Жамбыл облысында бірқатар әйел-аналар марапатталды
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филормониясының «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шарада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әйелдер қауымын мерекесімен құттықтады.
- Әйел бақыты – ана, елге тұтқа, ұрпаққа пана болу.
Бүгінде шежіресі мол, жарасымды дәстүрі жалғасқан өңірімізде 47 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Олардың 5 768-і «Алтын алқа», 11 683-і «Күміс алқа» иегері.
Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп отырған аналарымызға мемлекет тарапынан қолдау шаралары тұрақты негізде жүргізілуде.
Батыр аналарымыздың арқасында өткен жылы 23 049 бала дүние есігін ашты, – деген облыс әкімі қызметпен қатар отбасының ұйытқысы, шаңырағының шырағына айналып отырған барша жамбылдық аналарға алғысын жаударды.
Бұдан соң өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін әйел азаматтарына сый-құрмет көрсетілді.
Атап айтқанда, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры Күлжәмила Жолдасова «Парасат» орденімен, білім саласының ардагері Сара Молдашбаева, «Sapa education» балалар оқыту орталығының директоры Күнсая Әмірова, жеке кәсіпкер Рамиля Жаманақова, № 2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бокстан жаттықтырушысы Әйгерім Сәттібаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.
Сонымен бірге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты және өзге де марапаттар табысталды.
Шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Жамбыл облысы әкімдігі