Жалаңаштанған қыздарға «Тәйт!» демеу қасірет!
Жаһандану ғасыры — қазақтың құндылығына қол жүгірте бастағаны кеше мен бүгін ғана емес. Алайда соңғы жылдары қарқын алды. Патшалық Ресейдің қазақ даласына қамал тұрғыза бастаған кезеңі — бақ-берекенің шайқалуының басы болды… Арақ пен шарапқа еріп келген гендерлік саясат құлашын кеңінен жайды. Еуропаға даңғыл жол ашылды. Ол жақтың цивилизациясы мен конализациясы, ақ бастаудан қуат алған қазақ өркениет мұхитына құйылып жатты… Еркек пен әйел теңесті. Бұл қазақ ұғымына кереғар түсінік еді. Қыз баланы төрге шығарып, еркелетіп ұстаған, болашақ ана деп ардақтаған халықтың тұнығы осылайша лайланды. Бүгінде гендерлік саясаттың санаға әбден сіңгені сондай, арнайы жиындар өткізіліп, әйел құқығы заңмен қорғалып отыр. Оларды билікке тарту ісі де күн тәртібінде тұр. Дегенмен мансап қуған қыздардың көпшілігі отбасылық бақыттан ажырап, еліміздегі демографияның әлсіреуіне өз зардаптарын тигізуде. Бұл ащы да болса шындық! (Осыдан он төрт ғасыр бұрын ислам өркениеті “Жұмақ ананың табанының астында” деп дәріптегенін естен шығарып алғандаймыз). Бір заманда алты жасар ер баланың алдын кесіп өтпейтін ақ жаулықты әжелер жоқтың қасы бүгінде. Керісінше ерін тұқыртып, бет-аузын әлеміштеген, шашын келте қиған, белін жалаңаштап, қос емшегін торситып, ашық-шашық киінетін, “Байтал шауып бәйге алатынын” көрсетуге тырысатын” қатындар күшейді.
Бұл үлкен трагедияның басы екенін ақыл-есі дұрыс қазақ баласы түйсінуге тиіс. “Ауруын жасырған өледі” демекші, қазақ қоғамының дерті меңдеп барады. Бұлай кете берсе асқынып, тұтас бір халықтың жойылып кету қаупі бар. Өйткені арсыздық белең алған жерде тіл мен дінің, үнің мен ділің қоса күйремек. “Қайтсек бұл тажалдан аман қаламыз? қайтсек ұлттық болмысымыз сақталады?” деп жарғақ құлағы жастыққа тимей қаншама арыстар өтті бұл жалғаннан. Қазір де қаншама ұлтжанды азаматтар жүр жандары ышқына айқайлап? Қарап отырсақ тоналмаған не қалды бізде..? (Жердің асты мен үстін айтпай-ақ қояйын). Адамгершіліктің ең абзалы — ар-ұят еді ғой… Ол да аяққа тапталып, қасиеті қаша бастады. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ “бір қарын майды бір құмалақ шірітетінін кім жоққа шығарады? Әлем халықтарында жоқ салт-дәстүрге бай қазақ баласы, өзінде барды талақ етіп, өзгенің қаңсығына таңсық болуды қоймай келеді. Оларға “қой қарағым” дейтін ата-ана аз. Себебі өзі рухсыз. Жастардың ұлттық рухын көтеруге бағытталған идеология тым әлсіз. Айта берсек, тізе берсек, тәуелсіздік алғалы жеткен жетістіктермен қатар жеңілістер де итжығыс түсіп жатқанын аңғару оңай. Солардың ішіндегі жүректі ауыртатыны, көңілге қаяу түсіретіні — қазақ қыздарының бейәдеп қылықтары. Кез келген сүттей ұйыған ұлтты құрту үшін, қай заманда болмасын өштескен дұшпандар ең алдымен қыздарға шүйліккен. Қыздан ұят қашқан да, ары аяққа тапталғанда, дүниеге келетін ұрпақтың да жігерсіз, намыссыз болатынын теология ғылымы да жоққа шығармайды…”
«Әдепті қыз етегін жабар», «Қыз қылығымен — көркем», «Қызға қырық үйден тыйым» секілді мақал-мәтелдер бекер айтылмаса керек-ті. Бірақ бұған құлақ асқысы келмей, “Өмірге бір-ақ рет келеміз ғой, ойнап-күліп қалайық” деп жүрген қыздарды көргенде жағаңды ұстап шошисың. Олардың ата-аналары, ағалары, інілері, ағайын-туыс бауырлары қайда қарап отыр деген ой да қылаң береді. Бүгінгідей әлеуметтік желі “жылдам хабар алғызған” заманда, тамыр-таныстарының бәрі біліп, көріп отырып, үнсіз қалуын қалай түсінуге болады? Қызғаныш — дейтін қылыштың осындайда жарқ-жұрқ етіп ойнамауы қалай? Бір жылдары Аша Матай дейтін журналист қыздың әкесі — қызым сексуалный көрінеді деп мақтанғанын ел естіді. Масқара, ұят. Ел шу-шу етіп басылды. Қызын қызғыштай қоритын әкелердің түрі осы болса жетіскен екенбіз?! Машинасын бір зат сырып кетсе қырғын төбелеске баратын кей ер азаматтар, қызының арына сызат түссе де былқ етпеуі қайбір жақсылық ейсің. “Қызға қырық үйден тыйым салатын” қазағым, бүгінде жалаңаш қыздардың суретіне сүйсіне қарап отыратынды шығарды. “Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің” кебі. Бұл өсер елдің баласына тән қылық па? Әр қазақ ерсі іске өре түрегеліп, адасқан ұл мен қызды жамандықтан жирендіріп отырмаса бәрі бекер ғой. “Әр қазақ менің — жалғызым” деп атқа қонатын кезең есік қағып тұр, ағайын! Жұдырықтай жұмылайық. Намысы бар қазағым оянайық, дүр етіп бір сілкінейік… Әйтпесе, Байзақова секілді ардан безген қыздар, өскелең ұрпақтың санасын улап бітірді. Неке қимай-ақ бала туып, оны көпке ашық айтып, эфирдің бетін бермей жүр қазір. Санамалай берсем, көп қой өкінішті жайттар.
Ұят дейтін ұлы қасиетті мансұқтаған, ата-баба аманатынан алыстаған, тіл мен дініне түкірген қыздардың киелі дейтін сахнаны ластап, тәрбие құралы саналатын экранды жайпап, әлеуметтік желілерде “жұлдызға” айналғаны мен секілді аналарға оңай соғып жатпағаны рас. Қандай жолмен болса да атын шығаруға ұмтылған қазақтың кейбір қыздары, тырдай жалаңаш шешініп, оны “дамыған елдерге тән” еркіндік символы қылып көрсетуге тырысуы — масқаралықтың көкесі. Бұдан асқан шектен шығу киелі қазақ топырағында болған емес.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Мен әже ретінде барлық қазақ аналары атынан билік басында отырған ер-азаматтардан ұлтқа күйе жағатын әрбір жағымсыз іске — реакция білдіруді талап етеміз. Әлеуметтік желі қатаң бақылауды қажет етеді. Мысалы, жалаңаш денесін елден жасырмай, басына сәукеле киіп, мыңдаған лайк жинаған қыздың әрекеті сөзімізге дәлел. Ондайларға жаза тағайындап, қатаң бақылауға алмаса болмайды. Тіпті ұлттық құндылықтарды мазақ еткендерді, ұлттық менталитеттен ажырағандарды ауыздықтауды заң жолымен реттеудің жолын қарастыратын уақыт келді. “Көп қорқытады, терең батырады” демекші, “Көп асқанға бір тосқан” болуға тиіс. Миллиондар тесіле қарайтын, халықтың қаржысына тәуелді телеарналар мен тәуелсіз БАҚ-да жартылай жалаңаш әнші қыздарды жарнамалауды доғарсын! Өйтіп көрермен тартып көгермей-ақ қойсын! Бұлайша халықтың ашу ызасын туғыза берудің арты жақсылыққа апармайды. Ұл-қыз өсіріп, олардың болашағына үмітпен қарап отырған халықтың бір айтары осы… Қадірлі жәмиғат! Бұған халық болып қарсы тұрайық. Мемлекет бұндайларға қарсы заң шығарса да артық емес. тоқтатайықшы, ағайын мұны қайтсекте!