Жамбыл ауданындағы жоспарлы жұмыстардың нәтижесі қаралды
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Жамбыл ауданының активімен кездесті. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы ауданда өткен жылы атқарылған жұмыс пен ауданның даму жоспары бойынша баяндама жасады.
Аудан әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 30,8 миллиард теңгені құрайтын 115 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы жобаларды іске асыру барысында 793 жұмыс орнын құру көзделген, оның 267-і ауыл шаруашылығы, 526-ы өнеркәсіп саласына тиесілі.
Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында 8 бағытта 58 жоба жоспарланған. Оның 6-ы өткен жылы іске асырылған. Бұдан бөлек, 46 жылыжай кешені салынбақ. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 2,7 пайызға, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10 пайызға артады деп күтілуде.
Ал, өнеркәсіп саласында 6 бағыт бойынша 57 жоба жүзеге асады деп межеленсе, оның 24-і өткен жылы орындалған.
Жоспар аясында бюджет қаражаты есебінен 2025 жылға дейін құны 34 миллиард теңгені құрайтын, 767 жұмыс орнын құруды көздейтін, 151 жоба іске асырылатын болады.
Нұржан Календеров бірқатар кемшіліктерді сынға алып, өткен жылы 307 миллион теңге игерусіз қалғандығын, ауданға тартылған инвестиция 34,3 пайызға төмендеп кеткенін атап өтті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары бірнеше ауылдық округтің әкімін тұрғызып, қандай жобаларды жүзеге асырғалы отырғанын сұрады. Өкінішке қарай, кейбір ауыл әкімдері нақты жауап бере алмады.
Нұржан Календеров жаңа жобаларды жүзеге асыру, жастарды жұмыспен қамту мәселесіне басымдық беру керектігін жеткізді. Сонымен қатар, «Асарлатып үй салу», «Мейірім» және «Жомарт түлек» жобалары аясында атқарылған жұмыстар да талқыланды. Жайылым, ағын су, басқа да мәселелер қаралып, бұл мәселелерді бақылауда ұстау аудан басшылығына тапсырылды.
Жиын қорытындысымен жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.
Жамбыл облысы әкімдігі