Жамбыл облысында 17 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде

2024 жыл Жамбыл облысының спорт саласы үшін табысты әрі тарихи кезеңге айналды. Өңір спортындағы толағай жетістіктер жөнінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов баяндап берді.
Биыл спорт саласын дамытуға 17,7 млрд теңге (2024 ж. — 15,8 млрд теңге) бөлінді.
Бүгінде 17 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның 14-і бюджет есебінен, ал 3-і «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан салынып жатыр.
Жоспар бойынша 2025 жылы 6 спорт нысаны қолданысқа беріледі деп күтілуде.
– 2024 жылы 13 спорт кешені мен 103 спорт алаңшасы ел игілігіне тапсырылды. Халықтың спортпен жүйелі түрде шұғылдануын арттыру мақсатында спорт нысандарының саны жыл сайын арта түсуде, – дейді Ернар Ибраимов.
Басқарма басшысының айтуынша, спорт шеберлері халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда 1 797 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 658-і — алтын, 570-і — күміс, 569-ы — қола жүлде.
Жыл қорытындысы бойынша 1 спортшы — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 8 спортшы — халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ал 84 спортшы — Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды.
Сонымен қатар 3 жаттықтырушыға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» құрметті атағы берілді.
2024 жылы Париж төрінде өткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына Жамбыл өңірінен 5 спортшы жолдама алып, дзюдошы Елдос Сметов алтыннан алқа тақты.
XVII жазғы Паралимпиада ойындарында Нұрдәулет Жұмағали паражүзуден күміс медальға ие болды.
8–13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Жамбыл облысының 17 спортшысы бақ сынап, жалпы 18 медаль (7 алтын, 7 күміс, 4 қола) жеңіп алды.
Сондай-ақ Ержет Жарлықасын грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізіп, Азия біріншілігінде топ жарып, чемпион атанды. Бұл – жамбылдық спортшылардың ересектер арасындағы Әлем чемпионатында жеңіп алған алғашқы жүлдесі.
Дзюдошы Нұрқанат Серікбаев пен еркін күрес шебері Мейіржан Әшіров әскерилер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, чемпион атанды.
Бокстан жастар арасындағы Әлем чемпионатында Асылхан Көшербай күміс, Әнел Абдрасилова қола жүлдеге қол жеткізсе, Бексұлтан Боранбек чемпион атанды. Айта кетерлігі, бұл — Жамбыл облысы жастары тарихында Әлем чемпионатынан алғаш рет алынған алтын медаль. Бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионатында Дулат Бекбауов, Диас Молжігітов күміс медаль иеленсе, Айгерім Сәттібаева қолаға ие болды.
Кәсіпқой бокс санатында Ангелина Лукас WIBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.
Бекзат Алмахан UFC тұжырымымен келісімшартқа отырып, алғашқы жекпе-жегін өткізсе, Асу Алмабаев аталған ұйымда кезекті жеңісіне ие болды.
Бокстан U22 Азия чемпионатында Елнұр Сүйінбай жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Юсуф Ашрапов грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионатының күмісін олжалап, Азия чемпионы атағын иеленді.
Асық атудан Әлем чемпионатында Ерсұлтан Ерғалиұлы жеңімпаз атанды.
Таиландтта өткен Азия-Тынық Мұхит Ойындарында ел құрамасы сапында Жамбыл облысының 16 спортшысы 7 спорт түрінен қатысып, 2 алтын, 13 күміс, 5 қола медальға қол жеткізді.
Бұдан бөлек, көкпар, қазақ күресі, еркін күрес, су добы, самбо, кикбоксинг, қол күресі, волейбол сынды спорт түрлерінен өткен ірі додаларда жамбылдық спортшылар ел мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты.
– Бұл жетістіктер – жамбылдық жампоздардың дүбірлі додаларда жарқырай көрініп, ел туын биікте желбіреткен сәттерінің бір бөлігі ғана. Спортшы тәрбиелеуде бай дәстүрі бар Әулиеата өңірінің жұлдызы биыл да жоғарыдан жарқырайтынына сеніміміз мол, – деді басқарма басшысы.

Жамбыл облысы әкімдігі