«Жалтақтап,жағымпазданғанша» – «Үкілеп үміт артқан» халқыңды ойлан!
Адамдық!, — деген қайда кеткен,
Сынамай, сөкпей сіз біз десетін?
Не күн туды? басыңызға демеңіз,
Бір бірімізді күндеп, «із кесетін!
Автор
«Алмас қылыш қынға тоқтайды — Адал жандар шынға тоқтайды», -деген қазақтың мақалы бар. Сондай-ақ, «Аларың қалса да — айтарың қалмасын», -деген бір тәмсіл сөз барды. Мен неге мұны айтып отырмын?! Күні кеше-ақ халқы үкілеп үміт артып сайлаған Парламенттегі «кейбір» депутаттарымыздың,әсіресе соңғы кездегі «Орынсыз жағымпазданатын!», «жағымсыз қылықтары» дүйім жұрттыңжүйкесін жұқартып, наразылығын тудырғаны белгілі. Бұл жағдай «Жатқан жыланның құйрығын басты»-ның кері болды деуге болады. Олай дейтінім, бұқара халық бүгінгі биліктегі кейбіреулер ойлағандай сауатсыз, мәңгүрт тобыр емес қой! Кімнің де болсын жаман мен жақсыны, ақ пен қараны айырарлықтай сауаты бар!
Парламенттің киелі мімберінен «жағымсып — жағынудың», «патшаға табынудың» «екіжүзіліктің» үлгісін көрсетушілердің алдыңғы легінен көрінгенХуаныш Сұлтанов ағамызбен,бірнеше жүздеген мың оқырманы бар Фейсбук әлеуметтік желісін жаптыруды талап еткен Бекболат Тілеухан Қанайұлы бауырларымыз,осы жағымсыз қылықтарымен халық алдында өздерінің «тірнектеп жиған» абырой беделдерін айрандай төкті деуге болады.Халықтың бұларға деген наразылығы жайлы жазылған сын пікірлерді, тек осы әлеуметтік желінің өзінен-ақ мыңдап оқуға болар еді. Бұл жайлы депутаттарымыз өздері де көріп біліп отырған болар. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, бұл жерде солардың ішінен қысқаша екі-бір ғана мысал келтіріп көрелік…
Белгілі қоғам қайраткері, профессор Амангелді Айталыұлы:
Мен Қуаныш Сұлтановты сыйлаймын да, аяймын да. Ол Дінмұхамед Қонаевты тақта отырғанда мақтап, тақтан түскенде Колбинге ұнаймын деп сынағандардың бірі! Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің VІІІ (1987ж.) пленумында іс пен сөздің алшақтығын, саяси сенімнің төмендігі, саяси тәкәпарлық, менмендік, құр мадақ биліктің беделін түсіретіндігін айта келіп, Қуаныш Сұлтанов былай деген еді: «Осы тұста менің ойыма мынадай сұрақ оралады: бірінші басшылықтың атағын аспанға көтерген кім? Көптеген белгілі басшылар, өздері Орталық комитеттің мүшелері,жылдан жылға үдете түсті, әуелі «құрметтіден» бастап, сонан соң не себепті «аса құрметтіге», одан кейін «көрнекті қайраткерге» айналдырды? Халықтың арасында қандай пікір туғызды, жастарға қандай үлгі көрсетті?». («Социалистік Қазақстан», 17март, 1987жыл.) Ал президентті жарыса мақтаған депутаттар бүгін жастарға қандай үлгі көрсетіп отыр? «Құлдардың мақтағаны ештеңені де білдірмейді» деген осы емес пе? Қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне шын бағасын береді, бірақ жарамсақтардың мақтауын халық қабылдамайды. Президент те қабылдамас деймін. Мақтау психологиялық шегінен шыққанда мадақтаған тұлғаға да жағымсыз пікір тудырады, мақтатып отыр дегендей ой қалдырады, айналып келгенде беделіне де көлеңке түсіреді. Осыдан табынусыз мәдениет болмайды, ал мәдениетсіз табыну қауіп деген сөз шыққан.Қазіргі жастар ақпараттық заманның жастары , өзімізді өзгемен салыстырып бағалайды, арзан сөздерге алданбайды. Тарихи тұлғаның беделін бағалау мен оған табынудың арасын айыра білу саяси мәдениеті бізге жетпей жатыр», — деген профессор ағамыз, бүгінгі Палмаменттегі бір ғана кейіпкеріміздің бар болмысын бағалай отырып, біздің жоғарыдағы тұлғалардың саяси мәдениетінің жетіспеушілігін «Соқырға таяқ ұстатқандай» етіп, өзінің ой пікірінде ашық жазыпты. Елдің, халықтың тағдырын шешеді деп сенім жүктеген депутаттарымыздың сиқы осы болса, бұған не деуге болады, ағайын?!Әлемдегі талай елдің парламент, сенат депутаттарының отырысын қарап отырсақ, біздегідей жаппай жалаң сөз қуып, жалтақтап — жағымсып жатқандарды көрмейміз. Керісінше, елінің, халқының тағдыры үшін, қоғамы мен жеке бастарының ар тазалығы үшін, қызыл кеңірдек болысып, жаға жыртысуға дейін барып жататынын талай көрдік! Алайда, біздің депутаттарымыздан ондай қызу іскерлікті әзірге көрдік деп айта алмаймыз. Барлығының дерлік айтатындары, тек жеңіс пен жетістігіміз ғана. Немесе, біреулеріміздің ғұмырымыз жетпейтін болашақтың қияли ертегісі! Сөз бен істің айырмашылығы жер мен көктей! Бізде депутаттарымыз қызу талқыға салып, түбегейлі біржақты шешімге келтіретін, кезек күттірмес мәселелер шаш етектен десек те болады. Бірақ, депутаттарымыз ондайға белсене барып жатқан жоқ. Отырыстарда, өздерінің кейбіреулерінің алаңсыз мүлгіп ұйықтап алатындарындай, жалаң сөздері мен халықты сендіріп алдаусыратып қойып, қоғамды да өздеріндей тыпа-тыныш мүлгітіп қойды! «Сен тимесең мен тимен», — дегендей, өздерінің жайлы орындарында отырып алып,«Мүлгіген өлі қоғамда» өмір сүру, асарын-асап жасарын жасаған кейбір депутаттарымызға ыңғайлы болғанымен, бұл ең бергісі еліміздің жаңаша серпінмен бұдан да қарқынды дамуына,күн санап ластанып бара жатқан қоғамымыздың тазаруына, халық тірлігінің бұдан да жақсарып түлеуіне кері әсерін тигізіп отырғандығы айтпаса да белгілі жағдай! Сол үшін де «Енем саған айтамын, қызым сен тыңда!», -дегендей, Қуаныш Сұлтанов ағамызға бағыттай отырып,өз ой пікірімді бұл жерде ашық айтайын!
Құрметті Қуаныш Сұлтанов аға!
Сіз сонау совет заманында Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып, кейіннен біраз жылдар дипломатиялық қызмет атқарып, 2001 жылдан бері қайтадан бірде сенат, бірде мәжіліс депутаты болып келе жатқан қазіргі депутаттарымыздың ішіндегі ең тәжірибелі адамдардың бірісіз. Халық сіздердің сіңірген ұшан-теңіз еңбектеріңізді жоққа шығармайды, әрине. Еңбектеріңізге лайықты сый-сияпаттарыңызды да алған адамсыздар. Кезінде өзіңіз «жалт беріп жағынып, тәу етіп табынған» Мемлекет және қоғам қайраткері, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың; «Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам — ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де — қара жер. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.» -дегенін, сіз бізден де жақсы білесіз! Сіз сол кемеңгер ағамыздан үлгі алмадыңыз ба?! Халық сіздерді сыйлайды, құрметтейді. Сіздер еліміздің тәуелсіздігінің нығаюына, өркендеп дамуына, гүлденіп көркеюіне зор үлес қосқан адамсыздар. Сол үшін де халық бүгінге дейін сіздердің сол еңбектеріңізді елеп,сіздерге құрметпен қарап келді. Алайда сіздер соңғы кездері,сол халықтың құрметіне лайық бола алмағандарыңыз өкінішті-ақ!
Әр нәрсенің шеті, шегі деген болмай ма?! Елбасын қолдауларыңызға ешкім де қарсы емес. Әрі, Елбасымыз қолдаушылар мен сіздер сияқты «жағымсып жақтаушылар мен жалаң мақтаушыларға» да кенде емес! Елбасымыз: «- Мені қолпаштап мақтағандарыңызды тоқтатыңыздар, мен ондай сөзге алданатын жаста емеспін!!!», -дегенді Тәуелсіздік мерекесінің жиынында да қайталап айтқаны естеріңізде шығар! Шын мәнінде бүгіндері ісі де, жасы да «Қарттар үйіне» лайық болып бара жатқан «Парламент үйі» -аттыкиелі орынды,енді бұдан әрі қорламаңыздар! Ол орын сіздердің осы қылықтарыңыз сияқты ойларыңызға келгенді қаусап, еріккеннің ермегі болдыратын орын емес! Ол — Ел тағдырын шешетін киелі орда, қасиеттіорын! Сол үшін де оған лайықты білімді жастарға өз қадірлеріңізбен орындарыңызды босатып беріп, «Бейнеттеріңіздің зейнетін көріп» немере-шөберелеріңіздің жанында алаңсыз ғұмыр кешкендеріңіз абзал болар еді! Бұл сөзім сол Парламенттегі «Асарын асап — жасарын жасаған», өзіңіз сияқты ел ағалары,бүгінде жасы 80 -ге келген Владислав Косарев, жасы 75-тен асқан Розақұл Халмұрадовтан бастап, жастары 70-тен асқан Уәлихан Бишімбаев, Төлеш Кенжин, Шалатай Мырзахметов, Қанат Саудабаев және Алдан Смайыл сынды ағаларымыздың да құлақтарына алтын сырға демекпін!!!. Сіздердің саналарыңызға сіңген Кеңес дәуірінің идеалары мен «Атақ аброй үшін жағымсып — жағынудың» үлгі өнегелері, бұдан былай бүгінгі жас мемлекетіміздің болашағы үшін, әрі жас мемлекетіміздің болашақ иегерлері жастарымыз үшін де құт әкелмесі хақ! Жаңа мемлекетке жаңаша идеамен, жаңаша көзқараспен қарап, сергек ойлап, серпінді жұмыс жасайтын жастар қажет!!! Осыны түсініңіздер, құрметті ағалар!!!
Қадірменді Бекболат Тілеухан Қанайұлы бауырым!
Мен сіз жайлы мағлұматтардан толық хабардармын десем де болады. Шынымды айтсам, халық арасында атақ абыройыңыз да, беделіңіз де өзгелерден анағұрлым биік, нағыз ұлтжанды деп танылған азаматсыз. Алай да, сол қадір қасиетіңізді, өзіңізді құрметтейтін халық алдында әп-сәтте-ақ шайып алғаныңыз, өкінішті-ақ! Сіз (05/12/2016 ) -да өткен «Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестігі және дамуы мәселелері туралы» Мәжілістегі Үкімет сағатында фейсбук желісінің Қазақстанда саяси аренаға айналып кеткеніне қынжылыс білдірдіңіз. Оны Baq.kz. –тен оқып білген бұқараның өзіңізге деген наразылығы мен қарсылығын, осы желіден өзіңіз де көріп біліп отырсыз! Сіз: «Баяғыда мінбеге шығып, сөз алу үшін, ақпарат тарату үшін дәлелденген еңбегің, қоғамда пікір айтатын беделің болуы керек еді. Баяғыда, ең болмаса пікір айту үшін 100 қойдан 101 қозы алуың керек болатын. Ал қазір ерінбеген етікші, ұялмаған әнші болатын заман туды. Шексіз майдан басталып кетті. Тізесіне ноутбугын қойып ойына келгенін жаза береді. Еліне құрметі қалған жоқ. Мұның бәрі, біріншіден, мәдениеттің жоқтығынан. Тектіліктің болмауынан деп ойлаймын. Мысалы, фейсбук АҚШ-та отбасымен балық аулауға барғандары секілді демалыстарының суретін салатын әлеуметтік желі болып саналады. Ал, бізде, Қазақстан қоғамында бұл саяси аренаға айналып отыр. Осыны ауыздықтау үшін не істеу керек деген мәселе Ақпарат министрлігінің алдында тұр», -дедіңіз! http://qamshy.kz/home/show/13243
Міне, қандай сорақылық! Осылай айтуға халықтан ұялмадыңыз ба?! Әлде сол халықты «Айтқанға көніп айдауға жүре беретін надан, мәңгүрттенген тобыр деп ойладыңыз ба?!». Кезінде марқұм Заманбек Нұрқадыл ағамыз: «Ақылды билік — наразы халықтың себебімен күреседі, Ақымақ билік — наразы халықтың өзімен күреседі!», -деген екен. Осыған қарап сіздердің деңгейлеріңізді де шамалау қиын емес-ау.. «Сақ адам сандығын бекіте алады. Есті адам тілін тия алады. Бірақ, ешкім ойын тия алмайды.», -деп Шәкарым бабамыз бекер айтпаған ғой! Жалпы елдің зиялысы да, тірегі де сіздер ғана емес қой! Сіздердің деңгейлеріңіздегі зиялылар елімізде жүздеп, мыңдап саналатынын ұмытпаңыздар! «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін — Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» -демекші, халқының қадірін біліп оны құрметтемесе, оларға пайдасы тимесе, олардың мұң-мұқтажына құлақ асып олармен санаспайтын болса, ондай депутаттардың халық үшін қажеті қанша?! Ал, мұндағы сіздің шамбайыңызға тиіп отырған әлеуметтік желідегі бірнеше мыңдаған халықтың еркін өрбіткен ой пікірлеріне келсек, ол — біздің бүгінгі қоғамымыздың шынайы бет-бейнесін айқындап, саралап-салмақтап отырған «халық» атты «әділ- таразы» екендігін сіз басқалардан да артық біліп, түсінуіңіз керек еді!!! Елімізді өркендесін, дамысын деген билік,сіздер сияқты халықты надандыққа, қараңғылыққа итермелемейді! Керісінше, олардың пікірлерімен санасып, сол халықты толғандырып жүрген мәселелерге дендеп көңіл бөлмес пе еді!.. «Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» -демекші, мынау халықтың арқасында жайлы орынға жайғасып алған соң, ойымызға келгенін істейміз десеңіздер оңбай қателесіздер! Сіздердің көздеріңіз екеу болса, халықта миллиондаған көз бар! Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы бергі ширек ғасырда, ғасырға татырлық жетістіктерге жетті десек, ол — Елбасымыздың салиқалы саясатын бір ауыздан қолдап, Елбасымыздың тірегі болған осы халықтың адал еңбектерінің, төккен маңдай телернің нәтижесі екенін ұмытпаңыздар! Қай елде болсын қоғамды құратын да, керек десеңізоны күйрететін де сол халықтың өзі екенін естен шығармаңыздар! Сөз соңында айтарым: Әйгілі ғұлама Лұқпан хакім бірде баласына былай деп өсиет айтқан екен: «Ұлым, даналық немесе хикметке жеткің келсе — жүрегіңді өлі күйге душар етпе, міскін көрсең бірге отыр, адамдарды мақтауға арналған мәжілістен қашық жүр, төмен адамдарды қадірле, құлды азат ет, ғаріпке пана бол, пақырға қолыңды соз. Осылай жасап дағдылансаң, көлденең қауіп-қатерден аман жүресің, бұл амалдар соғыссаң құралың болады, жалаңаш қалсаң шапаның болады.», -деген екен. Сондай-ақ, «Өмір атты теңіздегі басты шырағың — адамдығың. Одан айырылсаң, бағыт-бағдарыңнан айырылғаның, жолыңнан адасқаның!», -деп Әкім Ысқақ ағамыз айтқандай, адамдық деген ұлы қасиеттеріңізді жоғалтпаңыздар, ағайын!
«Кейде, бір минуттық сабырлығыңыз – сізді жүз күндік өкінуден құтқаруы мүмкін», -деген Қытай халқының нақыл сөзі барды. Сол айтқандай, сіздер сияқты елдің, халықтың тағдырына жауап беретін тұлғалар, әрбір істе қызбалыққа салынбайсабырлық танытып, «Әліптің аяғын бағып», -дегендей ойланып сөйлеудің еш артығы болмас еді! Мен сіздердің еңбектеріңізді жоққа шығарып сынап-мінейін деген ойдан аулақпын. «Тасада жатып тас атқанша» айтарымды Ақсақал ретіндеашық айтқаныма түсіністікпен қарарсыздар деп сенемін! Бұған оқырман қауым да өз ой пікірлерін ашық айтып қоса жатар деген үміттемін!
БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ
ҚР Журналистер одағының мүшесі