Жамбыл облысында биыл 16 спорт нысаны пайдалануға беріледі
Тараз қаласында орналасқан ҚР Президент резиденциясы жергілікті әкімдікке беріліп, балаларға арналған жыл бойы жұмыс істейтін 40 орындық оқу-сауықтыру орталығына айналмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров айтты.
— Жалпыға міндетті білім беру қоры есебінен көп балалы және аз камтылған отбасылардан шыққан 48 671 баланы ыстық тамақпен, киім-кешекпен және жазғы сауықтыру лагерлерімен қамтамсыз етуге қаржы қаралған.
Мемлекет басшысының аз қамтылған отбасыдан шыққан 1-4 сыныпта оқитын 70 639 баланы және мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленетін 11 326 баланы ыстық тамақпен қамту мақсатында берген тапсырмасын орындау үшін тиісті қаржы қаралды,-деп атап өтті Нұржан Календеров.
Сондай-ақ, ол 2020-2023 жылдары 44 мыңға жуық педагогтердің жалақысы 100 пайызға, яғни 2 есеге өскенін де мәлімдеді.
— Мемлекеттік спорттық тапсырысқа 1,2 млрд. теңге бөлініп, 119 спорттық секция ашылды, онда 6 818 балаға спорттың 17 түрінен ваучер берілді. Бүгінге 23 спорт нысанының құрылысы салынуда, оның 16-сы биыл пайдалануға берілетін болады, ол үшін 3,5 млрд. теңге бөлінуде.
Нәтижесінде, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін 59 пайызға, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесін 42 пайызға жеткізу көзделуде,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Брифингте спикер ауылға жұмыс істеуге келген жастарды қолдау ерекше назарда екенін де атап өтті.
Жалпы 2022 жылы «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 291 маманға тұрғын үй сатып алуға 1,3 млрд.теңге несие берілген. Ал, аудандық бюджет есебінен 511 маманға 156,8 миллион теңге біржолғы көтерме жәрдемақысы қарастырылған.
Нұржан Календеров ағымдағы жылы 204 маманға тұрғын үй сатып алуға 1,1 млрд. теңге бюджеттік несие, 525 маманға 188,0 миллион теңгеге біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу жоспарда екенін тілге тиек етті.
Жамбыл облысы әкімдігі