ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӨРЛЕУ ЖОЛЫНДА
Тараз қаласына іргелес орналасқан Жамбыл ауданы өткен жылды табысты аяқтады. Оған аудан әкімінің жамбылдықтар алдында берген қорытынды есебі барысында көз жеткіздік. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысқан жиында аудан әкімі Сәкен Арубаев жыл ішінде атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға жан-жақты тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттерге тоқталып, ел экономикасының дамуына жамбылдықтар да өз үлестерін қосып отырғанын тілге тиек етті. Аудан басшысының айтуынша, былтыр аудан бюджеті 100 пайыз игерілген. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік саласының көрсеткіштері жылдағыдан жоғары. Сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру, білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларында да айтарлықтай оң өзгерістер бар.
– Біздің ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы. Қордаланған мәселелер шешімін тауып келеді. Өткен жылы өңіріміз облыста алғашқы орыннан көрінді. Бұл – бірлігі жарасқан аудан тұрғындарының ерен еңбегінің арқасы, – деді өңір басшысы Сәкен Қаланұлы.
Аса мен Талас өзенінің жағалауында орналасқан өңіріміз – өндірісті өркендетуге, егін мен мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ. Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың есепті баяндамасына сүйенсек, өткен жылы ауданда өнеркәсіп өнімі 18,4 млрд теңгені құрап, 0,5 пайызға артығымен орындалған. Бұл – аудандағы өнеркәсіп өнімдерін өндіретін «Амангелді газ өңдеу зауыты» мен «КнауфГипсТараз», «Super Pharm», «БиномСртойДеталь», «КазУпакТрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің нәтижелі жұмысының көрсеткіші. Негізгі капиталға салынған инвестиция 1,7 млрд теңгені құрады. Өткен жылы «Жамбыл Ет MS» ЖШС 1 млрд теңгеге мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізіп, Ирландия елінен 1000 бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелді. Биыл серіктестік мал басын арттыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар, осы жылы 47,5 млрд теңгеге 10 жобаны іске асыру жоспарлануда. Яғни, «Көкжиек 2030» ЖШС сүт фермасының, «Алель Агро» ЖШС құс фабрикасының, «Good Look» ЖШС тауарлы-сүт фермасының, «Денвер-Т» ЖШС жылыжай кешенінің, «Аса-Даму» ЖШС құс фабрикасының 4-корпусының, «КазФос» ЖШС натрид гексаметофосфатын өндіретін желісін кеңейту, «Тараз» ӘКК және «Далаагро» ЖШС жылыжай кешенінің, «Shell» ЖШС күн электр станциясының, «Тараз Мұнай Өнімдері» ЖШС сұйық газ шығаратын зауыттың, «Super pharm» ЖШС бірреттік медициналық шприцтер шығаратын 3-корпустың құрылыстарын қолға алуды жоспарлап отыр.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Яғни, 1,8 млрд теңгеге 23 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, 105 млн теңгеге 3 жобаның құжаттары қаралуда.
Өткен жылы ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 43,8 млрд теңгені құрап, жоспар 6,5 млрд теңгеге артығымен орындалды. Соның ішінде егін шаруашылығынан 27,8 млрд теңге, мал шаруашылығынан 15,8 млрд теңге түсті.
Аудан аумағында қысы-жазы көкөніс өсіретін жылыжайлар көптеп бой көтеруде. Мәселен, 7 елді мекендегі 77 жылыжайдан 400 тонна қызанақ, 1487 тонна қияр, 49,6 тонна түрлі көкөніс жиналды.
Ауданда ағынсу мәселесі де оң шешімін тауып келеді. «ПУИИД-2» және «Европалық даму банкі» арқылы 553 шақырымды құрайтын 69 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Каналдар толығымен қалпына келтірілсе, 14556 гектар алқапқа су жететін болады. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Қаракемер, Ащыбұлақ, Бесағаш елді мекендеріндегі 7 канал, аудандық бюджет есебінен Қызылқайнар ауылындағы Иманқұл каналы механикалық тазаланды.
Осы жылы егістік жерлерді суландыру мақсатында облыстық бюджеттен 3 елді мекенге, яғни, Шайқорық станциясы, Қоңыртөбе және Ащыбұлақ ауылдарына жақын орналасқан 4 дренаж каналды тазартуға 26,9 млн теңге, аудандық бюджеттен Тоғызтарау ауылдық округіне қарасты Сұлтан каналын механикалық тазалауға және Аса өзенінің арнасын бөгеуге 10,7 млн теңге бөлінді.
Ғарыштық түсіріліммен игерусіз жатқан 3327 гектар жер қорына алынып, 9696 гектар жер қайта айналымға қосылды.
Пилоттық жоба аясындағы жұмыстар да нәтижесін бере бастады. Өткен жылы Бесағаш ауылдық округіне 5 бағыт бойынша 280 құжатқа 1,0 млрд теңге бөлініп, толығымен игерілді. Жыл ішінде 1117 ауланың 155 гектар жеріне 13,3 млн теңгеге тұқым және минералды тыңайтқыштар алуға несие берілді. Жалпы түсім 2655 тоннаны құрап, 900 тонна қызанақ, 30 тонна сарымсақ, 396 тонна картоп, 1200 тонна пияз, 129 тонна жүгері жиналды. 2 жылыжай құрылысын салуға 16,8 млн теңге бөлінді. 276 аула 4760 бас мал, құс алып, 202 тонна ет, 233 тонна сүт өндірді.
Ауданда мал басының өсу динамикасы байқалуда. Ірі қара 1,5 мың басқа, қой-ешкі 3,4 мың басқа, жылқы 1,2 мың басқа, үй құстары 29,9 мыңға артты.
Өңірде 8,1 мың тонна ет өндіріліп, жоспар 10,9 тоннаға артса, сүт өндіру 39,9 мың тоннаға жетті. Өндірілген жұмыртқа 2155,5 мың данаға артып, 62,7 млн теңгені құрады. Қазір 6370 басқа арналған 13 мал бордақылау алаңы, 13 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеуде. 34,1 млн теңгеге Жасөркен ауылынан контрабандалық малды уақытша ұстайтын арнайы орын салынды.
Өткен жылы аудандағы құрылыс жұмыстары 10,7 млрд теңгеге жүргізіліп, өсім 1,8 млрд теңгені құрады. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 5 қабатты 76 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Осындай 4 үйдің құрылысы биыл қолға алынбақ.
Аудан аумағындағы автомобиль жолдарын жөндеу де күн тәртібінен түскен емес. Өткен жылы 206,4 млн теңгеге 12 ауылдың 28 ауылішілік жолдары жөнделсе, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 702,9 млн теңгеге 12 ауылдың 61 көшесі мен аудандық мәндегі бір жол күрделі жөндеуден өтті. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 98,4 млн теңгеге 5 ауылдың 8 көшесі жөнделді.
Өңірде тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Аудандағы 42 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған. Өткен жылы Жамбыл ауылдық округіндегі 5 елді мекеннің тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Қаратау ауылдарына таза ауызсу құбырын тарту жұмыстары аяқталды.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Шоқай ауылына таза ауызсу құбыры тартылуда. Құрылыс жұмысы осы жылы аяқталады. Оған 156,3 млн теңге бөлінген. Бұдан басқа, Бесағаш, Түрксіб ауылдарының құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінімдері тапсырылды. Бектөбе, Қызылшарық, Қаракемер ауылдарының құжаттары әзірленуде. 2023-2025 жылдары қалған 7 елді мекенді таза ауызсумен қамту жеңілдетілген жолмен ұйымдастырылатын болады.
Ауданда 26 ауылға газ тартылған. Қазіргі таңда 13 ауылға көгілдір отын берілу үстінде. Оған республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді. 2021 жылға қосымша 507 млн теңге қаралды. Бес елді мекенге ауылішілік газ тарту жұмыстары аяқталды. Биыл Жұма станциясы мен Көлқайнар ауылының кварталішілік газ құбыры желісінің құрылысына 84,3 млн теңге бөлінді. Ерназар, Шайдана және Өрнек ауылдарына кварталішілік газ құбыры желісінің құрылысын жүргізу үшін 655,3 млн теңгеге қаржыландыру күтілуде.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету шаралары да өз жемісін беруде. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберіндегі жұмыстар ерекше қарқын алған.
Былтыр тіркелген қылмыс саны 2019 жылмен салыстырғанда 26,6 пайызға төмендеген.
Жамбыл ауылынан 100 орындық мектеп құрылысы аяқталды. Биыл 11 орта мектептің асханасы, шатыры, ғимараттың сырты, акт залы, қазандығы және сыртқы қоршауы жөнделді. Барлық мектепке ішкі әжетханалар орнатылды. Айшабибі орта мектебіндегі үш ауысымды оқытудың алдын алу үшін 300 орындық мектеп құрылысы басталады. Шоқай ауылынан 150 орындық мектеп құрылысына тиісті құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылды.
2021 жылға Айшабибі, Амангелді, Макаренко және Жасөркен орта мектептерін күрделі жөндеу үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 359,5 млн теңге бөлініп отыр. Барлық мектепке интернет желісі, бейнебақылау камералары орнатылған. 17 мектеп робототехникамен жабдықталған.
Ауданда 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 88,5 пайызды құраса, 3-6 жас аралығындағы көрсеткіш 100 пайызға жетті.
Ал, денсаулық сақтау саласындағы 36 мекеменің 19-ы ыңғайластырылған немесе жапсарлас ғимаратта орналасқан. Соңғы екі жылда 8 ауылда медицина мекемелері жаңа ғимаратқа көшірілді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 18 кітапханада цифрландырылған ақпараттық орталық елге қызмет көрсетуде. Қаракемер ауылдық клубының және Жалпақтөбе ауылдық Мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Өрнек ауылдық Мәдениет үйі құрылысының құжаттары әзірленуде.
Биыл Аса ауылынан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында заманауи спорт кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аудан бойынша 41 шағын футбол алаңы, 21 балалар ойын алаңы мен 16 жаттығу алаңшасы бар. Өткен жылы 5 шағын футбол алаңы, 2 балалар ойын алаңы, 1 жаттығу алаңшасы орнатылып, 2 шағын футбол алаңына жасанды төсем төселді. Аса ауылындағы орталық стадион 23,7 млн теңгеге жөндеуден өткізілді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Бесжылдық ауылында футбол алаңының құрылысы жүргізілді. Аудандық бюджет есебінен Аса ауылындағы Мұратбаев көшесінен жаттығу алаңшасы мен балалар ойын алаңы, Бесағаш ауылынан балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңы, Гродеково, Қоңыртөбе, Бәйтерек ауылдарында шағын футбол алаңдары орнатылды. Өрнек және Аса ауылындағы шағын футбол алаңына жасанды төсем төселді.
Айшабибі, Гродеково, Пригородное, Жалпақтөбе, Шайқорық ауылдарынан спорт нысандарының құрылысына тиісті құжаттары әзірленуде.
Өңір басшысының есепті баяндамасынан кейін жарыссөзге шыққан аудан тұрғындары және қоғам белсенділері елге ортақ мәселелерді көтерді. Басқосуда облыс және аудан басшылары әлеуметтік желі арқылы келіп түскен сауалдарды назардан тыс қалдырған жоқ. Мәселен, қызылқайнарлық тұрғын тау бөктерінде орналасқан елді мекен тұрғындары ағынсуға қол жеткізе алмай отырғанын айтып, су жинайтын бөгет салу керектігін тілге тиек етті. Ал, осы ауылдың тағы бір тұрғыны жер телімі қашан беріледі деген сауалын жолдады. Бұл бойынша сөз алған аудан әкімі су жеткізу, бөгет салу мәселесіне қатысты жұмыстарды қолға алатынын жеткізді. «Жер телімін беру мәселесі осы жылы оң шешімін табады. Биылдың өзінде осы округтен 222 жер телімі берілетін болады», – деді Сәкен Қаланұлы.
Жиында жастар мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Атап айтсақ, облыс әкіміне Қаракемер ауылы жастарының сәлемін жеткізген қария елді мекенге заманауи спорт кешені керектігін сөз етті. Бұл жөнінде сөз алған аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлы нысанның жобалық-сметалық құжаты сараптамадан өткенін, осы жылы құрылысты қолға алып, жыл соңына дейін пайдалануға беретінін жеткізді.
Жиында қоғам белсенділері тарапынан туындаған өзекті мәселелерге де орнықты жауап берілді.
Кездесуде сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған міндеттердің орындалуы бойынша ауданда бірқатар жұмыстар жүзеге асқанын тілге тиек етіп, ауданның әлеуетін көтеру мақсатындағы жұмыстарды баса айтты. Әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған гранттарды тиімді пайдалану, мал және егін шаруашылығын өркендету мәселесіне тоқталды.
«Жамбыл ауданының өткен жылғы көрсеткіші жаман емес. Өңірде мал және егін шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Жайылым және егістік көлемін ұлғайту керек. Тұқым сапасын арттырып, тыңайтқыштарды пайдаланып, жаңа технология енгізуге баса мән берген жөн. Жаңбырлатып суару, жерасты суын тиімді пайдалану арқылы суармалы жерлерді көбейтіп, су балансын жасау керек. Ұсақ шаруашылықты біріктіріп, ірілендіру ісіне ден қою керек», – деді Бердібек Мәшбекұлы.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі