Жақсылыққа жаны жақын Жанысбек

Адам баласының ғұмыры ұзақ жасағанымен емес, қалай өмір сүруімен өлшенсе керек. Кім-кімнің де жасаған ізгі амал, жақсылықтары – кісілігінің көрінісі. Біз өз ісінің шебері, бір ауылдың ардақтысы Жанысбек Мүлкеманов жөнінде де осылай толғана аламыз. Себебі, оның жүзеге асырған ізгі істері көп.

Жанысбек ақсақал Қордай ауданы, Қаракемер ауылында 1953 жылы өмірге келген. Сондықтан болар, Қаракемерді ештеңеге айырбастай алмайды. «Туған жердің түтіні де тәтті» деген осы шығар. Ол кісінің жас кезінен арманы Алатаудай болды. Сол арман Алматыға сапар шеккізді. 1976 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын ветеринарлық мамандығы бойынша бітіріп шықты.

Еңбек жолын ферманың мал дәрігері болып бастады. Тәжірибелі мамандардан іс үйренді, білмегенін көңіліне түйді. Арада бес-алты жыл өткенде өзі де аталған ауданның Чапаев ұжымшарына бас мал дәрігері болып тағайындалды. Бұл дегеніңіз – жауапты жұмыс. Кемінде 70-80 отары бар үлкен ұжымшардағы бүкіл малдың амандығына жауап беру үлкен сенім екенін сол кезде 29 жасар жігіт жақсы түсінген. Сол сенім үдесінен шықты. Ұжымшардың малы аурудан аман болып, өз төлінің есебінен көбейді. Мұнда ұзақ жыл бас мал дәрігері болған Ж.Мүлкемановтың еңбегі өте көп еді.

Жанысбек кейіннен ұжымшардың партия комитетінің хатшысы ретінде де жақсы қырынан танылды. Тұрғындардың жағдайына көңіл аударып, елмен бірге болды. Ауылдық кеңесте қызмет атқарған кезінде де құрметке бөленді. Ол кісі туралы жылы сөз айтатындар көп. Бәрі де Жәкеңді құрметтеуге, жақсылығын әңгімелеуге дайын тұрады. Ал, Жәкең өзі туралы біреудің мақтау сөздер айтқанын онша ұната бермейді. «Еңбек етсек, ел үшін жасадық. Мамандығымызға қарай, азаматтығымызға қарай – міндетіміз!» деп есептейді. Дегенмен, қызметіне қарай ауылдастарының үлкен құрметіне бөленіп жүр. Ол үшін шүкіршілік етеді. Кісінің абыройды көтеріп тұруы да бір бақ. Жанысбек асып-тасып кеткен жоқ. Қашанда көпшілікпен бірге, қарапайымдылығынан танбай келеді. Мұның өзі кісіліктің биік өлшемі, көркем мінездің көрінісі болса керек.

Кейінгі жылдары Жәкең облыстық аумақтық инспекциясының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және тасымалданатын объектілер бөлімінің Қордай бекетінің бас маманы, ветеринарлық-санитарлық инспекторы болып жемісті еңбек етті. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Еңбек даңқы» орденінің, «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалінің иегері. Құрмет грамоталары да біршама. Ол қай кезде де қарап жүрген жоқ. Қазіргі таңда да қоғамдық істердің басында, жақсылықтың қасында жүр. Қайырымдылық істерге үнемі атсалысып келеді.

Ол – үлгілі отбасының басшысы. Асыл жары Қалтай екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, жеткізді. Бұл күнде ұлдары ұяда, қыздары қияда. Жанысбек жетпіс жастың биігіне шығып отыр. Осы орайда ұл- қыздары:

Құтты болсын жетпіс деген жасыңыз,

Өрге қарай домаласын тасыңыз.

Ұрпақтардың көріп күнде қызығын,

Анамызбен бірге жүзден асыңыз, – деп жыр жолдарын арнапты.

Жақсылыққа жаны жақын Жанысбекті жақсы көретіндер көп. Оның қуанышына қуанатындар да аз емес. Себебі, ол өмірін басқаларды қуантуға арнап келе жатқан кісі. Мұндай кісінің мерейі өсе беретіні анық.

Есет ДОСАЛЫ
Қордай ауданы