Жамбыл ауданында 15 түтіні бар ауыл ауыз суға қосылуда
Бүгін аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы тұрғындар өтінішіне сәйкес шағын елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстарының барысын көрді.
Аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Сеңгірбай ауылында 15 түтін бар. Ауыл болып қалыптасқалы тұрғындар жерқұдық арқылы сапасыз ауызсуды пайдаланып жүрген.
Жыл қорытындысы бойынша өткен кездесуде аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлына ауыл тұрғыны Ерғазы Әлжанов ауылға апаратын жол толықтай асфальттанғанын, ендігі бір мәселе — ауыз су екенін. Ауыл тіршілік нәрімен тарылып жүргенін айтқан болатын. Аудан басшысы талап орынды екенін ағымды жылы қаражат қарастырып, жұмыстарды аяқтаймыз деп уәдесін берген болатын.
Аудан басшысы ауылға арнайы барып, құрылыс жұмыстарын көрді.
Жеке блок модульдік қондырғыларын орнату арқылы ауыз сумен қамтылатын жүйе аяқталуға жақын қалды.
Жалпы, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Үсеновтың айтуынша, аудандағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауыз сумен (71,4 пайыз) немесе жалпы тұрғындардың 88,8 пайызы (76028 адам) қамтылған. 12 елді мекен ауыз сумен қамтылмай отыр.
2022 жылы 2 елді мекенде ауыз су құбырының құрылысы аяқталады (Бесағаш, Түрксіб,)
4 шағын елді мекен суды тазартудың жеке блок модульдік қондырғыларын орнату арқылы ауыз сумен қамтылады.
Олар Құмсуат, Сеңгірбай, Әулиекөл, Көлқайнар. Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 37-ге, қамтылу деңгейі 88 пайызға жетеді, — дейді ол бізбен әңгімесінде.