Жамбыл облысында 43 мыңнан астам көп балалы ана тұрады
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов «Анаға тағзым» орталығында түрлі салада өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген нәзік жанды кәсіпкерлер, қоғам белсенділері және көп балалы аналармен кездесті.
Аймақ басшысы әйелдерді мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
– Біз жыл сайын осы күні адамзатқа әсемдік сыйлайтын әйелдер қауымына ықылас-ілтипатымызды білдіріп, ақ тілек арнауға асығамыз. Өйткені, ана қуанышы, әйел қуанышы — әр үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Бүгінде аяулы аруларымыз өмірдің барлық саласында еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жетіп жүр.
Кез келген тұлға ананың ақ сүті, мейірімі мен махаббатының арқасында өсіп, қалыптасады. Бүгінде өңірімізде 43 мыңнан астам көп балалы ана болса, оның 5 мыңға жуығы «Алтын алқа» алқасының, 12 мыңға жуығы «Күміс алқа» алқасының иегері.
Меркелеріңізбен құттықтай отырып, баршаңызға шуақты күндер, бақытты сәттер тілеймін,-дей келе Нұржан Нұржігітов ізгі лебізін білдірді.
Өз кезегінде сөз алған әйелдер қауымы да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлықтарға деген ризашылығын жеткізді. Олар өз жетістіктерімен бөлісіп, жергілікті атқарушы органдардың көп балалы отбасыларға көрсетіп жатқан көмегі үшін алғыстарын айтты.
Жиынға қатысушылар ұлттық салт-дәстүрдің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі, білім мен денсаулық сақтау саласын дамыту, ұрпақтар арасындағы сабақтастық, неке мен отбасы институтын қорғау және нығайту мәселелеріне тоқталды.
Жамбыл облысы әкімдігі