ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА БИЫЛ 6 ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Ерлан Қыдыралыұлы айтып берді. Оның мәліметінше, ауданда тұрғын үй кезегіне 1 445 адам тіркелген. Былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 5 қабатты 76 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көп балалы аналар 5 тұрғын үй алды. «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 4 тұрғын үйдің сертификаты табысталды.
©️©️©️
«Енді 2022-2023 жылдары 80 пәтерлі 4 үйдің құжаттамалары қаржыландыруға ұсынылды. Қосымша 2023-2024 жылдарға 2 тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Осы 6 тұрғын үй пайдалануға берілсе, кезектілік 33,5%-ға төмендеп, 480 адам баспанамен қамтылады. Сонымен қатар «Асар» жобасымен жағдайы төмен отбасыларға арнап 7 үйдің құрылысын бастадық. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде 20 маманға тұрғын үй алуға қаржы бөлінді», — деп атап өтті ол.
Спикер ауданда жер телімін алуға 11 590 адам кезекте тұрғанын да атап өтті. Былтыр 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін, су, газ тарту жұмыстары жүргізіліп, кезектілікке сәйкес барлығы 1 081 жер учаскесі берілген. Биыл Аса ауылында кезекте тұрған 811 адамға жер телімін беру үшін жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін тарту мен қиыршық тас жолы төселуде. 3 елді мекендегі кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысына жер телімін беруге жерді аудан әкімдігінің теңгеріміне алу мақсатында тиісті жұмыстар ұйымдастырылып жатыр.
Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі