Жамбыл облысында былтыр көпқабатты 34 тұрғын үй пайдалануға берілді
Жамбыл облысында 2022 жылы 68 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 34-і пайдалануға берілген. Бұл туралы құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайхановтың төрағалығымен өткен кеңесте басқарма басшысы салада атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
– Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 4 208 пәтерлі 68 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 2260 пәтерлі 34 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталды, — деді басқарма басшысы.
Ерлан Орынбаевтың айтуынша, 2022 жылы құрылыс саласында 249 жобаны іске асыру көзделсе, жыл қорытындысымен 113 нысанның құрылысы аяқталып, қалған 136 нысан ағымдағы жылға өтпелі болған.
Былтыр білім саласында – 15 нысан, денсаулық сақтау саласында – 17 нысан, спорт саласында – 4 нысан, мәдениет саласында – 1 нысан пайдалануға берілген.
Аталған жобалар «Нұрлы жер», «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүзеге асуда.
Айта кетейік, өткен жылы 20 алқапта инфарақұрылым бойынша 33 жобаның құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 27 нысанның құрылысы аяқталды. Нәтижесінде, 3198 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға таратуға дайын болды.
Жиын қорытындысымен облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға құрылыс жұмыстары сапалы әрі мерзімінде тапсырылуы керектігін атап өтіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
Жамбыл облысының әкімдігі