ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ТУ ТҰҒЫРЫНЫҢ САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ

Наурыз мерекесі қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданында жұмыс сапарымен болып, мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзе асқан бірқатар нысанды аралады. Алдымен өңір басшысы Бесжылдық ауылының шыға берісіндегі (Батыс Еуропа – Батыс Қытай республикалық маңызы бар автожолының маңы) еліміздің көк байрағы желбіреген саябақтың ашылуында болды. Саябаққа республикалық бюджеттен 39 млн теңге жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын сәтті аяқтаған «МадГ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 15 соттық аумаққа биіктігі 23 метрге жеткен Тудың тұғыры мен алаңшасын салған. Кешқұрым саябақтың әр тұсынан жарық шамдары жанып, ауыл көркін алыстан менмұндалатып тұр.

 

Ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы мемлекетіміздің айшықты нышандарының бірі саналатын байрақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту екенін жеткізді.
– Мемлекеттік рәміздер – біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Рәміздердегі нышандар арқылы қазақстандық қоғамның әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Рәміздерге деген құрмет – азаматтардың өз елінің азаматы екендіктерін қаншалықты деңгейде түсінуінің, ел болашағына деген сенімінің және патриоттық сезімдерінің өлшемі.

 

Биылғы жылды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады. Тәуелсіздікке тарту ретінде облыс көлемінде «30 жылдыққа 30 жоба» атты ауқымды игіліктер қолға алынды. Аталған жоба аясында бүгін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында еңсе тіктеген аллеяда тұтастық пен бірліктің, ынтымақтың құдіретті белгісіне айналған Мемлекеттік Туымыз көтерілді.
Елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің алтын діңгегіне айналған қасиетті көк Туымызға арналған бұл нысанның жас ұрпақ үшін берер пайдасы ұшаң теңіз боларына кәміл сенемін, – деді.

 

Алғысын арқалаған ақсақал «Еңбек Қызыл Ту», «Барыс» орденінің иегері, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Аманалы Абдраманов, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сайлаубек Шалқаров сөз алып, өскелең ұрпақтың бабалар салған сара жолын ұлықтауға ұмтылған басшылар мен тұрғындарға риза көңіл танытып, ақ батасын берді.