ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ МЕРКІ АУДАНЫНДА ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ҚАБЫЛДАУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ
Бүгін Меркі қант зауытының қызылша өнімдерін қабылдау пункті өз жұмысын бастады. Ала жаздай еңбек етіп, тәтті түбірін баптаған меркілік дихандар өнім жинау науқанына қызу кірісіп кетті.
Жалпы аудан бойынша биылғы жылы 1870 гектар қызылша түбірі егілген болса, меркілік дихандар 45000 тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отыр.
Бүгінгі күні қант қызылшасын қазу жұмыстарын «Сыпатай батыр», «Жылыбұлақ-Меркі» ЖШС-тері және «Дән», «Мехрали» шаруа қожалықтары бастады. Қабылдау пунктіне алғашқы болып «Сыпатай батыр» шаруашылығының қызылшасы жеткізілді. Аталған шаруашылық биыл 130 га алқапқа қызылша егіп, гектарына орташа есеппен 800 центнерден өнім алуда.
✅Сонымен қатар, Меркі қант зауыты да қызылша жинау науқанына сақадай сай. Құрылғыларын сайлаған зауыт басшылығы биыл электронды таразыны қолданысқа енгізген.
Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі