Жалаңтөс батыр өзбек пе, қазақ па?

Өзбек сайттарында 2022 жылы шілде айында атақты Жалаңтөс батыр туралы фильм түсірілетіндігі туралы ақпарат таралғаны есімізде. Арада екі жыл өткенде осы фильмнің жарнамасы әлеуметтік желі беттерінде пайда болды. Бұл өз кезегінде бір тарихшылар «өзбек пен қазаққа ортақ тұлға» деп дәріптеп жүрген, келесі бір тарихшылардың дерегі бойынша «өзбектер иемденіп кеткен», Самарқанд қаласындағы әйгілі Регистанды салдырған, өз заманында атақты қолбасы болған Жалаңтөс батыр туралы дауды қайта қозғағандай болды.

2022 жылы 7 шілде күні Самарқанд қаласындағы Регистан алаңында Ялангтуш туралы фильм түсіру жұмыстарының басталғандығы жайлы хабарды алғаш болып Өзбекстан кинематография агенттігінің баспасөз қызметі хабарлаған еді. Фильмді елге белгілі Жахонгир Ахмедов деген режиссер түсіреді екен деді сол хабарда. Салтанатты шарада журналистер алдында сұхбат берген режиссер Жахонгир Ахмедов: «Баходир Ялангтуш – біздің ұлттық кейіпкеріміз. Оның арқасында бүкіл әлем қазір Регистан алаңының әсемдігі мен сән-салтанатын тамашалай алады. Оның бұйрығымен 15 ғасырда Мирзо Ұлықбек салған медресенің жанында, екі ғасырдан кейін Шердор және Тилля-Кари атты екі медресе бой көтерді.

Өкінішке орай, біз Баходир Ялангтуш туралы аз білеміз. Өзбекстан Президентінің жеке тапсырмасы бойынша түсіріліп жатқан фильм адамдарға, әсіресе жастарға архитектуралық мұрамыздың қалай болғанын айтуды көздейді», – деген.

Бұл фильмді түсірудің екінші бір мақсаты Өзбекстанның туристік әлеуетін көтеруге бағытталған сияқты. Олай дейтініміз Кинематография агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухаликов бір сөзінде: «Самарқанд шетелдік кинематографистерді тартатын орталыққа айналуда, ал қаланың кино локализациясы ретіндегі танымалдылығы жылдам өсіп келеді. Осылайша, Самарқанд бірлескен фильмдер түсіретін орынға айналды. Жақында мұнда өзбек-тәжік бірлескен туындысы – «Науаи мен Джами» фильмінің түсірілімі басталады. Сондай-ақ алдағы уақытта Самарқандта «Бұл дүниеде маған орын жоқ» атты түрік экшн-сериалының түсірілімі басталады», – деген.

Осы жағдайға байланысты өзбекстандық ғалым, филология ғылымдарының докторы Эркин Мусурмоновтың «Әркімге иесі жоқ батыр керек немесе Ялангтош баходир мен Жалаңтөс батырдың әртүрлі адамдар екендігі туралы» атты мақаласынан деректер келтіруді жөн көрдік.

«Қазақстанда кейбір бауырлар Самарқанд билеушісі, Регистанды құрушы, өзбектің «Олчин уруғи вакили» (Алшын руының өкілі) Ялангтуш баһадүрді Жалаңтөс батыр Сейітқұлұлымен шатастырып көптеген қателіктер мен жаңылыстарды жіберіп жүр. Бұл қателіктерге тарихшыларымыздың өз көзқарасын білдірмей, мәселеге нақты баға беруден қашқаны өкінішті! Соның салдарынан көршілеріміз қазақтан шыққан Жалаңтөс Сейітқұлұлын Самарқанның XVII ғасырдағы дөңлі бегі Ялантөш баходирби деп қателесіп, Регистанның негізін салушы қазақ деген жалған пікірді күшпен насихаттап, өзін де, өзгені де адастыруда. Қазақстанның бірқатар қалаларында, соның ішінде Алматы, Семей, Павлодар, Қызылорда қалаларында мүсіндер қалпына келтіріліп, орталық көшелер оның есімімен аталады», – дей келіп, 2018 жылы Жалаңтөс батырға арналған халықаралық конференцияға келген кезінде осындай қайшылықты көзқарасқа тап болғандығын, мұндай пікірдің қазақтар арасында қалыптасуына кезінде Халел Досмұхамедовтың қалдырған деректерінің мұрындық болғандығын алға тартыпты. Солай дей келіп, мынадай бірнеше деректі түйіндепті.

«Біріншіден, Ялангтуш баһадүр Әлімнің Төртқара тармағынан емес, өзбектердің Олчин руына жататын билеуші болған. Олчин руы – дербес ру, қазақтардың Әлім, Төртқара руымен ешқандай байланысы жоқ. Он жеті жасында (1593) Ялангтуш Олчин руының басшысы болып тағайындалды.

Екіншіден, барлық тарихи деректерде Ялангтуш баһадүрдің әкесі Бойқожа деп аталады. Бойқожа Жалаңтөстің әкесі Сейіткұл сияқты көрнекті билердің бірі емес, Шайбани ханның Бұхарадағы билеуші ұрпақтарының жоғары лауазымды тұлғаларының бірі болған. Ялангтуш осы билеуші әулеттің ықпалында болған ортада өскені де сондықтан.

Үшіншіден, билеуші өзбек тілінде Ялангтош баходир деген атпен белгілі болғанымен, ресми деректерде оның арабша Абдулкарим және Низамуддин есімдері де болғаны айтылады. Жалаңтөс батыр Сейітқұлұлына қатысты ешбір дереккөзінде мұндай атаулар туралы, тіпті, қазақ батырларына қатысты күннен-күнге ойлап табылып жатқан жаңа аңыз-әңгімелерде де дерек жоқ.

Төртіншіден, Ялангтуш баходир ханның үш баласы – Ықылымбану, Ойбибі есімді қыздары мен әкесінен 6-7 жыл бұрын қайтыс болған Бойбек есімді ұлы болғаны белгілі. Жалаңтөс батыр Сейітқұлұлының Қазақстанда ұрпақтары көп.

Бесіншіден, Ялангтуш Ясауи тариқатын ұстанған Дешті Қыпшақ қазақтарына ұқсамайтын Нақшбандия ағымының өкілі болған. Кейінірек нақшбандиттік тариқат шейхтерін белсенді пайдалану нәтижесінде Ялангтуш Бахадир Самарқанд аймағын сәтті басқарды.

Алтыншыдан, өзбек билеушілерінің ішінде Ялангтуш баһадүр сияқты қазақ билеушілеріне қарсы көп және сәтті шайқас жүргізген ешкім жоқ және осы қызметтерімен тарихта атын қалдырды. Шығыстанушы Роберт Макчестің айтуынша, оның беделі қазақтарға қарсы жеңісті шайқастарының құрметіне көтерілген, сондықтан ол Имамқұли ханның Самарқандтағы орынбасары болып тағайындалған. Осы соғыстардағы шеберлігі үшін Ялангтуш баһадүр Бұхара ханының ең атақты 38 өзбек әмірлерінің тізіміне енді», – дейді ғалым өз мақаласында. Солай жаза келіп Ялангтуш баһадүрдің қазақ хандарына қарсы жеңісті күресінің хронологиясын келтіріпті.

1609 жылы Ялангтуш баһадүр Самарқанды басып алған қазақ қосындарын жеңіп, Дешті Қыпшаққа шегіндірді.

1612 жылы Ташкент пен Түркістанды қазақтың Хақназар ханынан қайтарып алғаны үшін оған Балх әмірі атағы берілді.

1612 жылы Есім ханды Ташкенттен қуып шықты.

1621 жылы Түркістанға басып кірген қазақ көсемі Тұрсын сұлтан әскерін хандық территориясынан кері шегіндірді.

1628 жылы қазақ ханы Абули султон (Әбілфейіз сұлтан деп түсіндік) әскерін талқандап, оны Қашқарға қарай ығыстырды.

1636 жылы Ялангтуш баһадүр Сайрамда қазақ хандарына қарсы әскер шығарып, оларды Дешті Қыпшаққа дейін қуды.

Әрине, Ялангуш баһадүр қазақтың батыры Жалаңтөс Сейітқұлұлы болса, ол ешқашан қазақтармен жер үшін соғыспай, Дешті Қыпшақ жағында жүрер еді», – деген автор ары қарай өз мақаласының соңында: «бүгінде генерал Сабыр Рахимов сияқты кейбір ағаларымызды қазақ ұлтынан деп айтып, тарихи шындықты бұзып отыр. Белсенділігі жоқ тарихшыларымызды оятып, көне дереккөздерден алынған мәліметтермен біржақты көзқарастарға қарсы тұруымыз керек! Өзбек зиялысы осындай жағдайда халыққа жарамай ма?» – деген өкінішпен аяқтаған екен…

PS: Біз шағын мақаламызда екі халықтың ортасына от жағуды мақсат етпейтіндігімізді баса айтқымыз келеді. Дегенмен әлеуметтік желі беттерінде «Ялангтуш» фильмі туралы хабарды естіген бойда қарсы пікір білдіріп жатқан азаматтарға ақпарат ретінде кейбір деректерді келтіруді жөн көрдік. Анығын тарихшы ғалымдарымыз айта жатыр.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ