ЖАЛҒЫЗ САРЫ ЖАПЫРАҚ

Сары күздің жазған сары хатын ап,

тұнжырайды бағы тайған атырап,

жел өтінде қу бұтаққа ілінген,

зар қағады, жалғыз сары жапырақ.

Тағдырына мойынсұнған қалтырап,

жапырақты тұр ғой әлем бақылап,

адам – сынды қимай жатқан жарықты,

сары уайым жеген сары жапырақ.

Зар қағады ол сабағында қалтырап,

мұңлы әуенге құлақ тігіп отыр бақ,

жылы жаққа кете алмаған оқ тиіп,

сары ала қаз, бәлкім – сары жапырақ.

Күз тағдырдың келерінен қапы қап,

жаз бойына әндетті ме ақымақ!

Қайық па екен бағытынан адасқан,

сары желкен таққан сары жапырақ.

Жел өтінде тұр ғой өмір қалтырап,

ажал жетсе, құлар жері – топырақ.

Болашақтан үміт үзген адамдай,

жаздан күдер үзген сары жапырақ.

Жел өтінде тұрған оның қалтырап,

ей, табиғат, арызына сал құлақ!

Сары күзге шағым айтып жатқандай,

сара тілін сарқып сары жапырақ.

Cалып өтіп нөсерімен шапалақ,

түнеріп кеп қарайды аспан шатынап,

кәрі ағашқа таққан медаль секілді

теңселеді жылтыр сары жапырақ.

Тағдырына мойынсұнған қалтырап,

жапырақты тұр ғой әлем бақылап,

адам – сынды қимай жатқан өмірді,

жел өтінде әлсіреген жапырақ. АвторыНағашыбай Қабылбек сүретімен қой астына