Жамбыл облыстық драма театры Астанада

Тарихы сан ғасырға жалғасып жатқан қарт Тараз – талай дарынның кіндік қаны тамып, тұсауы кесілген киелі мекен. Өнері өрге жүзген таланттарды баптаған Жамбыл өңірі қазақ мәдениетінің қайнар көзі десек, 1936 жылы 16 наурызда Б.Майлиннің «Келін мен шешей», К.Қырқымбаевтың «Келіншек» атты комедияларымен шымылдығын ашқан облыстық драма театрының құрылғанына биыл 80 жыл. Аталған өнер ордасы 11-12 мамыр күндері Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Елордасы Астанада гастрольдық сапарын өткізбек. Театр өнерінің дамуына үлес қосып, актерлық өнерді насихаттау мақсатында Жамбыл облыстық драма театры Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасын, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» қойылымдарын көрермен назарына ұсынады. Сондай-ақ, елордалық бүлдіршіндер Ә.Файзуллаұлының «Алтын адам» ертегісін тамашалай алады. Естеріңізге сала кетейік, 80 жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық драма театрының гастрольдық қойылымдары Астана Жастар театрында өтеді.

«ЕлАна»