Жамбыл облысында биыл 22 елді мекенге газ тартылады
Биыл Жамбыл облысындағы 22 елді мекендегі 26 485 жергілікті тұрғынды көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. Бұл туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайхановтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде басқарма басшысы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, өткен жылы ауыз сумен, жылумен, газбен қамту, тұрғын үйлерді жөндеу бағытында 145 жоба іске асырылған.
2022 жылдың қорытындысымен облыстағы 371 елді мекеннің 89,5 пайызында табиғи газ бар. Жалпы, халық саны 200-ден аз ауылдарды қоспағанда, 2027 жылы көрсеткіш 100 пайызға жететін болады. Ал ағымдағы жылы 22 елді мекенге көгілдір отынды жеткізу көзделуде.
Халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 2022 жылы 49 жобаны жүзеге асыру көзделсе, оның 13-аяқталып, 36 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі болды.
Айта кетейік, 2025 жылға дейін облыс елді мекендері 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.
Аймақта жалпы қуаттылығы 451,3 МВт құрайтын 21 нысан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіруде. Облыс жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарда екенін атап өткен жөн.
Бүгінгі таңда аймақтағы жылу энергия көздерінде жоспарға сәйкес қажетті резервтік 1 240 тонна көмір және 13 587 тонна мазут қоры жинақталған.
Биыл «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында әлеуметтік нысандардың жылыту қазандықтарын табиғи газға ауыстыру бағытында 27 жоба іске асырылмақшы.
Бұдан бөлек Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов аудандарында және Тараз қаласындағы 79 үйге күрделі жөндеу жүргізілетін болады.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарды қатаң бақылауға алып, орындалуын қамтамасыз ету үшін тиісті тапсырмалар берілді.
Жамбыл облысының әкімдігі