Жастар жылына жаңа туристік жоба.
Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының қолдауымен Таразда 2 туристік автобус жолға шықты. Қоғамдық көліктерді салтанатты түрде саяхатқа аттандыру шарасы «Жастар» аллеясында өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров қатысып, сәттілік тіледі.
– Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарына бұл үлкен жеңілдік. Яғни қаланың тарихи және мәдени нысандарын көруге мүмкіндік туып отыр. Бұл жобаның ерекшелігі, біз осы маршрутта көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына, қарттарымызға бұл мәселенің қолайлы жағын қарастырып отырмыз. Алдағы уақытта бастама сәтті жүзеге асады деген ойдамын, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Облыста алғаш рет қолға алынған тың жоба Жастар жылы аясында атқарылып отыр. Халық игілігіне ұсынылған экскурсиялық автобустар 5 ай бойы ҰОС ардагерлері мен қарттар үйінің қарияларын, мектеп оқушыларын, колледж және де ЖОО студенттерін тегін тасымақ. Бірінші кезекте көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушылар қамтылмақ. Ал қала тұрғындары мен қонақтарына республикалық тарихи маңызы бар ғимараттарға кіру тарифке сәйкес ақылы болмақ.
Фото: Алтынбек Картабай