмадым. Әйелім жіп сұраған еді, сенде жіп бар екен. Балық пен жіпті ауысамыз ба? — дейді. Жіп сатушы келісіп, заттарын ауысады. Үйіне келіп, әйеліне: «Бүгін ақша таппадым, бірақ қарынды тойдыратын балық әкелдім. Балықтарды пісірші, жеп алайық» дейді. Әйелі балықты тазалап жатқан кезде ішінен алтын шыққанын көріп, қатты қуанады. Кейін балықты пісіріп жейді. Енді біз бай болдық деп қуанып тұрған кезде, әлгі балықшы келіп: «Әйелім разы болмады. Мен саудадан бас тарттым. Міне жіптерді ал да, балықты қайтарып бер» дейді. Жіп сатушы: «Жарайды, бірақ біз балықты пісіріп жеп қойдық, оны бере алмаймыз. Балықтың ішінен алтын шықты, соларды берейік» дейді де, алтынды әкеліп береді, бірақ балықшы алтынды алмай, былай дейді: «Мен Қызырмын. Қарызының себебінен таяқ жеген кедейге жасаған жақсылығың үшін Құдай сені сынады. Кедейлік сынағынан да, байлық сынағынан да өттің. Алтын сенікі,»-дейді.
ЖАҚСЫЛЫҚ КӨРСЕК ӨЗІМІЗДЕН,
ЖАМАНДЫҚ КӨРСЕК ӨЗІМІЗДЕН…