«Жақсылықтың сыйы тек жақсылық қана емес пе?»
Мәдина қаласында бір соқыр яхуди (еврей) күн сайын базарда тұрып алып: «Мұхаммедке ермеңдер! Ол өтірікші, сиқыршы, жаман адам», – деп айқайлайды екен. Ал Пайғамбарымыз (салааллаһу ьәлейһи уә сәллам) өзін жамандаған соқыр яхудиге күнде тамақ алып барып, өз қолымен тамақтандырып жүреді. Пайғамбарымыз (салааллаһу ьәлейһи уә сәллам) бұл қайырымдылығын өмірінің ақырына дейін жалғастырады. Пайғамбарымыз (салааллаһу ьәлейһи уә сәллам) дүниеден озғаннан кейін де әлгі яхуди Пайғамбарымызды (салааллаһу ьәлейһи уә сәллам) жамандауын тоқтатпайды әрі өзін үнемі тамақтандыратын адамды күтеді. Бірақ күткен адамы келмейді.
Содан бір күні Әбу Бәкір (р.а.) өзінің қызы Айшаға (р.а.) келіп:
«Ей, Айша! Пайғамбарымыз(салааллаһу ьәлейһи уә сәллам) өмірінің соңғы кездерінде не істеді, қандай сүннет (жол) қалдырды? Мен де соны жасайын», – дейді. Қызы Айша (р.а.): «Ол базарға барып бір соқыр яхудиді үнемі өз қолымен тамақтандыратын», – деп жауап қатады. Бұны естіген Әбу Бәкір (р.а.) тамақ әзірлеп базарға барып, әлгі соқыр яхудиді тамақтандырмақшы болады. Сонда соқыр яхуди: «Сен кімсің?», – деп сұрайды.
Әбу Бәкір (р.а.): «Сені үнемі тамақтандырып жүрген адаммын», – дейді. Яхуди: «Өтірік айтпа, ол сен емессің», – дейді.
«Неге олай ойлайсың?», – деп сұрайды Әбу Бәкір (р.а.).
Еврей: «Ол мені өз қолымен тамақтандырғанда оның қолынан сондай жылылықты, мейірімді сезетін едім», – дегенде Әбу Бәкір (р.а.):
«Ол Алланың елшісі Мұхаммед еді ғой…», – деп көз жасына ерік береді. Әлгі яхуди: «Мұхаммед дейсің бе?», – деп екі-үш рет сенбей сұрайды.
«Мен оны осы күнге дейін жамандадым, неше түрлі ауыр сөздер айттым, ол болса мені сөкпеді, қой деп те айтпады», – деп ол да жылайды. Кейін соқыр еврей: «Сен кімсің?», – дейді. Әбу Бәкір: «Мұсылмандардың бірінші халифасымын», – дейді.
Соқыр еврей сол жерде: «Аллаһтан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін», – деп мұсылман болған екен. Міне, қайтарымсыз көмектің шынайы қайырымдылық екенін осы ғибратты оқиғадан көреміз.
Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Мал-мүлкін Алла жолына атағандар, соңынан оны міндетсінбегендер және (алушыны ренжітпегендер) Раббыларының алдында сауапқа ие болады, (қияметте) оларға қауіп-қатер, қам-қайғы болмайды» («Бақара» сүресі, 262-аят).
Өкінішке орай, адамдардың арасында жақсылық жасаса міндетсінетін, алушыны ренжітетін адамдар жоқ емес. Пайғамбарымыз (салааллаһу ьәлейһи уә сәллам) хадис шәрифінде бұған қатысты: «Оң қолыңмен бергеніңді сол қолың көрмесін», – дейді. Бұл жерде берген садақа, жасаған қайырымдылықтар міндетсініп, анаған-мынаған мақтанып айтып, жұртқа көрсету үшін емес, тек шынайы түрде Аллаһ ризалығы үшін болуы керектігін меңзеуде.
Жалпы, басқаға қол ұшын созуды, материалдық көмек көрсетуді біреулер шығын, желге ұшқан қаражат деп ойлауы мүмкін. Әсте олай емес! Жаратушы Иеміздің тарапынан әрбір жұмсалған жәрдемнің қайтарымы болатыны жайында айтқан уәдесін ұмытпауымыз керек. Қасиетті Құрандағы: «Жақсылықтың сыйы тек жақсылық қана емес пе?» («Рахман» сүресі 60-аят), – деген сөздер осыны меңзейді.
(Фото интернеттен алынды)