Жалқаулық — жаман ауру
Жалқаулық — тәнге рақат сыйлап, жанға жара салатын кеселді дерт. Абай атамыз жетінші қара сөзінде ішсем, жесем, ұйықтасам дегендер тәннің құмары демеп пе еді? Жалқаулықтың көксегені де сол ішсем, жесем, ұйықтасам. «Алма піс, аузыма түс» деген арам ойдың айналасы.
Жалқаулық пен еріншектік — арлылық деген асыл қасиеттен жұрдай қылатын жаман әдет. Арлы адам деген ешкімнен қол жайып ештеңені сұрамайтын, өзге біреудің көлеңкесінде өмір сүруді қаламайтын жан. Сонда бұл жалқау адамда ұяттың, намыстың болмайтындығын аңғартса, Абай атамыздың 38-ші қара сөзі де: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі — надандық, екіншісі — еріншектік, үшінші — залымдық деп білесің. Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік — бәрі осыдан шығады», — деу арқылы осыны дәлелдеп тұр. «Диқаншы нанын жейді, еріншек арын жейді» деген нақыл да дәл айтылғандай.
Жалқаулық — адам жанын аздыратын, адамдық затын тоздыратын кесапатты кеселдің бірі. Кедейліктің көктейтін мекені. Абай атамыз да бір өлеңінде: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын», — деген. Дініміз Ислам жалқаулықты құптамайды. Ондай қасиеттен аулақ болуға бұйырады. Одан да еңбек етіп, адал ас, тәтті нан жеп отырғанға не жетсін!? Еңбектің наны қашан да тәтті ғой, шіркін!
Жалқаулық — жүректің тынышын, тәннің тынысын бұзатын дерт. Дегенмен де, адам баласы тастай берік болғанымен, гүлдей нәзіктігі де бар. Адам да шаршайды. Ол үшін тынығуды қажет етеді. Бірақ белгілі бір мөлшерде ғана. Ал одан асса, жалқаулықтың құшағынан шыға алмай, еріншектіктің ермегі болып кетуі анық нәрсе.
Нұрқанат Нұрдәулетұлы