Жамбыл ауданында қоғамдық көліктер пайдалануға берілді

Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты шалғай ауылдардағы тұрғындардың өтініші бойынша қоғамдық көлік мәселесі шешімін тапты.

Ауданда «Сеңгірбай-Аса», «Ерназар-Аса», «Шоқай-Аса» бағытында қатынайтын үш қоғамдық көлік пайдалануға берілді.

Ендігі кезекте Сеңгірбай, Шайдана, Ащыбұлақ, Тастөбе, Еңбек, Рахат, Ерназар, Өрнек, Жұма, Құмтиын, Шоқай, Бірлесу-Еңбек ауылдарының тұрғындары аудан орталығы Аса ауылына қоғамдық көлікпен қатынайтын болады.

— Шалғай ауылдарда тұратын тұрғындар аудан орталығына қатынау қиынға соғатынын көтеріп келген. Біз өз тарапымыздан тиісті жұмыстар жүргізіп, қоғамдық көлік мәселесін шешіп бердік. Қозғалыс кестесін бекіттік. Кестеге сәйкес, шалғай ауылдардағы тұрғындар Аса ауылына тұрақты түрде қатынай алады, – деді аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Нұрлан Несіпбеков.

Жамбыл облысы әкімдігі