Жаман әдеттерден арылу қиын ба?

Бір кісі үлкен қаланың базарын аралап жүреді. Бір кезде гүлдер сатылып жатқан қатарға тап болады. Бір-екі қадам жасағаны сол екен, алуан түрлі гүлдердің көздің жауын алғаны өз алдына, олардың аңқыған жұпар иісінен кісінің басы айналып, сұлап түседі. Айналасындағылар бетіне су шашып, әтір иіскетіп көмектесіп жатқанымен, есін жимайды. Біраз уақыттан соң сол маңнан өтіп бара жатқан тері илеуші құлап жатқан адамды танып: «Мұның сырқатының сырын мен білемін. Әдемі иістер иіскетіп әуре болмаңдар. Мен қазір келемін», дейді де кетіп қалады. Сәлден соң қайта оралады. Қолында қи бар. «Бұл не істер екен?» деп барлығы қарап қалған. Кісі қолындағы қиын жерде сұлап жатқан адамның мұрнына апарғаны сол еді, ол дереу есін жиып, орнынан тұрып, әлгі кісі екеуі ол маңнан кетіп қалады. Сөйтсе, құлап қалған кісі де тері илеуші болып жұмыс істейді екен. Жылдар бойы терінің жағымсыз иісіне әбден үйреніп қалған ол, гүлдердің хош иісіне шыдай алмай, есінен танып қалады…
Иә, расында, егер адам жаман әдеттерге жақын болса, соған бойы әбден үйреніп кетеді. Мысалы, балағат сөздерді үнемі айтып жүрсе, оған оларды айтпау қиынға соғады. Шылым шегетін болса, оған біреу: «мұныңды тастасайшы, зиян ғой» десе, «қалай, жоқ, шылымсыз қалай өмір сүрем?» дейді. Сол секілді, бойында теріс қылықтары, нашар мінезі бар кейбір жандар, жан сұлулығы, көркем мінездің жұпар иісін де сезе алмайды.
P.S. Алайда, бұл жақсы мінезге, жақсы әдеттерге ұмтылмау керек, адам өзгермейді деген сөз емес. Барлығы да өз қолымызда екенін ұмытпайық. Тек «жақсы» мен «жаман», «пайдалы» мен «зиянды», «керек» пен «керек еместі» ажыратып, дұрыс жолмен жүруге ынта болса болғаны.