Жамбыл облысында 40 ветеринариялық пункттің құрылысы жүргізіледі

Жамбыл облысында биыл 40 ветеринариялық пункттің құрылысы жүргізіледі. Бұл туралы ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде айтты.
Жиында ветеринария саласында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы мақсат-міндеттер сараланды.
2025 жылы ветеринария саласына 4,6 млрд. теңге бөлінді.
Ауыл шаруашылығы жануарларына 16,5 млн. вакцина егу, бруцеллезге тексеру үшін 5,6 млн. қан сынамасын алу жоспарланып отыр.
Биыл 1,4 млн. бас төл бірдейлендіріледі деп күтілуде. Бүгінде 210 мың 730 бас төлдің мәліметтері ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына енгізілді.
Қазіргі таңда 14 ветеринариялық пункттің (жоспар — 40), сонымен бірге мал өлекселерін залалсыздандыруға арналған 13 биотермиялық шұңқыр (жоспар — 25) құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Өткен жылы ветеринария басқармасына қарасты ветеринариялық станция 13 млн. теңгенің ақылы қызметін көрсетті.
Ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстарына да тоқталды.
Өңір тұрғындарының өтінішіне байланысты 5 972 қаңғыбас ит ауланды.
Облыс әкімі ветеринарияға қомақты қаржы бөлінгенімен, салада әлі де кемшіліктердің бар екенін баса айтты.
— «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөз бар. Бұл салаға әлі де болса өзгеріс керек.
Ауылдық жерлерде ветеринариялық қызмет көрсету өз деңгейінде дамымай отыр.
Ұйымдастыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмегені көрініп тұр. Алдағы уақытта мал дәрігерлерінің жалақыға қатысты мәселелері қайталанбауы тиіс.
Бюджет қаржысына қарап отырмай, ақылы қызметтен түскен табыстан ішкі қажеттіліктерді қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру керек.
Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауға алу қажет, — деген облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты міндеттет жүктеді.
Атап айтқанда, мал сою алаңдарын зерделеуді күшейтуді, ветеринариялық пункттер мен биотермиялық шұңқырлардың құрылысын жеделдетуді, қаңғыбас иттерді аулау, оларды оқшаулау, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, кенеге қарсы заласыздандыру жұмыстарын мерзімінде жүргізуді, сонымен бірге жоғары білімді мал дәрігерлерінің үлесін арттыруды ескертті.
Бұдан бөлек, қолда бар инфрақұрылым нысандарын күтіп-ұстауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Басқосуда облыс әкімінің Байзақ ауданы халқымен кездесуде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалуы және өзге де мәселелер қаралды.
Жамбыл облысы әкімдігі