Жалған ақпарат абыройсыздыққа апарады
Елімізде 2015 жылы жаңа Қылмыстық Кодекс қабылданғаннан кейін, жалған хабарлама тарату қылмыс түрінде қарастырыла бастады. Бірақ, жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілік тек мұнымен шектелмейді. Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаланады. Мәселен, 174-бап бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық яки дiни алауыздықты қоздырғандар ісі қаралады. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын яки телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Бұдан бөлек, 273-бапта «терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» жайлы айтылған. Мұндай жағдайда 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, түзеу жұмыстарына немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Көбіне фейк таратқандар ісі 274-баппен қаралады. «Көрінеу жалған ақпарат тарату» дейтін бөлімінде қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін дерек үшін түзеу жұмыстарына жегіліп, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылыпты. Кей кезде бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Ал, әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте жалған ақпарат тарату екі түрлі баппен қаралып, көбіне айыппұл салумен жазалайды. Заңгер Болатбек Ержан жалған ақпараттар қоғамды елеңдетіп, дүмпу тудырмаса, қылмыстық істі болжау аса қиын екенін айтады. Ал, жалған ақпарат тарату әрекетін психологтар қалай түсіндіреді? Бұл да бір адам ішіндегі арандатушылыққа құмар дерт емес пе? Психолог Ержан Мырзабай мемлекеттік деңгейдегі жалған ақпаратты таратуда батылдық қажет екенін жеткізді.
– Көп жағдайда психотип бойынша жалған ақпаратты жеке тұлғалар немесе белгілі бір мүдделі топтар ұйымдастырып, таратады. Ал, мемлекет деңгейіндегі жалған ақпараттарға келсек, бұған тереңірек үңілу керек. Менің ойымша, мұндай жағдайда ішкі және сыртқы күштердің қатысы бар. Олардың өзге жалған ақпарат таратушыларға қарағанда ерекшелігі көп. Ең бастысы, батылдыққа ие. Ақпаратты қалай жеткізіп, қалай өңдеу жолдарын, жалпы, техника мен тәсілдерді біледі. Жаңағы ақпаратты осы сыртқы күштер таратып отырғанға ұқсайды, – дейді маман.
Иә, жалған ақпарат тарату адамға абырой алып бермейтін тірлік. Осы орайда, «өтірік өрге баспайтынын» естен шығармаған жөн. Яғни, кім қандай жағдайда ақпарат таратса да, оның түбінде ашылары сөзсіз және заң аясында қуданалары анық. Оның үстіне, әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы орасан. Ал, онда жалған ақпарат тараса, зардабын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Мәселен, жуырда ғана сабаққа барғысы келмеген астаналық жасөспірім полицейлерге өзі оқитын мектепке «мина қойылды» деп жалған хабарлама бергені есіңізде болар. Алайда, құқық қорғау қызметкерлері мектеп ғимаратын тексеру барысында жарылғыш құрылғы табылмай, қауіп сейілді. Десе де, отпен ойнағысы келген оқушының кесірінен ұстаздар қауымы абыр-сабыр күй кешіп, өзге білім алушылардың мазасы қашты.
– Әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында Төле би көшесіндегі мектептердiң бiрiнде террористік акті болатыны туралы хабарлама анықталды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Полиция департаментіне бағынысты экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасын өткізіп, нәтижесінде жалған ақпарат таратушыны анықтады. Ол сол мектептің 13 жастағы оқушысы болып шықты. Жасөспірім сабақ болмағанын қалап, осылай әзілдегенін түсіндірді. Ювеналды полиция инспекторларының және баланың ата-анасының қатысуымен жасөспіріммен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданатын болады, – делінген хабарламада.
Дәл осындай оқиға Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында да орын алды. Нәтижесінде кәсіпорынға мина қойылғаны жөнінде жалған хабар берген тұрғын екі жылға сотталған. Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің «102» пультіне белгісіз адам қоңырау шалып, жылу стансасы ғимаратына жарылыс зат қойылғаны туралы хабарлады. Бұл факті Қылмыстық Кодекстің 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша тіркелді. Оқиға орнына полиция және арнаулы қызмет мамандары барып, тексерді. Хабарлама расталмады. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол мас күйде жалған хабарлаған Сәтбаев қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты.
Полицияның мәліметінше, ер адам кінәсін мойындаған. Ол жұбайымен жанжалдасып қалғаннан кейін ішімдік ішіп, полицияға мина туралы қоңырау шалған. Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді. Сот ер адамға тағылған айып толық дәлелденді деген шешім шығарып, оны екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Осылайша, ер адам жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге міндеттелген. Тәртіп сақшылары терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін жауапкершілік туралы ескертеді.
Бірер жыл бұрын әлеуметтік желіде жұртты дүрліктірген фейк ақпарат жағамызды ұстатқаны рас. «Қазақстан Қытай құрамына кіреді» дегенді оқығанда мұның арандату екенін бірден аңғардық. Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін мұндай жалған деректі тарату кімге пайдалы болды? Осынау жалған ақпарат Instagram әлеуметтік желісінде «qazinform24» атты парақшада жарияланған. Бұл шынайы жаңалықтары жоқ сатиралық аккаунт. Профильде «аккаунт сатиралық контент пен фейк жаңалықтар жариялайды» деп алдын ала ескертілген. Әйтпесе, Қазақстандағы Қытай Халық Республикасы елшілігінің ресми сайты да, Төтенше және өкілетті елшісі де мұндай мәлімдемелер жасамаған. Демек, Қазақстан Қытайдың құрамына кірсе, еліміздің сыртқы қарызы жабылатыны туралы хабарламалар өтірік. Бұл жердегі мәселенің мәнісі – жалған ақпарат таратушылар сатиралық парақшаны дереккөз ретінде көрсетпегендігінде болып отыр. Соның кесірінен қоғамда сәл де болса дүмпу орын алды. Ал, жаңағы парақшаның авторлары өздерін кінәлағандарды әжуалап, «сатиралық, фейк ақпарат екенін алдын ала ескерттік» деп жауап қатудан әрі аспады.
Екі-үш жыл бұрын елімізде коронавирус дерті дендеп, халық әбігерге түсіп жатқанда жалған ақпараттар да жағадан алып, елдің есін шығарғаны жасырын емес. Жалған ақпарат таратушылар: «Елге жаппай чип салады екен. Сол арқылы бізді бақылап отырады және чип арқылы өздеріне бағындырып, қалаған жағына жұмсай алады» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Осылайша, пандемия кезінде жалған ақпараттар легі тіпті өршіп кетті. Әлеуметтік желілерде қаншама деректер дәлелсіз таратылды. Мәселен, «Ұшақ арқылы вирусты ауаға шашады екен. Соның салдарынан пәлен адам қырылып жатыр» деген мәтін мен ауаға қызғылт түсті зат шашып жүрген ұшақтың бейнекөрінісі тез тарап кетті. Бұл ақпаратқа қаншама адам сеніп, әлгі вирустың шығу себептерін іздеп әлекке түсті. Іле-шала еліміздің Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасап, бұл АҚШ-тағы өрт сөндіруші ұшақ екенін, елімізге ешқандай қатысы жоқтығын айтып, халықты ондай ақпараттарға сенбеуге шақырды. Ведомства өкілдері кез келген ақпаратты бірден қабылдамай, ақылға салып, сүзгіден өткізген дұрыс екенін еске салды.
ІТ саласының білікті маманы Тимур Бектұрдың айтуынша, қазіргі технология дамыған заманда кез келген ақпараттың шығу тарихы мен оны кім жазғанын анықтау оңай. «Қарапайым мысал, таралған ақпараттағы суретті көшіріп алып Google іздеу жүйесіне саласыз. Сол кезде жаңағы фотосуреттің қашан түскені, қандай оқиғаға байланысты екендігі шыға келеді. Ал, WhatsАpp тағы басқа мессенджерлер арқылы жазылып, таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады. Бұл ІТ саласынан хабары бар кез келген адам білетін тәжірибелер. Бұл бағытта құқық қорғау органдарында әлдеқайда жетілген құрылғылар мен аппараттар бар. Сол арқылы жалған ақпарат таратушыны оңай тауып алады. Сондықтан, технология қарыштап дамыған заманда ешкімнен, ештеңені жасырып қала алмайсыз. Дұрысы, қазақтың «тек жүрсең тоқ жүресің» деген нақылын ұстанып жүрген абзал әрі абыройлы әрекет», – дейді ол.
Қорыта айтқанда, ел ішінде дүрбелең туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін азаматтардың қоғамның тыныштығын қасақана бұзу ниеті бар. Демек, осы санаттағы азаматтар жазасыз қалмайды.
Ақ жол газеті