Жалғыздық деген… (М. Жванецкий кешелі бері түрткілеп…)

 

«Жалғыздық деген — түнде өз даусыңнан өзің шошып ояну емес, дегенмен ол да жалғыздық. Жалғыздық деген — сен бір жылдан кейін үйіңе келгенде заттарың сол шашылған күйі жатқаны емес, дегенмен, бұл да жалғыздық. Жалғыздық деген — әйтеуір бір дауысты, тіршілікті сезіну үшін бір мезгілде қосылған телевизор, радио, шәйнек емес, ол да бірақ, жалғыздық. Ол тіпті достарыңның үйіндегі көже мен танысыңның жайма төсегі емес. Дегенмен оны да соған жатқызуға болар.
Нағыз жалғыздық — түнімен өз-өзіңмен сөйлесіп, нәтижесінде сені түсінбегені…» — депті ол.
Ал, ішің түтін, сыртын бүтін болып, жан-жағыңа «жақсының» маскасын киіп, төңірегіңе былшылдап, бірін күлдіріп, бірінің көңілін көтеріп, өз құсаңды өзің ғана біліп, көзіңде мұң болса да көрерменге күн көрініп, зығырданыңды әзілмен таратып, өзіңді өзің ойлап тапқан ертегімен жұбату қалыпты жағдай сияқты… соған көндік.
«Міне!» — деген жоқ. «Бәлкім» мен «Мүмкін», «Егер де»…
«Болды, көке, болды» Болған түгі жоқ.
Қарызбыз. Түгел, бәріміз.
Ақша ғана емес, мейір, пейіл, көңіл қарызбыз. Өзіңнен өзің қашып өмір сүресің. Жалғыз.
«Көппен көрген ұлы той!» — дейді… Құр сұлба көп, бір тұлға жоқ. Бүгінгі күннің «геройынсыз», кешегі күннің аңызын әлі үлгі етіп, өткенімізбен бой түзеп…
Не біреуге жұбаныш, не біреуге сағыныш емессің. Алданыш қана боларсың.
Жалғыз жақсы көресің — жексұрынсың. Жалғыз сүйесің — сүйкім жоқ. Сенен жақсы көргеніңді сезсе қашады…
«Әркім бақытты болуға тиіс» — дейді. Біреуді бақытты қылуға ұмтылсаң — бейшарасың.
Біздің өз жерімізде өзгелерден нашар тұруға көнуіміздің анықтамасы — партиотизм.
Сөзді ұқпаймыз, көзді оқымаймыз, жүректі естімейміз.
Билік күшке сенеді, ел түске сенеді. Бір біріне емес.
Бірі «жақсы өмір сүріп жатырмыз!» — дейді, екіншісі «Шынымен солай ма?!» — деп есі шығады. Жақсылыққа, жаңалыққа үрке қарайды, сенгісі келмейді.
Көшеде нерві толып жүр, аялдамада ашу, базарда кек, өшіретте өш. Бәрі іштен тынған, сенбейді. «Әу» — деп қоятын бірен-сарандар бар. Шұлғи саламыз. Ермейміз. Себебі — тағы да сенбейміз. Сондықтан тыныш. Жеке кәсіпкер, дара тұлға. Бәрі жеке. Бәрі дара. Бәрі жалғыз. Жалғыздық көп. Үн де, шаң да шықпайды.
Жалғыз жейді, жалғыз ұсталады, жалғыз сотталады. Оның жалғыз екеніне де ешкім сенбейді.
Халық пен өкімет қарсы келсе бір-бірін танымайды. Халық жеке, жалғыз. Өкімет өгей. Жалғыз…
Қойшы-ей, тоқтайын.

Асқар Наймантаев фб парақшасынан