«ЖАМАНШЫЛЫҚ АТАУЛЫНЫҢ БӘРІ ЖОЙЫЛАР ЕДІ»

(Бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайұлының естелігінен)
– Өткен аптада ғана: «Маған келме, келсең, жарты күніңді жоғалтасың демеп пе едім!», – деді Баукең аха-ха-халай күліп. – Сұрағың болса қойғын.
– «Көпке топырақ шашпа» деген мақал туралы қандай ойдасыз?
– Сұрағың күрделі. Түсініп тыңда. Бір елде халық жынды су ішіп, жынды болып, аққуды – үйрек, торғайды – бұлбұл, бұлбұлды – көкек, жаманды – жақсы деп шулағанда, оларға патшасы:
– Сендер қателесіп жүрсіңдер. Бұл бұлай емес, мынандай, – дегенде:
– Патшамыздың ақылы алжасты. Мұны орнынан аламыз, не өлтіреміз, – дейді халық шулап.
– Иә, біз де бұлбұлды – көкек, аққуды – үйрек дейміз, – деп уәзірлері, батырлары халық жағына шығады. Жалғыз кеңесші уәзір ғана:
– Бәріміз де біліп тұрмыз. Жынды су ішкен халықтың қаншасын жөнге келтіре аламыз? Қарсы сөз айтсақ, бәрімізді қырып тастаудан тайынбайды. Біз оларды қыра алмаймыз. Себебі, олар біздің – бала-шағамыз. Ертең есін жинар. Соған дейін қатарына қосылып, халық не айтса, соны айталық, – дейді. Патша көнбей, ары-бері бұлқынады.
Ақылды уәзір:
– Несіне қарсы боласыз? Қарсыласқаннан қандай пайда табасыз? Олар ашулы, қырып жібереді. Сені тарих: «Жынды болған халқының ертең-ақ қалпына келетініне өй өресі жетпей, жөндеуге әлі келмей, патша ақымақ болып өлді. Өлгені дұрыс», – деп жазады. Халқыңызға:
– Сіздердікі жөн екен деп қатарына қосылып, жынды су тарағаннан кейін қателерін кем-кемдеп түсіндірсеңіз, халық: «Патшамыз дана екен, жынды болғанымызда біреуімізге тілі тимеді, ешқайсымыздың басымызды кеспеді. Қайта бізді қалпымызға келтірді», – дейді мақтап дегенде, патша «сенікі дұрыс екен» деп жөнге көшкен екен. Мен мұны «Аңдар тілімен жазылған» кітаптан оқыған едім. Оны сенің «көпке топырақ шашпа» деген мақал туралы сұрағың есіме салды, – деп Баукең сөзін жалғай түсті. – Ол уақытта халық дана болған. Кез келген қатыгез, қанішер патша, хан, би, батыр да халықтың көңіл күйіне, жағдайына қараған. «Көпке топырақ шашпа», «халық қаласа, хан орнынан түскен» деген мақалдар сол кезде шыққан.
Биліктегілер он жетінші ғасырдан бермен қарай бізді қаратобырға айналдыра бастады. Бір шүкір ететінім, қазір Америкада, Францияда, Италияда, қысқасы капиталистік мемлекеттерде халық бар, бізде жоқ. Халық әділетті, оған қарсы тұрма деген сөз ұмытыла бастады. Мысалы, Юсуповтың бізге жаны ашыды ма?
Егер ол қиянатқа бармаса, қартайған, сырқат шағымда өз-өзімді кінәлап, «әй, мен шамасы, өмірден Юсуповты түсінбей өттім-ау» деп өкінер едім. Оны түсінгенім – бақыттылығым…
Сендер Юсупов халқымызға қамқорлық жасаймын деді деп былшылдайсыңдар. Опасыз адам қалай қамқорлық жасайды? Жағынайын деген оймен емес, аңқаулықпен оны бір жыл бойы мақтадыңдар. Қазір керісінше, газет-журнал, телевизор, радио жарыса жамандап, сынап жатыр. Бұдан шығатын қорытынды – сендерде іргетас жоқ. Миларың, ақыл-парасаттарың, адамгершілік қасиеттерің қондырмалы күйге ұшыраған. Келешекті болжап, көре білмейсіңдер. Бұл өте қауіпті.
Өсіп келе жатқан немере, шөбере, шөпшектеріңе жандарың ашымайды. Тек «жақсы болса екен» деген тәрізді мінбеде айтылып, әбден жауыр болған жаттанды сөздерге алданып жүрсіңдер.
Сен менің бұл айтқандарымды ұйықтар алдыңда есіңе алып: «Кәрі, ауру шал ғой. Ой-пікірі орынды ма, орынсыз ба?» – деп беталды лаға бермей, ақыл таразысына салып, безбенде. Мұны өзімді мақтау үшін, немесе менен басқа ешкім білмейді деген мақсатта емес, кейбіреулердің көргенсіз ойларының деңгейін сезінгеннен кейін ескертіп айтып отырмын.
Сендер сенгішсіңдер, мінбеде ғана айтылатын жаттанды, алдамшы сөзге сенесіңдер. Тіпті мақтаншақ, көрсоқыр, арсыз, намыссыз, өзінің ұлының, қызының құл, күң болуына жол беріп қойып, аузымен орақ орып жүргендер: «Құдай адамнан шықты десе, елден бұрын: «Иә, Құдай адамнан шыққан, оның ішінде қазақтан, қазақтың ішінде біздің жүзден, біздің рудан шыққан», – деп қызыл кеңірдек боп таласасыңдар. Ойларыңның деңгейі осы.
Сенің бір адамгершілігің – шындықты мойындай алатының. Мұның – ақылдылық. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» дегенді сен «ә, осы дұрыс екен» дейсің де, көппен қай уақытта бірге болуды, қай уақытта бірге болмауды біліп, еркін қозғаласың.
Менің де қателесуім мүмкін. Айтқан сөзімнің, істеген ісімнің дұрыс-бұрыстығын көзіме шұқып айтқандарға алғысым мол. «Кінәм мынандай екен, мына жолға түсейін» дейтін заман келсе, жаманшылық атаулының бәрі жойылар еді.
©Қ.М.
Суретте: Баукеңнің қартаң тарқан кезі.
Возможно, это иллюстрация (1 человек)
31
Комментарии: 1
Поделились: 15
Нравится

Комментировать
Поделиться