ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ
19 маусым күні TikTok әлеуметтік желісінде Астана тұрғыны Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылындағы жағдайды баяндайтын видео жариялады. Әйел ауыл тұрғындарының 3 жылдан бері алтын өндіретін фабриканың заңсыз құрылысымен күресіп, «кен өндіру кезінде улы зат қолданып, жарылыс жасайтынын айтады. Видеорепортаж барысында арна авторы жазылушыларынан басылымды таратуды сұраған. Полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, нәтижесінде оның таратқан ақпараттың дұрыс еместігі белгілі болған. Жалған ақпаратты орналастыру және тарату фактісі бойынша 45 жастағы елорда тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды. Кез келген Қазақстан азаматы осы оқиғадан сабақ алу тиіс! Себебі жалған ақпарат жарға жығуы мүмкін.
Жалған ақпарат пен халықтың бұқаралық санасын манипуляциялауға қарсы тұру уақыт талабы. Себебі жалған ақпараттар ағыны ағын судай қаптай бастады. Қазір кімге сенеріңді білмейсің. Ой мен қырдан халықтың санасын манипуляциялау үшін бәрі жасалуда. Мақсаттары елді дүрліктіру, халықтың мазасын алу. Тіпті жалған ақпарат тарату арқылы төңкерістік пиғылдағы дұшпандардың көздегені жаулық. Соғыс отын тұтандыру. Халықты билікке айдап салу. Сөйтіп тып-тыныш жатқан елді күл парша етіп, өздерінің лас саясаттарын әкелу. Жастарды еліктіру, соңдарынан ертіп өз отандарына қарсы шығуға үгіттеу. Жалған ақпарат жарға жығатын заманға кез болдық. Абайламасақ, сыртқы жаулардың жалған ақпараты бұқаралық сананы манипуляциялауға дайын тұр. Қайтпек керек? Қалай қорғанамыз? Мысалы кешегі елді дүрбелеңге салған су тасқыны кезінде 28 жалған ақпарат тараған. Мәдениет және ақпарат министрлігі осынша ақпаратты жалған деп танып, халықты шынайы ақпарат таратуға шақырды. Тіпті бұл үшін қылмыстық іс қозғалатыны туралы да айтылды. Шындыққа жанаспайтын деректер әлеуметтік желі мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тараған. Фейкті уәкілетті орталық пен жергілікті әкімдіктегілер теріске шығарады. Сондықтан, мамандар ешқашан жалған ақпараттың жетегінде кетпеуге шақырады. Нақты дерек жауапты мекемелердің ресми парақшаларында жарияланатынын еске салды.
Зерделеп қарасақ қазіргі ақпараттық технология дәуірінде біз күніне жүздеген ақпаратты қабылдайды екенбіз. Ал, солардың ішінде алыпқашпасы қайсы, ақиқаты қайсы оны дер кезінде ажырату тағы қиын. Соның салдарынан ел арасында түрлі әңгіме тарап, қоғамды дүрліктіріп жатады. «Елге жаппай чип салады екен» деген әңгіме де елді біраз дүрліктіргені есте. Айта берсек мұндай мысалдар жетерлік. Елімізде пандемия кезінде қалыптасқан төтенше жағдайдың өзінде түрлі алыпқашпа әңгімелер өрбіп, көп адамның сеніміне селкеу түсірді. Жалған ақпарат жайлы айтқанда, пандемия кезіндегі дерексіз дәйектер туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Елімізде короновирус дерті дендеп, халық әбігерге түсіп жатқанда жалған ақпараттар да жағадан алып, елдің есін шығарып кеткені жасырын емес. Соған сай, президент Қасым-Жомарт Тоқаев шілде айының басында пандемияға байланысты жасаған үндеуінде жалған ақпарат таратушыларға арнайы тоқталып өтті. «Осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды. Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе. Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады» — деген болатын мемлекет басшысы.
Сөздің шыны керек, ел президентінің алаңдайтындай-ақ жөні бар. Себебі, жалған ақпаратттар легі пандемия кезінде тіпті өршіп кетті. Мәселен, төтенше жағдай жарияланған алғашқы күндердің бірінде Whatsapp арқылы Миялыда короновирус шыққаны, енді жол жабылып, дүкендер жұмысын тоқтатыны жайлы ақпарат тарап кетті. Ол кезде ауылда бірде бір науқас тіркелмеген болатын. Кейіннен бұл ақпаратты құзырлы органдар жоққа шығарып, халықты сабырға шақырып, әрең басты. Міне, көріп отырсыздар ма, жалған ақпараттың елді қалай дүрбелеңге салатынын.
Мәселен, осыдан 3-4 жыл бұрын «КСРО заманында жасалған кір тасын миллион теңге сатып аламын. Оның құрамында өте құнды элемент бар» деген жарнама шығып, бүкіл ел дүрлікті. Сол сияқты «Ескі тоңазытқыштардың ішінде ракетаға құятын май болады екен. Қысқасы сондай тоңазытқаштарды қымбатқа сатуға болады» дейтін де қауесет шығып, жұрт жаппай қорада жатқан ескі тоңазытқаштарының шаңын сүртіп, саттыққа шығара бастады. Мұндай жарнамаларды естіген кейбір ақшасы бар адамдар ауыл-ауылды аралап, кір тасы мен тоңазытқыштарды арзан бағаға сатып алды. Кейіннен оны өткізетін жер таба алмай алданғанын біліп, сан соғып қалды.
2018 жылы «Каспий банк» банкротқа ұшырайды» деген хабарға иланған жүз мыңдаған салымшы салған депозиттерін қайтарып алды. Банк иелері мұның жалған екенін айтып шыр-пыр болса да құлақ асқан ешкім болады. Сосын амалсыздан депозиттерін қайтадан салған салымшыларға қосымша үстеме пайыз беріп, жарты тұтынушыны әрең қайтарды. Сөйтсе бұл ақпаратты таратушылар «Каспий банктың» басты бәсекелестері болып шықты. Әлеуметтік желілерлерде әншілер арқылы конкурс өткізіп, халықтың ақшасын жинап, қашып кеткен пысықайлар да жалған ақпарат таратудың арқасында қалталарын қалыңдатып алды. Ал, оған сеніп ақша салған қарапайым халық сан соғып қала берді. Демек, бұдан шығатын қорытынды кез-келген жалған ақпараттың артында белгілі бір адамның немесе топтың жеке мүддесі, бас пайдасы жатады.
Сөз соңында айтарымыз, мемлекет әркімнің ақпаратты еркін алу және тарату конституциялық құқығына кепілдік береді. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға сәйкес азаматтар қажетті ақпаратты алу үшін мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы. Өз кезегінде мемлекеттік орган қол жетімділігі шектеулі мәліметтерді қоспағанда, сұратылып жатқан мәліметтерді ұсынуға міндетті.
Мемлекеттік органдардың ресми ақпаратымен азаматтар ешқандай шектеусіз бөлісе алады. Мемлекетке, қоғамға және азаматтардың құқықтарына елеулі зиян келтіруі мүмкін көрінеу жалған, экстремистік және басқа да құқыққа қарсы ақпаратты таратуға тыйым салынады. Әрбір осындай факті бойынша Қылмыстық кодекстің 274-бабында бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауаптылық көзделген. Осы естен шығармайық, ағайын.
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК