ЖАЛҚАУ ХАЛЫҚ БОЛМАЙДЫ, ЖЕТЕСІЗ ЖЕТЕКШІЛЕР БОЛАДЫ.

Бәз біреулердің соңғы кездері қалыптастыруға тырысқан пікірлері бойынша, біз, қазақтар, еңбекке енжар, бәсекеге қабілеттілігі төмен ұлт екенбіз-мыс…

Егер де солай болса, онда оның салдарына емес, себебіне үңіліп көрейікші.

Қазақ елі үшін тәуелсіздіктің таңының атқанына да отыз жыл толыпты. Расында да, осы отыз жылда үш жүз жылға жуық отарлық езгіде болған біз адамзат көшіне ілесе алатындай, еліне ие, еңсесі биік, елеулі халыққа айнала алмадық.
Әлі де, сол баяғы оза шапқан өзгелердің соңынан салпақтап, жүлде алуға жарамсыз тобанаяқтардың тобында қалып барамыз.

Олай болса осы отыз жылдың ішінде не себепті сынған сағымыз ұмытылып, ұлттық рухымыз көтерілмеді?

Біздің экономика мен саяси өмірдің КЕЙБІР салаларында кенжелеп қалуымыздың түп төркіні бағзы отарлау заманынан бастау алады.
Себебі отарлаушылар біздің халықты сулы-нулы жерлерімізден, құм­ды, шөл және жартылай шөлейт аймақтарға ығыс­тырып қана қоймай сауда-саттық, алыс-берісі бар қалалы жерлерден де алшақтатты.
Осындай отарлаушылардың озбыр саясаттың салдарынан біздің халық диханшылықпен, саудамен айналысу мүмкіндігінен айырылды. Қазақ жер өңдеп, одан өнім алумен айналыспағаннан кейін, коллективизация кезінде аштықтан да қырылды.
Осыған орай, айта кететін нәрсе жалпы жеріміз ұлан байтақ деп кеудемізді кергенімізбенен оның бестен бір бөлігі ғана суарылмалы егіншілікке жарамды екенін естен шығармауымыз керек.
Кейбір отандық және шетелдік тарихи дерек көздерінің мәлметтеріне сүйенсек, жоңғар шапқыншылығына дейін қазақтардың он пайызға жуығы, ал одан кейін жиырма бес пайыздайы егіншілікпен айналысқан көрінеді.
Сол шұрайлы жерлерімізге
қазақтарды жолатпау туралы орыс отарлаушылары заң қабылдады. Сөйтіп қазақтар егін егіп жүрген құнарлы жерлер, Ресейден ауып келген орыс мұжықтарына бұйырды.
Соның кесірінен біздің халық мал соңында ғана салпақтаған жайбасар, жайбірақат жұртқа айналды.
Кеңес үкіметі де қазақты аса жарылқай қойған жоқ. Патшалық Ресейден қалған статус-квоны сақтап, оны әрмен қарай жалғастырды.
Қалалы жерлерге қалың орыс пен басқа ұлт өкілдерін тартып, адам тұруға қолайсыз жерлерден колхоз, совхоздар ашып қазақты мал соңында ұстау үрдісін жалғастырды.
Бірақ та мойындауымыз керек, Кеңес Одағы тұсында ауыл шаруашылық тауарланын өндіруге, тасымалдауға, сақтауға, тұтынушыға дейін жеткізуге қажетті барлық жағдайлар жасалынды. Мемлекет тарапынан орасан көп мөлшерде ауыл шаруашылық шығындарын жабу үшін қаржылай дотация бөлініп тұрды.
Тәуелсіздік алған соң да, халқымыз үшін тарихи әділдік қалпына келтірілмеді. Бір кездері қазақтар игілігін көре алмаған егін салуға жарамды жерлер халық иелігіне қайтарылмай билік басындағылар мен ірі жер иеленуші алпауыт латифундистердің қармағына миллион гектарлап өтіп кетті.
Соның салдарынан және тәуелсіздік жылдары ауыл шаруашылығы саласында аса сауатсыз түрде жүргізілген реформалардың кесірінен агроөндірістік кешен толыққа жуық күйреді. Нәтижесінде мыңғыртып мал өсірген жұртымыз ата кәсібі мал бағу мүмкіндігінен де айырылып қалды.

Енді бұдан шығудың жалғыз жолы ауыл шаруашылығын қолға алу, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Агроөнеркәсіп кешені —
Қазақстан экономикасының негізгі және ерекше болашағы бар маңызды саласы. Басқа ел тұтынушыларын былай қойғанның өзінде, тап іргемізде бақа-шаян, құрт-қоңызға дейін талшық етіп қылғыта беретін қалың қытай отыр. Олар осы күнде экологиялық таза азық-түлік өнімдеріне мұқтаж. Осыған орай тек шикізат қана емес, толықтай және жартылай өңделген дайын өнім түрлерін шығаратын жарғылық қорында мемлекеттің елеулі үлесі бар кәсіпорындарды барынша көбейту керек. Мысалы, сүт, ет өнімдерін консервілейтін комбинаттарды әр өңірлерден көптеп ашу керек. Сондай шикізат қабылдау пункттері болғанда ғана ауыл қазағының еңбегі жанып, өндірген өнімдеріне, тек қана ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да сұраныс артады. Дәл қазіргідегідей базар төңірегін торып жүрген аляқ делдалдарға жем болмайды.
Біз өзіміздің байтақ жеріміздің табиғи мүмкіншілігін ұтымды пайдаланып, ұлтымызға тән қолымыздан нақты келетін ата кәсібімізді ауыл шаруашылығын барынша дамытуымыз керек. Сөйтіп қайткенде азық-түлікті экспорттауға қабілетті мемлекеттер қатарына қосылуымыз қажет. Бұны осы күнде тұралап тұрған ұсақ-түйек фермерлік шаруа қожалықтары жүзеге асыра алмайтындығы айдан анық.
Сондықтан, кезіндегі ірі тауар өндіруші колхоз, совхоздардың түбіне жеткендердің, енді ауылға ЕКІ СИЫР жобасын ұсынуы күлкілі жағдай. Ауылға қазынадан қомақты қаржы құйылуы қажет, интенсивті экономикаға тән озық инновациялық технологиялар кеңінен қолданылуы керек. Сонда ғана ата кәсібіміз ауыл шаруашылық саласы жанданып қана қоймайды, ол өз кезегінде экономикамыздың басқа да салаларын алға сүйрейтін локомотивке айналатын болады. Агроөнеркәсіпіміз
мультипликативті эффект берген кезде ғана басқа салалар, оның ішінде бірінші кезекте жем-шөп, астық өндіру, агрохимия, ауыл шаруашылығына қажетті техника өндіру т.б. сабақтас салалар жедел дамиды. Одан әрі біздің әзірге тісіміз батпайтындай арманға айналып тұрған биотехнология, нанотехнологияға салаларына дейін өсіп өркендейтін болады.

ҚОРЫТА АЙТАР БОЛСАМ, ҚАЗАҚ ЖАЛҚАУ ДА, БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТСІЗ ДЕ ҰЛТ ЕМЕС!

ӨЗ ЖЕРІНДЕ ТАЛАЙ ҒАСЫР ТАБАНҒА ТҮСІП ШЕТ ҚАҚПАЙ БОЛҒАН ҚАЗАҚҚА ЕҢБЕК ЕТУГЕ МЕМЛЕКЕТ БАРЫНША ЖАҒДАЙ ЖАСАУЫ ҚАЖЕТ!

Басқару жүйесінде бағы жанса қазақ халқы аз ғана уақыттың ішінде өзінің бейнетке төзімді, еңбекқор, ақылды да, алғыр халық екенін барша әлемге паш етеді.

Мұқтарбек Тұрысбекұлы